Жайлы өмір сүру
бақытына әр қазақстандықтың қол жеткізер кезі алыс емес
Елбасының халыққа арнаған Жолдауларында адами әлеуетті дамытуға ерекше мән беріліп, 2020 жылға дейінгі стратегиялық іс-қимыл жоспарына басты басымдық ретінде енгізілді. Осынау негізгі капиталды экономикалық өсу факторы емес, оны ілгерілету түсінігі ретінде қалыптастыруға үлкен назар аударылды. Оның ішінде негізгі күш-жігерді өмір сапасын арттыру жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыра отырып, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымды жаңғырту, қолжетімді тұрғын үй алу тетіктерін одан әрі жетілдіру саясатын іске асыру қағидаттары белгіленді. Осыған орай елімізде негізгі әлеуметтік мәселелерді кешенді түрде қамтитын бағдарламалар нақты талаптармен орайластырылып, біліктілікпен шешіліп келеді. Жайлы өмір сүру сапасы сандық көрсеткіштермен ғана емес, адам үшін ең қажетті – басыңда баспанаңның, үйде су мен жарықтың, жылу мен байланыстың болуымен, сапалы коммуналдық қызметтерді пайдалану факторларымен де өлшенері анық. Бұлардың ішінде баспаналы болу бақытын әркім бірінші кезекке қояды десек, артық айтқандық емес. Осы тұрғыдан сөз қозғайтын болсақ, соңғы жылдары халықтың әлсіз топтары үшін әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жетілдіріліп, нығая түскенін аңғарамыз. Оның белгілі стандарттары енгізіліп, қолдау ауқымын ұлғайтудың үлгілері қалыптасты. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында атап өтілгендей, серпінді экономикалық өсім көптеген жылдар бойы белсенді әлеуметтік саясат жүргізіп, адамдардың өмір сапасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. Барлық дағдарыстардың теріс ықпалына байланысты экономикамыз тап болған қиындықтарға қарамастан республика тұрғындарының әл-ауқаты жақсара түсті. Елбасы мемлекеттік және салалық барлық бағдарламалардың орындалуына өңірлерді дамытудың басымдыққа ие міндеттерін шешу мен үйлестіру талабын қойды. Осы орайда «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың қоян-қолтық жұмыс істеу тәжірибелері үлгі етуге тұрарлық. Былтыр екі тараптың бірлесе күш біріктіруінің арқасында облыста 12, 9 мың шаршы метрді құрайтын 145 пәтер пайдалануға берілген болатын. Біз жайлы баспана қызығын көріп отырған Саят Зағыпаровамен сөйлескен едік. Ол 2007 жылы салымшы ретінде тіркеліп, арнайы есепшот ашқан. Қажетті қаражаттың тиісті мөлшерін жинағаннан кейін жалпы тәртіп негізінде конкурсқа қатысқан. Арнайы комиссия оның төлем қабілеттігін растап, не керек, бір бөлмелі пәтерге қол жеткізгенде қуанышы қойнына сыймаған. Негізгі қарыздың жартысын құйдым. Алты жылдың ішінде қолжетімділікпен өтейтініме сенімдімін, дейді зейнет жасынан асса да, өзін ширақ сезінетін салымшы. Шолпан Шарипова да жеңілдікті бағдарлама арқылы екі бөлмелі жайлы пәтер алған. Әсел Қармандаева да – солардың бірі. Қай-қайсысы болсын тұрғындар үшін Үкімет тарапынан көрсетілген қолдауларға риза. Бүгінде облыс бойынша 14 мыңдай адам баспана кезегінде тұр. Тұрғын үй мәселесі қанша өзекті саналса да, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы оңалып келе жатқанын аңғару қиын емес. Күрмеуі қиын саланың проблемасы ойлантса керек, қала құрылысы кеңесінің жақында өткен отырысында аймақ басшысы Е. Сұлтанов Петропавл шаһары үшін бас жоспарға өзгертулер енгізу жобасын қолдап, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Үлкен маңызға ие бас жоспар қала құрылысының егжей-тегжейлі жоспарлануының, сәулет құрылыстары композициясының, абаттандырылуының, көлік және инженерлік байланыс, көгалдандырылуының негізі саналса, тұрғын үй салу жайына айрықша назар аударылды. Алдағы уақыттарда қала тұрғындарының саны 400 мыңға жететіні, сол себепті шағын аудандарды тиімді орналастыру, адамдардың жайлылығы мен өмірлерінің қауіпсіздігі мәселелері барынша ескерілді.Қолжетімді баспана алу
