• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Фристайл – жүректілер спорты

414 рет
көрсетілді

Жанбота Алдабергенова – фристайл­дың акробатика түрінен ірі жеңіске жеткен тұңғыш қазақ қызы. Оны осы ерек­шелігімен еліміздің спорт тарихы­ның бір алтын парағына айналды десек әбден жарасады. Сочиде өткен Олимпия ойындарында Жанбота 6-орынға табан тіреді. Расы керек, әуедегі акробатиканы бұрын да көріп жүрдік қой. Бірақ қысы қоянның құйрығындай шолақ, қалың қар көрпесін қымтап ұзақ жата алмайтын күн сәулелі оңтүстік қызының секіру кезегі келгенде, өзіміз кәдімгідей сескеніп қалып жүрдік. Биік төбеден шаңғы үстінде желмен жарысып, құлдилап келіп, қайқаңға іліккен соң ұшқан құсқа ұқсап аспанға қалықтап кетесің. Әуеде екі-үш мәрте айналып, тартылыс заңымен жерге қарай сорғалайсың. Аспаннан ағындап келе жатып, жерге жақындағанда, денеңнің әр грамм салмағын есептеп үлгеріп, қаққан қазықтай тік түсу, тепе-теңдік бұзбай сырғанау көрер көзге ғана оңай. Сәл қателестің, денеңе ие бола алмай қалдың, спорттық көрсеткішіңнің нәтижесі төмендегені бер жағы, ауыр жарақат алып қалуың оп-оңай. Қары жоқ оңтүстіктің қызы осы кедергілерден аман өтті. Дүние жүзі көз тіккен ақ Олимпиадада жазынан қысы көп, шаңғысын байлап алып күнде жаттығу алаңынан шықпайтындар кіл мықтымен терезесі тең өнер көрсетті. Жанбота Алдабергеновамен Оңтүстік Қазақстандағы №8 қысқы спорт мектебінің директоры Бақытжан Зиябековтің кеңсесінде кездестік. – Мен қысқы спорт мектебіне 2011 жылы Азия ойындарынан кейін келдім, – дейді Жанбота. – Оған дейін бес жыл спорттық гимнастикамен айналыс­қан­мын. Нәтижесіз емеспін, спорт шебері атағым бар. Спорттық гимнастикада бәсекел­ес­тік күшті, ал менің арманым қысқы Олим­пиада ойындарына қатысу болат­ын. Оның үстіне, гимнастика мен фри­стайлдағы акробаттық әдістер ұқсас. Батут­та орындап жүрдік. Бірақ шаңғы­ға ал­ғаш тұрғанда, көңіліме үлкен қобалжу кірді. Өзім 37-38 өлшемді аяқ киім киемін, шаңғымен өлшегенде, жарты метрдей ұзарып кеткендей болды. Кейінірек бұл жаныма өте жақын спорт түріне айналды. Қыста таулы адырлардан бөлек су трамплинінде де жаттығу өткіземіз. – Арада жыл өткенде, Минск қала­сында Еуропа Кубогының кезеңінде 3-орын алдым, – деп жалғады сөзін Жан­бота. – 2013 жылы Еуропа Кубогы­ның 1-2 ке­зеңінде Швейцарияда 1-орынға ие бол­дым. Еліміздің оқушылар арасында өткен қысқы спартакиадасында бас жүлде бұйырды. Айтқандай, фристайл-акробатикадан біз ғана сескенеміз бе десек, осы саланың ақберені Жанботаның өзі әр жарыс алдында қатты қобалжиды екен. Шыған­дап аспанға көтеріліп кетесің, ұшқан кезде де әуедегі әдіс пен жерге қатесіз қонған­ға да шеберлік, үлкен еп керек. «Кейде кезегің келгенде, долы жел құтырып кетеді, әуеде қақпақылға айналдырғысы келеді, бағытыңа кедергі келтіреді, қатты қинала­сың. Мүмкіндігінше қате жібер­меуге тырысасың. Сәл мүлт кету нә­ти­жеңді төмендетеді», – дейді Жанбота. Жанбота үшін алда екі үлкен жауапты кезең тұр. Алматыда қысқы Универсиада ойындары өтсе, Оңтүстік Кореяда Азия ойындары өтпек. – Біз Жанбота және бапкерлермен кеңесе отырып, өзіміздегі Универсиадаға қатысуды жөн көрдік, – дейді Бақытжан Ордабекұлы. – Азия ойындарының дәрежесі биік сияқты көрінгенімен, Отанымызда өтетін Универсиаданың жауапкершілігі үлкен. Жанбота Алдабергенова да осындай ойда. Өз елі, өз жерінде өткен Универсиадада топ жарып, Қазақстан байрағын көтеріп, әнұранын ойнату кеудесіндегі әдемі арманы. Фристайл спортынан еліміздің мемлекеттік жаттықтырушысы Қазбек Иманғали да «Жанбота Алдабергенова кейінгі кездері өте жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Одан тек алтын күтеміз» деп отыр. Тұйғындай қыз осы үдеден шығуға барын салып жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» ШЫМКЕНТ