• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2016

«Адырна» алашына жол тартты

397 рет
көрсетілді

Бұл – Ақтөбе өңірінде шығатын бірден-бір республикалық әдеби –көркем, көпшілік журнал. Об­лыстық әкімдікте осы «Адырна» рес­публикалық әдеби-көркем, көп­шілік журналының тұсаукесері өтті. Оған журналистер, әде­­биет­сүйер қауым қатысты. Басы­лы­м­­­ның бас редакторы ақын, көсем­­сөзші Мейірхан Ақдәулет­ұлы журналдың ұстанған бағыт-бағ­дары, алдағы шығармашылық жұмыстары туралы әңгімеледі. Ол жаңа журналдың тұсаукесері Алматыда Қазақстан Жазушы­лар одағында да өткенін, одақ бас­шы­лары мен шығармашылық қауымның жылы қарсы алғанын тілге тиек ете келіп, журналды қазақ әдебиетінің дамуына серпін бере­тін басылым жасауға талап­танып жатқанын атап өтті. – Осындай бір әдемі журнал шығаруды 2012 жылдан ойлап жүр едім. Соның сәті биыл түсті. Бұл бастамамыз облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тарапынан қолдау тапты. Өңір басшысының қолдауымен осындай журнал дүниеге келді. Алғашқы саны үсті­міздегі жылғы қараша айында жарық көрді. Қазір екінші саны да дайындалды, баспаханадан келесі аптада шығады. «Қазпошта»АҚ арқылы жазылдыруды ойласты­рып жатырмыз. Журналды еліміз­­дің барлық өңірлеріне тарату көз­делуде. Мұнда ең үздік туын­дыларды жариялаймыз деген үмітіміз бар, – дейді Мейірхан Ақдәулетұлы. Журнал Ақтөбедегі «А-По­лиграфия» ЖШС баспаха­насын­да басылып, шығарылады. Әзірге 2 мың данамен шығуда. Құрыл­тайшысы «IDEA ltd» ЖШС болып табылады. Журналдың тұсаукесерінде сөз алған «Қазақстан РТРК» Ақтөбе облыстық телекомпаниясының директоры Раукен Отыншин ақын Мейірхан Ақдәулетұлының кезінде «Алтын орда» газетін Ақтөбеде және Атырауда шығарып, рес­публикалық деңгейдегі басылымға айналдырғанын, бұл журналды да оқырмандардың көңілінен шығатындай деңгейге көтеруге шығармашылық ізденісі жететінін атап өтті. Сонымен Ақтөбеде «Адырна» республикалық әдеби-көркем, көпшілік журналы алашына жол тартты. Жаңа басылымның қазақ әдебиетіне қосар үлесі, оқыр­мандарын ойлы шығар­ма­лар­мен сусындатудағы қадамы құтты бол­сын дейміз біз де. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ Суретті түсірген Хайреден РАУШАНОВ