• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2016

Тәуелсіздік құрдастары – әскери қызмет озаттары

699 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемдегі дамушы мемлекеттердің қатарынан көре алдық. Тәуелсіздігіміздің арқасында өткен жылы ұлан-байтақ даламызға Керей мен Жәнібек туын тігіп, негізін қалаған Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассам­блея­сы мен Конституциямыз­дың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жыл­ды­ғын кең көлемде тойладық. «Тәуелсіздік – хал­­қымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күрес тарихының нәтижесі», – деп Елбасымыз айтқандай, оңай келген жоқ. Тұғырлы көк байрағы­мыз­ды енді аспанда жел­біретіп ұстау – келе­шегі кемел, білімді ұрпақ­тары­мыздың еншісінде. Ата-бабаларымыз аңсаған тәуел­сіздік Елбасымыздың «Мәң­гілік Ел» ұлттық идеясымен сабақтасады. Осы орайда, 25 жыл бұ­рын әлем картасында Қа­­зақ­стан деп аталатын жаңа мемлекет пайда бол­ды, ал бір ай ішінде Ел­ба­сы­ның Жарлығымен ал­ғаш­­қы бо­лып Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының Ішкі әскерлері құ­рыл­ды, ал қазіргі кездегі Ұлт­тық ұлан әскері. Бұл уа­қыт ішінде тәуелсіздікпен тұс­па-тұс дүниеге келген қазақ­стандықтардың жа­ңа буы­ны өсіп жетілді. Олар­дың кейбірі Отан игілігі үшін қызмет атқару ісін таң­дады. Бүгінгі таңда Орал ш­аһа­рында орналасқан №5517 әскери бөлімінде де Отан алдындағы әскери борыштарын абыроймен ат­қарып жүрген мақтауға лайық­ты 1991 жылдың жауын­гер­лері баршылық. Олардың біршамасы бала кезінен әскери киім киюді және өз тәуелсіз елінің қор­ғау­шылары болуды арман­даған кадрлық әскери қыз­метшілер болып табылады. Бұл ретте осы әскери бөлімде озат қызмет етіп жүрген бірнеше тәуелсіздік құрдасымен жолығып, сөзге тартқан едік. 2-ші арнайы жедел мақ­саттағы батальон­ның рота командирі, аға лейтенант Төлеби Берікбаев: – Мен – өмірге тәуел­сіз­­дік­тің ақ таңымен бірге келгенімді мақтаныш етіп, соғ­ан сай азамат болуды ар­­ман­дап жүрген жас­пын. Өмір­ге 1991 жылы Оңтүс­тік Қазақстан облысының Мақ­таарал ауданындағы Қызылту ауылында кел­дім. Бала кезімде әскери фильм­дерді жақсы көретін­мін және әскерилер жайлы атам­­ның әңгімелерін ұйып тың­дай­тынмын. Әскери киім киюді, Отанымды қор­ғауды, қасиетті борышымды өтеуді қаладым. Сондықтан мектепті бітірісімен, Петро­павл қаласындағы Ұлттық ұланның әскери институтына түстім. Оны 2014 жылы аяқтап, сол жылы Оралға келіп алдымен взвод, сосын рота тізгінін қолға алдым. Қазір біз сияқты жастар­ға да үлкен жауапкер­шілік жүктеліп отыр. Еліміздің осы кезге дейін қол жеткіз­ген табыстарын баянды етіп, аға буын­ның ерлік пен ең­­бек дәстүрін сақтау – бас­ты мақ­сатымыз. Әзірге, сол сыналар сәттерден ойда­ғы­дай өтіп келе жатқан