Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің еңбектерін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы Атырауға сапары барысында байырғы мұнай компаниясының үш өкілін мемлекеттік наградалармен марапаттады.
– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында облыс пен еліміздің игілігі үшін еңбек етіп жатқан жандарды атап өткім келеді, – деді марапаттарды табыстаған Елбасы.
Марапатқа «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев, «Доссормұнайгаз» МГӨБ мұнай және газ өндіру жөніндегі операторы Жақсыгерей Құбашев, «Доссормұнайгаз» МГӨБ қабат қысымын ұстау шебері Қарлыға Алтыналиева ие болды.
Мұнай-газ саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін компания басшысының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев «Құрмет» орденімен марапатталды. Геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Құрманғазы Есқазиев мұнай саласында 30 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Еңбек жолын Балықшы барлау бұрғылау басқармасында ұңғыманы цементтеу жөніндегі операторлықтан бастап, содан кейін геолог болып жалғастырды. Арада бес жыл өткен соң Атырау ұңғымаларды күрделі жөндеу және мұнай қабаттарының өнімділігін арттыру басқармасының бас геологы болып тағайындалды. Әр жылдары «Ембімұнайгаз» ААҚ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ құрылымдарында басшы лауазымдарын атқарды. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры, «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасының қызметін атқаратын бас директордың бірінші орынбасары.
Қ.Есқазиевтың жаңа технологияларды енгізу және өндіріс тиімділігін арттыру бойынша мол тәжірибесі бар. Оның басшылық етуімен компанияда 2015 жылы жаңа жобалар: УАЗ кенішінде «Интеллектуалды кен орны», дуалды оқыту жүйесін енгізу жөніндегі қанатқақты жоба ойдағыдай жүзеге асты. Құрманғазы Орынғазыұлы Қазақстан кен орындары, оның ішінде Теңіз, Жетібай, Жаңажол, Қаламқас, Исатай және басқа кеніштер бойынша геологиялық-техникалық талдау жасау жөнінде дүние жүзінің ірі мұнай-газ компанияларымен жасалған келіссөздерге белсене қатысты. Айта кету керек, Қашаған кеніші бойынша да еңбегі зор.
Ол сонымен қатар, Қазақстан Республикасы жер қойнауын құрметті барлаушысы, Атырау облысының құрметті азаматы атанды.
Мемлекетіміз сондай-ақ, «Доссормұнайгаз» МГӨБ мұнай және газ өндіру жөніндегі операторы Жақсыгерей Құбашевтың еңбегін жоғары бағалап, 3-дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапаттады. Ж.Құбашев мұнай саласында 40 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын 1973 жылы «Доссорнефть» МГӨБ мұнай өндіру жөніндегі операторы болып бастаған. 1977 жылдан күні бүгінге дейін Қарсақ кенішінде мұнай және газ өндіру цехында оператор болып еңбек етеді.
ЕМГ тарихында осынау ауыр да қиын жұмыста әріптес ер адамдармен бәсекеге түскен мұнайшы әйелдер де аз емес. Осындай еңбегі үшін Қарлыға Алтыналиева 3-дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Ол мұнай саласына 34 жылын арнаған. 1977 жылы «Доссорнефть» МГӨБ-ке өлшеуші болып орналасты. 1980 жылдан бастап аудандық инженерлік-технологиялық қызметте ұңғымаларды зерттеу бойынша оператор, ұңғымаларды зерттеу операторы, «Доссорнефть» МГӨБ қабат қысымын ұстаушы оператор, «Доссормұнайгаз» МГӨБ қабаттық қысымды ұстау шебері болып еңбек етуде. Атқарған еңбегі үшін ол құрмет грамоталарымен және төсбелгілермен марапатталды.
Бұдан көп жыл бұрын басты корпоративтік құндылық – адам ресурстары деп мәлімдеген «Ембімұнайгаз» компаниясы өзінің дұрыс бағытты таңдағанына көз жеткізді. ЕМГ-дегі майталман мамандар алған марапат – бұл мұнай өндіру тарихында аңызға айналған бүкіл ұжымның марапаты.
Әлия ИМАШЕВА