«Almaty Invest-2016» форумына 63 мемлекеттің бизнес өкілдері келді
Бейсенбі күні Алматыдағы Ritz-Carlton қонақ үйінде «Almaty Invest-2016» ІV халықаралық инвестициялық форумы басталды. Үш күнге созылған бұл форум сәрсенбі күні Алматыдағы инвесторларды тарту және қаланың инвестициялық аухалын жақсарту жөніндегі кеңестің мәжілісінен бастау алған болатын. Форумның негізгі жиынына 63 мемлекеттен 500-ден астам бизнес саласының көшбасшылары, инвестициялық корпорациялар жетекшілері, қаржы институттары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың арасында белгілі саясаткерлер де бар.
Халықаралық жиында қала әкімі Бауыржан Байбек, Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев, UBS Asset Management стратегиялар және жаһандық нарықтар бойынша басшысы Массимилиано Кастелии мен Sanlas hoiding компаниясының негізін қалаушы Гюнтер Небель секілді сарапшылар сөз алды.
Алматыда биылғы 11 ай ішінде негізгі капиталға инвестиция тарту 1,1 миллиард АҚШ долларын құраған. Қазір оңтүстік астанада 100 елдің 14 мыңнан астам компаниясы экономиканың сан саласы бойынша жұмыс істеуде.
Қалай болғанда да, сырттағы бизнес-қауымдастықтың Қазақстанға деген сенімін жоғалтпай, инвестицияны іркілдірмеу үшін жасалып жатқан шаралар бар. Ал инвестиция тарту мәселесінде Алматының орны айрықша болып қала бермек. Жаңа Жібек жолы бойындағы экономикалық іскерлік орталығына айналған Алматыда әрбір он адамның жетеуі орта және шағын бизнесте жұмыс істейді.
Осымен төртінші рет өткізіліп отырған «Almaty Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумында Алматы қаласының әкімі «Алматы – мәдениеттің, бизнес пен жеке капиталдың қаласы. Тәуелсіздік жылдары қала бюджеті 41 миллиард долларға дейін жетті. Бұл еліміздің мұнайдан бөлек кірістерінің 1/3 бөлігін береді. Қалада шағын және орта бизнес 130 есеге өсіп, 183 мыңға жетті, оның 14 мыңы шетелдік капиталдың катысуымен жұмысын жүргізіп отыр. 25 жыл ішінде Қазақстанда өмір сүру сапасы жақсарды. Соңғы 5 жылда Алматы 2 есеге өсті. Қала халқы агломерация есебінен 3 миллионға жетті. Алматы – Ұлы Жібек жолындағы 1000 жылдық тарихы бар қала» деді.
Қала әкімі тәуелсіздік жылдары қаланың инфрақұрылым саласына 3 миллиард доллардан астам қаржы жұм-
салғанын айта келе, осы жылдарда Алматыда 28 жолайрық салынғанын, келесі жылы 4 жолайрық пен күре жолдар құрылысы жалғасатындығын мәлімдеді.
– Алматыға инвестиция тартудың тетігі – туризм саласы. Елімізге келген әрбір екінші турист Алматыға соқпай кетпейді. Алматыда жоғары сападағы 2 мың мейрамхана қонақтарды қабылдауға дайын. Алдағы уақытта Алматы халықаралық әуежайын кеңейту, машина жасау кәсіпорындарына, химиялық фармацевтикаға көңіл бөлінбек. Қаламызда инвесторлар үшін барлық жағдай жасалды. Еліміз 30 жылға дейін кедергісіз табыс табуға кепілдік береді, – деді Алматы қаласының әкімі.
Еліміздің бас банкирі Данияр Ақышев «ТМД елдерінің ішінде Қазақстан инвесторлар үшін ең тартымды нысанның бірі болып қала береді. Бұған әлемдік қаржылық нарықтағы құбылмалы жағдайға қарамастан, Қазақстандағы экономикалық тұрақтылық ықпал етіп тұр. Мұның айғағы, 2016 жылдың 6 айында елімізге келген таза инвестициялық қаржы 12,1 миллиард АҚШ долларына жетті. Мұнан бөлек, үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанында рекордтық қаржы легі тіркеліп, ол 6,4 миллиард долларға жетті. Үкімет елде жағымды инвестициялақ ахуал орнатуға жұмыс істеуде. Сондай-ақ, мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, елімізде ІЖӨ-нің өсімі байқалады. Дәл қазіргі уақытта ол 0,4 пайызды құрайды. Жыл аяқталғанша бұл көрсеткіш өсе түседі деп есептеп отырмыз», деді.
Өз кезегінде Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Қайыров Қазақстанға инвестиция салудың артықшылықтарын атай келе, «Биылғы жылдың басынан бастап, еліміздің барлық өңірінде инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты жұмыс жасайды. Жыл басынан бері 4000 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде виза алудан бастап, жұмыс күшін әкелу, жер учаскелерін алу қызметтері бар», деді
Сондай-ақ, вице-министр елімізде инвестициялық омбудсмен бар екенін айтты. Мәселен, сотқа дейін 60 мәселе инвесторлардың пайдасына шешілген.
«Егер сіз Қазақстан үшін жаңа тауар шығаратын болсаңыз, ол тауар экспортқа бағытталса, онда Үкімет құрылыс-монтаж жұмыстары және сіздің құрылғы бағасына қатысты шығынның 30 пайызын өтеуге дайын. Біз шетелдік жұмыс күшін құрылыс жұмыстары барысында Қазақстанға кіргізуге және құрылғыны іске қосқаннан кейін де бір жылға кіргізуге рұқсат береміз», деді вице-министр.
Қысқасы, ауқымды форум кезінде Индустриялық аймақ аумағында бидайды қайта өңдеу зауыты, Алматы қаласындағы оңалту орталығы, «Leroy Merlin» және «OBI» гипермаркеттері құрылысының 300 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалары бойынша шамамен 50 меморандум жасалады деп күтілуде.
Спикерлер қатарында Carrefour, Leroy Merlin, Sanlas Holding, Tokyo Rope, EuroShop, UBS Asset Management, Дүниежүзілік банк, ЭФКО және басқа да ұйымдарды қоса алғанда, қалаға инвестиция салған немесе инвестициялауды жоспарлап отырған ірі халықаралық ұйымдардың басшылары бар.
Форумда сауда және қызмет көрсету саласы, тамақ өнеркәсібі, іскерлік туризм, мемлекет-жекеменшік серіктестігі және индустриялық даму секілді негізгі 5 бағыт бойынша Алматы қаласының инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды.
Халықаралық форум жұма күні де жалғасады. 9 желтоқсандағы іс-шаралар жұмыс істейтін кәсіпорындарға, өнеркәсіптік аймақтар мен туристік нысандарға қызығушылық танытқан инвесторлар үшін инвестициялық турлар үлгісінде өтеді. Бұдан басқа, KASE қор биржасының жұмыс істеу тәсілдері бойынша семинар ұйымдастырылып, «Almaty StartUp City-2017» бағдарламасының тұсауы кесілмек. Алматылық стартапшылар үшін шеберлік дәрістері мен воркшоптар өтеді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суреттерді түсірген
Дәурен ИСАЕВ