• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

«Мұзбалақ» келесі жылы аяқталады

191 рет
көрсетілді

...Ерте ерте ертеде айдаһарға айналып келе жатқан әбжылан оянып кетіп, жер бетіне шығып, маңайын жалмап, үлкен апат, үрей туғызады. Ауылдарды отқа орап, қарсы келгенді қақыратып келе жатқанда, бір қыран бүркіт балапанын қорғап, онымен айқасып, ақыры әбжылан қайта жер астына құлап, жоқ болады. Ал қыран отқа оранған ұядан балапанын алып, алысқа ұшып кетеді. Адам жұтып дәніккен әбжылан Күн тұтылып, өзінің айдаһарға айналар сәтін асыға күтеді. Ал бұл айдаһарды жеңе алатын тек баяғы балапан – Мұзбалақ қана. Бұл күндері Ш.Айманов атын­дағы «Қазақфильм» АҚ өткен жылы өндіріске жіберген «Мұз­балақ» толық­метражды анима­циялық фильмінің түсірілім жұмыс­тары жал­ғастыруда. Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы режис­серлік жасап жатқан «Мұз­балақтың» экранға шығуы қазақ муль­тип­ли­ка­циясының 50 жыл­ды­ғына сәйкес, 2017 жылдың күзінде аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, «Қазақфильм» ки­но­студиясының негізінде жа­сал­ған «Анимациялық кино» шы­ғар­машылық-өндірістік бір­­лес­тігінде өн­діріске жібер­гелі отыр­ған «Күлтегін» толық­ме­траж­ды мультфильмінің дайындық жұ­мыстары басталды. Ұлттық студияның «Ани­ма­ция­лық кино» шығар­машылық-өндірістік бір­лестігі 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Осы аралықта 36 қыс­қа­метражды ани­мациялық фильм (жылына орта есеппен 6 фильмнен), сондай-ақ, қазақ анимациясы тарихында тұңғыш рет 3D форматында «Ер Төстік және Айдаһар» толықметражды анимациялық фильмі түсірілді. Өткен жылы Ш.Айманов атын­дағы «Қазақфильм» киностудиясы «Қазақстан – біз­дің ортақ ша­ңы­рағымыз» атты анимациялық фильм топта­ма­сының тұсауын кесті. Бұл түрлі ха­лықтардың ең қызық әңгі­ме­лерін топтастырған әрқилы ертегілердің бірегей жинағы болып табылады. Аталған анимациялық топтаманың Қазақстан халқы Ассам­блеясының 20 жылдығына арналған кіріспе бөлімі еліміздің тарихы мен мәдениеті жайында, сондай-ақ, бейбітшілік пен келісім жағдайында 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар өмір сүріп жатқан қазіргі тәуелсіз Қазақстан жайлы баяндайды. Қалған сегіз фильм халық ертегілерінің желісі бойынша жасалған. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