• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2016

Қостанай облысында домбырашылар флэшмоб өткізді

153 рет
көрсетілді

Қостанайдағы «Март» ойын-сауық орталығында Облыстық мәдениет, Жастар саясаты басқармаларының және қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы «25 жұлдызды күн» акциясы аясында Құманғазының «Сарыарқа» күйін бір мезгілде орындаған домбырашылар флэшмобы өтті. Сағат күндізгі 12.00-де бұл флэшмоб облыс аудандарында мен қалаларында бірдей басталды. Оған барлығы 300 домбырашы қатысты. «Мен облыстық балалар шығармашылығы үйінде домбыра үйірмесіне қатысамын. Флэшмобқа бірінші рет қатыстым. Біз алдын ала «Сарыарқа» күйін тартып, жаттыққан болатынбыз, жақсы ойнадық. Ойын-суық сауда үйіне келген жұртшылықтың барлығы бізге қызықтай қарап, күй тыңдап кетті» дейді флэшмобқа қатысқан Бекзат Жәуке. «Өз шаруаммен сауда үйіне келген едім, «Сарыарқа» күйінің ойналып жатқанын көріп, жақындап, тыңдадым. Маған ұнады, рухыңды көтереді. Ұлы даладағы бабалар мінген тұлпарлар дүбірін естігендей әсерлендім», деді Қостанай қаласының тұрғыны Нұрбол Әбдіғали. Флэшмобтың мақсаты халықтық музыканы насихаттаумен бірге, Тәуелсіздік рухын күй арқылы жеткізу еді. Облыстық мәдениет басқармасының  қызметкері Ирина Шатконың айтуынша, облыс қалалары мен аудандарының барлығында домбырашылар флэшмобы сағат 12.00-де бірдей басталды. Домбырашылар саны 300-ден асып жығылуы да мүмкін. Флэшмоб барлық жерлерде адамдар жүретін қоғамдық орындарда өтті. Мысалы, ол  Арқалық қаласында -- педагогика колледжінде, Қарасуда—сауда орталығында, Қарабалықта автовокзалда тұрғындар домбырашылардың орындауында «Сарыарқаны» тыңдады. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан».