Оңтүстік астананың «Алматы Арена» мұз сарайында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның ашық чемпионаты өз мәресіне жетті. Ол 2017 жылы мегаполисте өтетін қысқы Универсиада қарсаңында ұйымдастырылған тестілік жарыс болып есептелді. Себебі, мәнерлеп сырғанау студенттер бәсекесі бағдарламасына кіретін спорт түрі болып табылады.
Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінің 80-ге жуық спортшысы қатысты. Мұз айдынына алғашқы болып спорт шеберлігіне үміткер қыздар шықты. Олардың арасында алматылық Алана Тоқтарова 135,21 ұпаймен бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын 97,10 ұпай жинаған келесі алматылық Гүлжан Жұмәділоваға бұйырды. Үшінші орынға 96,97 ұпай жинаған Оңтүстік Қазақстан облысының спортшысы Дария Сиротинаға тиесілі болды. Ал ұлдар арасында 124,59 ұпайлы астаналық Рахат Біралин бірінші орынға көтерілді. Бұдан кейінгі орындарға алматылықтар Всеволод Фил (103,12) мен Илюси Волков (94,85) орналасты.
Бұдан кейін жанкүйерлер спорт шеберлерінің еркін бағдарлама бойынша сайыстарын тамашалады. Олардың тобында қызылордалық Элизабет Тұрсынбаеваға тең келер ешкім болмады. Ол 216,46 ұпай алып, рекордтық көрсеткішке жетті. Келесі екі жүлделі орындарға қысқы Универсиадаға қатысушылар сапындағы алматылықтар Айза Иманбек пен Александра Саютина жайғасты. Олар тиісінше 135,11 және 123,41 ұпай жинап, чемпионнан көп қалып қойды.
– Бүгінгі нәтижеме өте ризамын. Себебі, ұпайым қорын жаңартып, осы жылғы ең жоғары балл жинадым. Универсиадада осы екі бағдарламамен өнер көрсетсем деген ойдамын. Бірақ қосымша өзгерістер болуы да мүмкін. Соның бәріне тиянақты дайындық жасап жүрмін. Бәрі сәтті өтетін шығар деген үміттемін, – деді Айза Иманбек жарыс соңында.
Ұлдар арасында бес спорт шебері өзара күш сынасып, нәтижесінде алтын медальды 150,48 ұпай жинаған алматылық Артур Панихин жеңіп алды. Қарағандылық Мелис Хакимов (132,13) пен астаналық Никита Манько (129,92) бұдан кейінгі екі жүлделі орынды еншіледі.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