сияқ­­тымын. Үш жыл бойы озат жас сардарлардың қатары­нан көрініп жүрмін. Өз басым еліміздің осы тәуел­сіздік жылдарын­да қол жеткізген табыстары­на сүйсінемін. Әрине, аға ұр­пақ бастаған тарихи жол­ды жалғастыратын да бү­гін­гі жастар екенін тү­сі­не­­міз. Тарих үшін азған­тай уа­қытта, яғни 25 жылда елі­міз өткен жолдың өт­ке­­лек­ті болғаны да рас. Алай­­­­­да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы бір күр­де­лі кезең­­де елдің еңсе­сін тік­­тей­тін­дей ауқымды жұмыстарға ұйытқы болды. Егемен елі­мізді әлем мойындайтын­дай айбынды мемлекетке айналдырды. Материалдық-техника­лық рота коман­дирінің тәр­бие және әлеуметтіқ-құ­қық­­­т­ық жұмыстар жөнін­дегі орын­басары, лейтенант Нұржан Елібаев: – Тәуелсіздік. Еркін­дік. Азаттық. Егемендік. Неткен киелі ұғымдар?! Алай­да, бұл еркіндікке қол жеткізу жолында талай-талай боздақтар қанын берді. Олар арман еткен бақытты кезді біз көзімізбен көрдік, дархан даланың төсінде асыр салып ойнадық, еш уайымсыз ұйықтап, арайлап атар таңдарда ояндық. «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» деп Қасым Аманжолов айтпақшы, иә, біз шексіз бақыттымыз. Сондықтан, тәуел­сіз­діктің құрдасы екенімді ойлағанда, көкірегімді бір әдемі сезім әлдилейді. Ол жеке қуаны­шымның ту­ған еліңнің тарихи өмірін­дегі айрықша сәтпен тұспа-тұс келуіне деген ризашы­лық­тың әсері дер едім. 2014 жылы Петропавл қа­ла­сындағы Ұлттық ұлан­­­ның әскери институ­тын ой­дағыдай тәмамдап, Орал­дағы 5517 әскери бө­лі­мін­де материалдық-тех­­ни­­ка­лық рота коман­дирі­нің тәрбие және әлеу­мет­тіқ-құ­қықтық жұмыстар жө­­нін­дегі орынбасарының қыз­метін адал атқарудамын. Жауын­герлік қыз­метін өзіме өте ұнайды. Маған сенім артқан коман­дирлерімнің үмітін ақтауға тырысамын. Бүкіл еліміз сияқты біздің Ұлттық ұлан әскерлері де Тәуелсіздік мерекесін табыспен қарсы алуға жұмылуда. Мұның барлығы Пре­­­зи­­дент Нұрсұлтан Назарбаев­­тың көсемді­гі мен көре­ген­ді­гі­нің нәти­жесі, еліміздегі ұлт­тар мен ұлыс­тардың өз­ара тіл табысуы мен дос­ты­ғының айға­ғы болса керек. Тәуел­­сіздігі­міздің ғұмыры ұзақ, тұғыры берік болсын. Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын. Тәуелсіз­дік жылдары алған еліміздің бедел-биігі асқақ­тай бер­сін. Біз тәуелсіздіктің құр­дас­тары осы бағытт­ағы қайна­ған өмірдің қақ ортасында жүруге әзірміз. 1-атқыштар ротасы­­ның взвод командирі, аға лей­те­нант Дәурен Махам­бетов: – 1991 жылдың 16 жел­­тоқ­­саны – барша қазақ­­стан­­дық­тардың ең бақыт­ты, аң­саған арманына жеткен күні, тәуелсіздіктің та­ңы атқан күн. Мен осы жылы дүние есі­гін аштым. Тәуелсіздіктің төл құрдасымын. Мен өзімді егемен елде, тәуелсіздіктің таңы арай­лап ат­қан бақытты Қазақ­станда туғаныма шек­сіз қуанамын. Міне, содан бері 25 