құқығын иеленушілерге жасалатын жеңілдіктер аз емес
Жуырда «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында петропавлдық 220 салымшыға су жаңа пәтерлердің кілттері табыс етілді. «Береке» шағын ауданы жас шаңырақтардың шаттығына, сәбилердің күлкісіне толды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айжан Медеуова қатысып, қуаныштан жүздері бал-бұл жанған үлкен-кішіге жылы лебіздерін арнады. – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында 55, 75 және 90 пәтерлі үш үй қолданысқа беріліп отыр. Әр адам үшін жайлы баспана – тұрақтылықтың, берекенің кепілі. Президент халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жайын назардан тыс қалдырған емес. Облыста тұрғын үй құрылысын салу жайы қарқынды дамып келеді. Былтыр барлық қаржыландыру көздері есебінен 140,4 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылса, биыл өсім 20 пайыз болып, 170 мың шаршы метрге жетіп отыр. Бұл салаға ұлттық қордан 6 миллиард, жергілікті қазынадан 802 миллион теңге бөлінді. Тұңғыш Президент күні 198 пәтер өз қоныстанушыларына есіктерін айқара ашты. Бұдан бөлек Жуков көшесінде екі 79 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. «Жас Өркен» шағын ауданында 100 пәтерлік тұрғын үй тұрғызуға, жеке тұрғын үйлер үшін «Солнечный» кентінен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, «Береке-2» шағын ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге жобалау-сметалық құжаттар әзірленді. Банк басшысының орынбасары А.Медеуова да жиналғандарды ұлық мерекемен құттықтап, отбасылық табыс тіледі. Оның айтуынша, 2016-2017 жылдары өңірде жалпы аумағы 69,3 мың шаршы метрді құрайтын 823 пәтерлік 10 үй салу көзделсе, үш үй пайдалануға берілген. Қалған 603 пәтер – келесі жылдың еншісінде. Облыстағы 24 мың салымшы 10 миллиард теңге қаражатын банкке сеніп тапсырған. Бүгінге дейін 2700 салымшы тұрғын үйлерін жақсартқан. Баспананың бір шаршы метрі – 125 мың теңге. Салымшыларға әлеуметтік баспананы тұрғын үй, аралық және алдын ала заем түрлері бойынша сатып алу мүмкіндіктері қарастырылған. Несиенің жылдық мөлшерлемесі 3,5-5 пайыз аралығында. Заем тұрғын үй құнының кемі 30 пайызы жиналған жағдайда беріледі. Мұның бәрі жас мемлекетімізді самғау биіктерге бастап келе жатқан Елбасымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. Көптен бері пәтер қиыншылығын тартып келген отбасылардың арман-тілегі орындалып, мәре-сәре болысты. Солардың бірі – Петропавл қаласындағы № 23 мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып істейтін Рауан Серікұлын үлкен толқу үстінде жолықтырдық. Пәтер кезегінде 12 жыл сарыла тұрыпты. Ақыры «Нұрлы жол» бағдарламасына қатысуды жөн көріпті. Зайыбы екеуі салымшы ретінде кіріп, енді, міне, 3 бөлмелі пәтер алып, көңілдері шат. – Есіл ауданының Мектеп деген ауылында тұрамыз. Ұлық мейрам алдында баспаналы болу мүмкіндігін тудырған Елбасымызға алғысымыз шексіз, – дейді Рауанның әкесі Серік ақсақал. Пәтер алғандардың дені – жастар. Жүздері жарқын. Үш бөлмелі пәтердің кілтін алған Гүлнәр Бейсенова да өзін өте бақытты сезінеді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жоламан Бәкішевтің айтуынша, мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға