Қысқы Универсиада басталатын шақ күн санап жақындап келеді. Дүбірлі додаға спортшылар ғана емес, алматылық дәрігерлер де қызу дайындалып жатыр. Жуырда №4 қалалық клиникалық аурухана базасында спорттық жарақаттар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету, спорт медицинасын ұйымдастыру саласында әлемдік беделі бар шетелдік әріптестердің қатысуымен практикалық оқу-семинары өтіп, қала стационарларының жұмыстарымен танысып, дайындық деңгейіне баға берді.
Бір айта кетерлігі, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы еліміз үшін аса маңызды шараға дайындықты қыркүйек айынан бастап, шаһардағы медициналық ұйымдардың мамандарын және еріктілерді ағылшын тіліне үйрету, тартылған мамандарды вакцинациялау, жедел жәрдем мен стационарлардың ТЖД бірге өзара іс-қимыл жасауы бойынша тренингтер өткізу, кептелістен болатын жол кедергілері орын алған жағдайда уақытты есептеп, спорттық нысандардан ауруханаға қанша уақытта жеткізілетінін пысықтап, жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе, уақтылы медициналық көмек көрсетудің негізгісі саналатын науқастардың жаппай түсуі кезінде стационардағы қабылдау бөлімшесінің кез келген жағдайға әзірлігі басты мәселе болып табылатындықтан, осы жұмыстарды ыңғайлау және оларға шұғыл көмек көрсетудің практикалық сабағы форматында шетелдік тәжірибені үйрену мақсатында Мюхен (Германия) Техникалық университетінің травматологиялық хирургия департаментінің директоры Питер Бибертхалер мен осы университеттің шұғыл медициналық көмек (Emergency) бөлімшесінің басшысы, доктор Карл-Джордж Кансты шақырып, дайындықтарымен таныстырды.
Тәжірибе алмасу барысында жарақат бойынша тұжырымдама жасау, жарақат кезіндегі жансақтау, клиникаға дейінгі және клиникалық триаж, ұйымдастыру және еріктілерді басқару, шұғыл көмек көрсетуде шешім қабылдау шараларының үздік халықаралық тәжірибелері қаралып, талқыланды.
Германиялық дәрігерлер Универсиадаға қаладағы бірден-бір жарақат, ортопедия саласында көш бастап отырған аурухана қабылдау бөлімшесінің науқастарды қабылдау мен оларға шұғыл әрі сапалы дәрігерлік көмек көрсетуге дайын екендіктерін атап өтті. Әсіресе, шетелдік мамандарды Қазақстанда тұңғыш рет аталмыш аурухананың қабылдау бөлімшесінде Emergency room әлемдік стандартқа сәйкес медициналық көмек көрсету жобасы іске асырылғаны таңғалдырды. Осы жобаны енгізу арқылы қабылдау бөлімшесінің жұмысы қайта құрылып, ұйымдастырылған. Әлемдік стандартта бұрыннан бар бұл әдістің ерекшелігі – хирург, трамватолог сынды бірнеше мамандар бірден пациенттің алдынан шығып, қандай көмек керек екенін 5-7 минуттың ішінде анықтайды. Түрлі жарақатпен түскен адам бұрынғыдай әр кабинетке бір бас сұғып, кезегін күтіп тұрмайды. Яғни, көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, сапасын арттыру мақсатында «бір терезе» ережелеріне ұқсас «мультитәртіптік қарау» және «пациенттерді бригадалық емдеу» әдістері қолданылады. Неміс ғалымдарына жаққан жаңалық, ол – мультитәртіптік қарау әдісі. Бұл әдістің ерекшелігі дәрігерлер бұрынғыдай ұзақ уақыт қағазға шұқиып, пациент туралы тарих толтырып отырмайды. Қажетті ақпараттардың барлығы электронды түрде жүзеге асырылады.
– Медициналық қызметкерлердің жарақат алған науқастардың жаппай түсуін модельдеу және іс-әрекет жасаумен практикалық сабақтар өткізу аса маңызды болып табылады, бұл дағдылар мамандарды даярлау және нақты штаттан тыс жағдайлар болған кезде өз пайдасын тигізетініне сенемін, – деп атап өтті Питер Бибертхалер. – Меніңше, 2017 жылы өтетін Универсиада ойындарына сіздердің дәрігерлеріңіз дайын және оған көмектесетін техникалық мүмкіндіктердің барлығы қарастырылған. Сондықтан, біз көрген ұйымдастыру жұмыстарына, дәрігерлердің кәсіби деңгейіне жоғары баға береміз.
Семинарға қосымша клиниканың бас дәрігері М.Т.Сейдумановтың жетекшілігімен алманиялық қонақтарға аурухана бойынша экскурсия ұйымдастырылды және де ота жасау залдары мен аурухананың жабдықталуы көрсетілді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