жыл зырғып өте шықты. Азат­тықтың арқасында біз ба­қыт­ты балалық шақта өсіп, алаңсыз арнайы әскери бі­лім алып, шаттыққа толы курсанттық өмірді көріп, қазір еш уайымсыз ашық аспан астында берекелі де мерекелі ғұмыр кешудеміз. Ата-бабамыз арман еткен «ағаштан бал», «шөптен сүт» ағылып жатқан за­ман­ның құрдасымыз, еге­мен­діктің биігінде самғаған еркіндіктің құсымыз. Осы­ның бәрі ата-бабаның қанымен, ақ білектің күші­мен, ақ найзаның ұшымен кел­­ді. Сондықтан да біз олар­­­дың алдында мәңгілік қарыздармыз. Елбасымыз «Болашақ – жастардың қолында» деп жиі айтады, бізге үлкен сенім артады. Сол кемел келешекті жасайтындар – «Тәуелсіздік құрдастары». Жастар саясатын жүзеге асыруда барлық жағдай жасалуда. Осы жылдары мен көп­теген жетістіктерге қол жет­­кіздім. Петро­павл қа­ла­сындағы Қазақстан Рес­пуб­­­л­и­касының Ұлт­тық ұлан­ның әскери инс­ти­ту­тын 2013 жылы ойда­ғы­­дай аяқтап, қазіргі таң­да Орал шаһа­рындағы 5517 әскери бөлімінде 1-ат­қыш­тар ро­та­сынының взвод ко­мандирі кызметін атқа­рудамын. Әскери қызметкер болып, Отан қорғау бала күнгі арманым еді. Қазіргі кезде сол арманым орында­лып, егемен еліміздегі Ұлт­тық ұланның қатары ны­ғайып, айбыны артуына өз үлесімді қосып, келемін. 1-атқыштар рота­сының бөлімше коман­дирі, кіші сержант Әмір Нұрманов: – Қазақ елі егемендігін паш етіп, тәуел­сіздік таңы атқанда менің дүние есі­гін ашқа­ным пешенеме жазылған бақытты күн­нің бірі деп білемін. Тәуелсіз­діктің құрдасы бол­ғаным­ды мақ­тан тұтамын. Бал тілім шығып, аяғымды апыл-тапыл басқан күннен бастап Тәуелсіздікпен бірге өсіп келемін. Содан бері 25 жыл тарих пара­ғына қатталды. Ата-анам да егемендіктің елең-алаңында дү­ниеге келген тұңғышта­ры­ның қуаны­­шы ел тәуелсіздігімен тұспа-тұс келгенін жақсылық­қа жорығандарын үнемі айтып отырады. Сондықтан да менің тәрбиеме айрықша қарапты. Алғашқыда орыс тілінің артық­шылығын сезін­ген ата-анам мені Орал қаласындағы орыс мек­тебіне берді. Кейін қазақы салт-дәстүрден қол үзбесін, ана тілін білсін деген болуы керек, қазақ мектебіне ауыстырды. Бүгінде Тәуел­сіздіктің 25 жылдығы мерекесінің табалдырығында тұрып, осындай бірлігі мықты елде туғанымызға қуанамыз. Еге­мен еліміз­дің ертеңіне қыз­мет етуді мақтаныш тұта­­мыз. Туған жердің өр­кен­­д­еуіне үлес қосуды әске­ри пер­зенттік парызым деп есеп­теймін. Міне, осылайша тәуелсіз­дік жылдары Қазақ­стан армиясы күрмеуі қиын жолды еңсерді. Осы жылдар ішінде жоғары кәсіби, ұтқыр, заманауи қару-жарақпен жабдықталған қазақстандық Қарулы Күштердің жаңа бейнесі қалыптасты. Қазақ­стан еліміздің мүддесіне толыққанды жауап беретін кәсіби армияны құрып, жаңа Әскери доктрина қабыл­дады. Сөз жоқ, мұның бәрі Тәуелсіздігіміздің арқасы екені анық. Ерболат СҰЛТАНОВ, подполковник ОРАЛ