мұқтаждар есебіне 12646 адам тіркелген. Олардың біреуі – Ұлы Отан соғысының ардагері, 65-і – басқа мемлекеттер аумағында соғыс әрекеттеріне қатысушылар, 1506-ы – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, 4531 – Ұлы Отан соғысына теңестірілген тұлғалар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, ауыр сырқатқа ұшырағандар, көпбалалы отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, 6407-і – мемлекеттік, бюджеттік қызметшілер, тағысын тағылар. Жалпы кезекте тұрғандарды мемлекеттік тұрғын үй қоры арқылы қамтамасыз ету еш мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Бұған жеңілдігі бар санаттағыларды қоссақ, үй алу машақатының күрделене түсері анық. ЖАО кезегіндегілер арасында жаңа бағытпен «2020 жылдарға дейін аумақтарды дамыту», «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-тың тұрғын үй» бағдарламалары жүргізілгенімен, шарттағы талаптарға 1938 өтініш қана сәйкес келген. Жұртшылықтың үлкен үміті – «2015-2019 жылдарды қамтитын «Нұрлы жол» бағдарламасында! Бұл жобаны іске асыруға салынған несиелік тұрғын үйдің 50 пайызы ЖАО кезегіндегілер арасында болса, қалған 50 пайызы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшылар арасында бөлінеді. Құжаттар АҚ-та реттеліп, содан кейін салымшылар тапсырылған пәтерлердің меншік иесі болып қалатындықтан, әңгімеге банктің облыстық филиалының төрайымы Райхан Әбдірахманованы тартқан едік. Біздің сұрағымызға Райхан Тілекқызы былай жауап берді: – Екінші деңгейлі банктерден несие алуға кез келген адамның шамасы жете бермейді. Сол себепті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі төлем жүйесінің жеңілдетілген жолдарын ұсынып отыр. Оның басты мақсаты – үй-жайға болмаса жер телімдеріне қажетті қаражатты жинауға мүмкіндік жасау. Тек есепшоттағы қаражат мөлшері пәтердің жарты құнын құрауы тиіс. Қажетті қаражат 8,5 жылда жиналса, 4 пайыздық, 15 жылда толықтырылса, 3,5 пайыздық жылдық өсіммен беріледі. Міне, осындай артықшылықтар көп. Балалары, немерелері үшін арнайы есепшот ашып, қаржы жинақтап жатқан ата-аналар аз емес. Мәселен, ай сайын 15 мың теңгеден құйып отырса, 18 жыл ішінде қанша қаражат түсетінін есептей беріңіз. Жылдық салымның 20 пайызы мөлшерінде үкіметтік сыйақы және қосылып отырады. Демек, өте тиімді деген сөз. Ұлттық қордан 603 пәтер тұрғызуға 3 миллиард 399 миллион теңге бөлінді. Жалпы аумағы 48,5 мың шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарымен «Севимсталькон», «Основание», «Стройкомпания» сияқты сенімді мердігерлік ұйымдар айналысады. Бүгінгі күні 4 үйдің қабырғалары өріліп, 3 үйдің іргетасы қалануда. Жыл өткен сайын жеңілдікті әлеуметтік бағдарламаға қатысушылардың саны артып келеді. Салыстыру үшін айта кетейін. 2011 жылы 2454 келісімшарт жасалса, былтыр 7017-ні құрады. Биыл 3 миллиард 824 миллион теңгенің несиесі үлестірілді. Бүгінгі күні «Өз үйім» бағдарламасына ірі құрылыс ұйымдарын тарту мақсатында келіссөздер жүргізіліп, коттедж қалашығын және 9 қабатты 2 үй салуға уағдаласылды. Филиалда 35 қоғамдық кеңесші, 5 кеңес беру пункті жұмыс істейді. Риэлторлік компаниялармен де тығыз қарым-қатынастамыз. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет тарапынан ұсынылып отырған бағдарламаның ойдағыдай орындалуы бәрімізді қанаттандырады. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан айрықша қолдау көрсетіліп отырғанын баса айтқым келеді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» ПЕТРОПАВЛ Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