Кеше Үкімет Үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Чехияның өнеркәсіп және сауда министрі Ян Младекпен кездесті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында елдер арасындағы алдағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың келешегі, сонымен қатар, жаңғырмалы энергетика, машина құрастыру, ауыл шаруашылығы, мәдени-білім беру саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Табысты экономикалық ынтымақтастықтың мысалы ретінде қазақстандық «Азия Авто» АҚ базасындағы «Skoda» автокөлігін құрастыру бойынша конвейерлік желі қызметін айтуға болады. 2005 жылдан бастап Қазақстанда 69 669 млн теңге сомасында 19 888 «Skoda» автокөлігі құрастырылған.
Тараптар экономиканың түрлі салаларында, соның ішінде мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс, автокөлік өнеркәсібі, туризм, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға әзір екенін білдірді.