Әсіреоңшылдық қаупі сейілді
Өткен жексенбіде Австрияда бірінші және екінші турының арасы жеті айға созылған президенттік сайлауда әсіреоңшылдар өкілі Норберт Хофер жеңіліс тауып, Жасылдар партиясының бұрынғы көсемі, профессор Александр Ван дер Беллен жеңіске жетті. Ел халқы еңсе басқандай бір ауыртпалықтан құтылып, еркін демалғандай болған. Еуропаның қақ ортасына орналасқан шағын елде әсіреұлтшылдар өкілі жеңіске жете қалған күнде де нацизм идеясы жүзеге асып, басқаларға қатер төндіре қоймас. Бірақ сол әсіреұлтшылдықтың қасіретін бастан кешкен австриялықтар ғана емес, жалпы еуропалықтардың да біршамасын шошытқан. Әсіреұлтшылдардың бұл елдегі жеңісі басқа елдердегі идеяластарының рухын көтерер еді. Мұны жұрт сол сайлаудың алғашқы турында айқын аңғарды. Биылғы сәуірдің 24-і күні өткен сайлауда ешкім 50 пайыздан жоғары дауыс ала алмай, әсіреоңшыл Австрия азаттық партиясының өкілі 36,4 пайыз дауыс жинаған Норберт Хофер мен 20,38 пайыз дауыс жинаған Жасылдар партиясының бұрынғы көсемі Александр Ван дер Беллен екінші турға өткен. Сонда тек Австрия ғана емес, бүкіл Еуропа әсіреоңшылдары жеңіс тойын тойлағандай болған. Әсіресе, Франциядағы «Халық майданы» партиясының көсемі Марин Ле Пен оны өз жеңісіндей көріп, оны бүкіл Еуропаға өнеге санағаны бар. Бір айдан кейін өткен екінші турда алдымен Хофер жеңді деп хабарланып, келесі күні поштамен келген дауыстарды есептегенде Белленнің 0,3 пайыз басымдықпен ғана жеңгені анықталды. Дұрыс есептемеді деген дау шықты. Осыны ескерген конституциялық сот сайлаудың екінші турын қайта өткізу жөнінде шешім қабылдады. Ол алдымен 2 қазанға белгіленіп, ақырында 4 желтоқсанда өтті. Оңшылдар өздерінің жеңістеріне сенімділеу көрінген. Норберт Хофер біраз мәлімдемелер де жасап тастады. Алғашқы сапарларының бірін Мәскеуге арнамақтығын айтты. Еуроодақтың тағдыры өзінің қолында тұрғандай, мақсат Еуроодақты құрту емес, оны өзгерту деген пікір білдірді. Сірә, мұның барлығы бір жағы Хофердің сайлау науқанындағы өз жеңістеріне сенімділік білдірген тактикалық айласы да шығар. Сайлаушылар елдің саяси бағытын күрт өзгерткісі келгендерді емес, парасатты бағытты ұстанған «жасыл профессор» Александр Ван дер Белленді жақтады. Бұл жерде елдегі дәстүрлі партиялар, еуропалық құрылымдар да оны кеңінен қолдағаны анық. Сырт қарағанда, Австрияда президенттік сайлаудың соншалықты мәні жоқтай. Бұл лауазым елде шешуші де рөл атқармайды. Австрия – президенттік билік нысанындағы федералдық парламенттік республика. Мұнда президент стратегиялық емес, ресми ғана лауазым. Ал бұл елдегі сайлауға мұншалықты мән берілуі ол белгілі дәрежеде Еуропадағы саяси оқиғаларға, Еуроодаққа, соңғы кезде бой көтере бастаған нацистік идеяларға халықтың көзқарасын аңғартады. Бұл сайлау әсіреоңшылдардың жеңілісі болды, нацистік идеяларға соққы болып тиді. Сондай-ақ, оның Еуропаның ынтымағына қолдау болған оқиға ретінде де қабылданатыны анық. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист
•
14 Желтоқсан, 2016
Реформа қолдау таппады
203 рет
көрсетілді