• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2016

Жас өнертапқыштар марапатталды

426 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясы өнертапқыш жастар арасында өткізген республикалық «NURINTECH» инновациялық жобалар байқауының қорытындысын жариялады. Соған байланысты кеше партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жеңімпаздарды марапаттады. Аталған байқауды Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл «Нұр Отан» партиясы жариялаған болатын. Оның басты мақсаты – жастардың ғылым мен білімге және инновацияға деген қызығушылықтарын арттыру. Ал «NURINTECH» байқауы 5 аталым бойынша өткізілді. Олар: «әлеуметтік маңызы бар инновация», «техностарт», «үздік жас ғалым», «жас­тар инновациялық жобасы» және «перспектива». Әр аталымда үздік үштіктер анықталды. Сондай-ақ, байқау барысында белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар тағайындалғанын атап өткен жөн. Жалпы, еліміздің әр түкпірінен байқауға қатысуға ниет білдірген мыңға жуық өтініш келіп түскен. Олар негізінен жасыл энергетика, химия, биология, өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, медицина, робот техникасын жасау, көлік және IT-индустрия саласындағы инновациялық жобалар. Солардың арасынан шешуші кезеңге, яғни финалға бүгінде сұранысқа ие, экономикалық жағынан тиімді және мейлінше жетілдірілген 30 жоба іріктелініп алынды. Жеңімпаздарды анықтау үшін арнайы тәуелсіз комиссия құрылды. Оның құрамында белгілі отандық ғалымдар, қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары, мемлекеттік орган және бизнес-қоғамдастық өкілдері болды. Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсіміндегі сөзінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары инновацияға салынған 1 доллардың кейін еселеп қайтатынына ерекше назар аударды. «Жуырда ғана біз президенттік Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының кезекті белесіне куә болдық. Елбасы бір мезетте 23 жаңа ауқымды өндіріс ошағын іске қосты. Олардың баламасы Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл мега-жобасы қазірдің өзінде елімізде мыңнан астам ірі кәсіпорынның ашылуына мүмкіндік берді. Олардың жалпы құны 4,5 трлн теңгеден астам қаражатты құрайды. 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Сол себепті де Мемлекет басшысы индустрияландыру Қазақстанның ең басты міндеті екенін үнемі айтып жүреді. Сондықтан да партия көшбасшысы «NURINTECH» байқауын жариялаған болатын. Енді жас ғалымдар мен өнертапқыштар Президентіміздің инновацияны дамытуға бағытталған саясатының басты қолдаушылары болуы тиіс», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Байқау қорытындысы бойынша 20 қатысушы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Нәтижесінде Гран-при мен бас жүлде – 2 млн теңгені қарағандылық жас ғалым, алғашқы отандық дронды құрастырушы Нұржан Есмағамбет еншіледі. Сонымен қатар, 1-орын иегеріне – 1 млн, 2-орынға – 500 000, ал 3-орын алған қатысушыға 250 000 теңге сыйақы берілді. Бұдан бөлек, «перспектива» аталымы бойынша жеңімпаз атанған қатысушыға Қазақстанның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірінде оқуға мүмкіндік беретін білім гранты қарастырылған. Сондай-ақ, 2-ші және 3-ші орын алған жас ғалымдарға ноутбук, планшет сияқты бағалы сыйлықтар табыс етілді. Марапаттау рәсімінен соң, байқау жеңім­паз­дарының біреуін әңгімеге тартқан едік. «Өскемен су арнасы» мемлекеттік мекемесінің инженер-лаборанты, «NURINTECH» республикалық инновациялық жобалар байқауының «Ең үздік жас ғалым» аталымы бойынша 1-ші орын иегері Айгүл Сәдуақасова: «Ғылым саласында жүрген жас мамандар үшін «Нұр Отан» партиясы өткізіп отырған «NURINTECH» байқауының маңызы зор. Мен өз жобамда фосфор, кремний сынды бұрын қолданылмаған қолжетімді әрі арзан материалдардың көмегімен өндіріс қалдықтарынан уранды тиімді айыру мүмкіндігін зерттедім. Қазақстанға бұл тәсілді металлургия саласында жемісті қолдануға болады. Мінеки, осы жобам арқылы бүгін жеңіске жетіп отырмын. Бұл бағасы маған артылған жауапкершілік деп білемін. Жеңіп алған жүлдемді ғылыми жұмысымды одан әрі жетілдіруге жұмсаймын. Отандық жас өнертапқыштарға осындай зор мүмкіндік туғызған Елбасына және «Нұр Отан» партиясына ерекше алғысымды білдіремін», – деді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»