• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2016

«Шеврон» қолөнер шеберлерін қолдайды

275 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде қолөнер және Қазақстан экономикасын әртараптандырудың әлеуетін арттыруға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел, Қазақстан қолөнер шеберлері одағының төрайымы Айжан Бекқұлова, «Шеврон» компаниясының өкілі Айнұр Сыдықова, «Коалиция «жасыл экономика» және G-Global»-ды дамыту үшін» ЗТБ төрайымы Салтанат Рахымбекова қатысты. Мунхтуя Алтангерел ханымның айтуынша, қолөнер саласын насихаттау және шеберлердің мүмкіндіктерін арттыру, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. –БҰҰ Даму бағдарламасы қолөнер кәсібін көптеген жылдар ішінде қолдап келеді. Дегенмен, нағыз жүйелі жұмыс шамасымен үш жыл бұрын Бірлескен өңірлік даму бағдарламаларының аясында Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында басталды. Сонымен қатар, біз бүкіл елдің шеберлерін қолдауға міндеттіміз деп санаймыз. Біз 200 астам қолөнер шеберлерін қамтып, оларға Қазақстанда және шетелде гранттар мен арнайы тренингтерді ұсынамыз және олардың бұйымдарын шығармашылық жәрмеңкелерде сатылуына ықпал етеміз. Біз қолдаған кем дегенде 30 қолөнер шеберлері Экспо-2017 аясындағы шараларға қатыспақ. Барлық қоғам мүшелерін қолөнер шеберлерін қолдауға шақырамыз, өйткені Қазақстанда осы әдемілік және мәдени маңыздылығы бойынша ғажайып саланың әлеуеті әлі мүлде жүзеге асырылмаған. Мәселен, Индияда кәсіпшілік саласы жұмыс орындарының 20 пайызға жуық көлемін қамтиды. Оның айтарлықтай бөлігі – ауылдық жерлерде, ал Иранда қолөнер шеберлері ЖІӨ 3 пайыз қамтамасыз етеді, - деп мәлімдеді Мунхтуя Алтангерел. Ал «Шеврон» компаниясының өкілі Айнұр Сыдықованың айтуынша,  америкалық компания елімізге 1993 жылы келіп, жас тәуелсіз мемлекетке сенім және қолдау білдірген алғашқы ірі батыс инвесторы болды. –Бүгінгі күні «Шеврон» Қазақстанда энергоресурстарды өндіруде емес, жергілікті қолөнер шеберлерін қолдау мақсатында да тығыз байланыс жасап келеді. 2006 жылдан бастап еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 1000-нан астам шебер бизнес-жоспарлау, маркетинг, ұйымдастыру және кәсіби даму бойынша тренингтерден өтті. 2009 жылдан бастап біз  «Шебер» шеберлік байқауын өткіземіз, – деді ол. Баспасөз мәслихатына қатысушылар, сондай-ақ, 17-18 желтоқсан күндері «Керуен» сауда ойын-сауық орталығында «Шебер-Керуен» фестивалі өтетіні туралы хабарлады. Фестиваль аясында Қазақстанның 70 үздік қолөнер шеберлерінің, оның ішінде мүгедек шеберлердің бұйымдары жәрмеңкеге шығарылып, «Шебер-2016» 8-ші республикалық шеберлер байқауы жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі, этно-стиль бағытында сән дизайнерлерінің көрсетілімдері, тегін шеберлік сабақтар және басқа да мәдени шаралар ұйымдастырылады. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».