• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Көл үстіндегі бір түн

359 рет
көрсетілді

Тарбағатайдың қарашада келетін қара суығы кейбір өңірдің қаһарлы қысын да жолда қалдырады. Әсіресе, ауданның ырысы болып отырған Зайсан көлінің маңындағы ауыл­дар суықты ерте сезінеді. ...Демалыс күні болатын. Әкем көлден күндегісінен ерте келді. Жел тұрып, толқын күшейіп кеткеннен кейін қатерге бас тіккенді жөн көрмепті. Кешкі асқа енді отырғалы жатқанымызда, оның ұялы телефоны шырылдады. Сол кезде барып әкеміздің кенже бауыры Таланттың көлден жағаға шықпағаны туралы естідік. Бірден Төлеухан атам мен Жәния апамның үйіне жиналдық. Бүкіл ауылдың азаматтары көл жағалап кетті. Түні бойы алаңдап, ұйқы көрмей, хабарласып қалар деп, телефонға үңілумен болдық. Таң ағараңдай бастады. Әлі еш хабар жоқ. Жанымызды шүберекке түйіп, ағамның амандығын тілеуден басқа қолымыздан ештеңе келмеді. «Көп тілеуі – көл» деген, ағам аман қалды. Бәрі орнына келіп, Талант ағам оңалғаннан кейін басынан өткен оқиғаны  айтып берді. – Сағат 4-тен кейін ау қарап болып, жағаға шығуға ыңғайланған кезде моторым от алмай қалды да, соны күтіп тұрғандай, алай-дүлей жел басталды. Толқын күшейе түсті. Үйдің бойындай толқын үстімнен айналып өткендей болса, келесісі қайықты көміп кетіп жатты. Қайыққа құйылған суды қолымдағы ыдыспен төге бердім, төге бердім. Көзім үйренгендікі ме, түн ортасы болса да айналам жарық сияқты көрінеді. Суды төгіп отырып: «Мені үйде тосып отырған әке-шешем бар, туыстарым бар, достарым бар. Қайтсе де аман қалуым керек», деп өзімді қайрай түстім. Асау толқындармен таңғы 4-ке дейін арпалыстым. Қайығым тік көтеріліп, қайтадан орнына келгенде, кірген су жып-жылы сияқты көрінеді. Сол кезде рахаттанып, тәтті ұйқыға кетіп бара жатқандай күй кешемін. Марқұм апамның «Талант! Талант!» – деген дауысы құлағыма келеді де, есімді бір сәт жиғандай боламын. Аман қалуға әрекет жасап, жанталаса бастаймын. Жағаға таяп қалған болуым керек, адамды көтеретіндей мұзға тап болдым. Соның үстіне шығып, жағаға қарай беттедім. Алыстан атты кісіні көріп, айғайлап едім, естімеді. Біраз жерде тұрған қыстауды көзім шалды. Біресе еңбектеп, біресе тізерлеп жүріп, әйтеуір, жеттім-ау. Үйге кіргенде, көзіме бірден орыс апа түсті. Одан әрі есімнен танып қалыппын. Ол кісі менің су киімдерімді шешіп, орап-қымтап төсекке жатқызып қойыпты. Қанша ұйықтағаным белгісіз, дабырлаған дауыстардан ояндым. Мені іздеп келген Қанат ағам мен жиен ағам Дулат екен. Артынан білгенімдей, Ақтүбектен аққан бетте 40 шақырым ығып, Тассайдан әрі 20 шақырым тұстағы «Еркінбектің шүмегі» деген жерде жағаға шығыппын. Егер Наташа апа алдымнан шықпағанда, аман қалуым екіталай екен, – дейді ағам. Асау аттың құлағында ойнап, көкпар тартып, спорттың бірнеше түрін серік еткені де ағамның аман қалуына септігін тигізгені анық. Шорға ауылының жұрты түні бойы тілеуін тілесе, азаматтары күні-түні көз ілмей іздеуде жүрді. Бұл ауыл адамдарының ынтымағы жарасқан қауым екендігін көрсетті. Айтпақшы, ағам Талант – Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Еліміз егемендік алған жылы дүние есігін ашқаны да бекер емес-ау деп ойлаймын. Осыған орай ағамды және оның құрдастарын – Тәуелсіздік құрдастарын ұлы мерекелерімен құттықтағым келеді.Тәуелсіздіктің жігерлі де, жүректі азаматтары көп болсын! Ләззат ҚАНАТҚЫЗЫ, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Шорға елді мекені