• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2016

Чемпиондармен бірге жаттықты

259 рет
көрсетілді

«Астана» Президенттік кәсіптік спорт клубының «Физкульт-ура» әлеуметтік жобасы аясында олимпиялық ойындар чемпиондары мен белгілі спортшылар облыс қалалары мен аудандарындағы мектептерде болып, оқушылармен кездесіп, денешынықтыру сабағын өткізген болатын. Рио-де-Жанейро олимпиа­да­сының күміс жүлдегері Василий Левит туған жеріндегі өзі оқыған №1 Дмитров мектебіне келді. Мектеп оқушылары мен ұстаздары оны зор қуанышпен күтіп алды. Туған жердің әуені – домбырадан күй төгіліп тұрды. Василиймен бірге оның өскен ауылына грек-рим күресінен 1996 жылғы Атланта олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко де келді. Айта кететіні, Василийдің анасы Татьяна Борисовна Левит ұлы оқыған мектепті көп жылдан бері басқарып келеді. Мектептегі салтанатты кез­десуде аудан әкімінің орынбасары Мұрат Сандыбаев чемпиондар Василий Левит пен Юрий Мельниченконы спорттағы жетіс­тіктерімен құттықтады. Чем­­­пион­дар оқушыларды дене­шынық­тырумен айналысуға, спорт­ты жанына серік етуге ша­қыр­ды. – Спорт адамды шынықтырып, денсаулығының мықты болуына әсер етіп қана қоймайды, ол жастарды еңбекқорлыққа, адал­дыққа тәрбиелейді. Спортты жақсы көрген бала шымыр, күшті болады. Ал күшті адамдар өтірік айтпайды, айналасына құрметпен қарайды және Отанының патриоты болады, – деді Василий Левит оқушылармен кездесуінде. Балалар спортшыға: «Олимпиада чемпионы болу оңай ма?» деген сұрақ қойды. – Ылғи еңбектеніп, жігермен, табандылықпен жұмыс істесең, тек спортта ғана емес, өмірде көптеген жеңістерге жетуге болады, – деді Василий. – Сені айналаңдағы жақын адамдарың, отбасың, жанкүйер­лерің қолдағанда, үлкен спорттағы қиындықтарды жеңіп, биік белес­терді бағындыруға болады. Бірақ еңбекқорлық пен спортқа деген ынта-ықылас қазірден басталуы тиіс, – деп толықтырды әріптесінің сөзін Юрий Мельниченко. Ауыл балалары спорт­шы­лардың әңгімесін зейін сала тың­дады. Василий мен Юрий оқушыларға қолтаңба беріп, олар­дың қалауын­ша суретке түскен­нен кейін, спорт залға өтіп, 8-сыныпқа денешы­нықтырудан ашық сабақ өткізді. Оқушылар спортшылар көрсеткен барлық жаттығуларды орындады. Айт­пақшы, мұндай кездесулерді Қостанай қаласындағы мектептерде бокстан Лондон және Рио-де-Жанейро олимпиадаларының қола жүлдегері Иван Дычко да өткізді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы, Федоров ауданы Суретті түсірген Мәриям Оразбаева