• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Универсиадаға 46 күн қалды

99 рет
көрсетілді

Алматыда XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың бас­талатын уақыты бірте-бірте жақындап келеді. Осыған орай оған қаты­са­тын спортшылардың да, жарысты қабылдаушы нысандардың да дайын­дық­тары қыза түсуде. Қазақстан спортшылары қысқы Студенттік ойындарға дербес елдің командасы сапында қатысуды 1993 жылдан бастады. Осы жылы біздің елімізде Студенттер спорты федерациясы құрылды. Осы жылы команда халықаралық аренада бірінші рет жарыс жолына шықты. Бұл поляктың Закопане қаласында жалау желбіреткен Универсиадамен тұспа-тұс келді.  Онда республика хоккейшілері өздерінің бірінші жарысында-ақ күміс медальдың иегерлері атанды. Олар жолай кездескен қарсылас­тары­ның бәрінен өтіп, финалда Канада құрамасымен кездесті. Содан бергі жылдарда Қазақстан делегациясы 12 қысқы Универсиадаға барып қайтты. Біздің спортшыларымыз сол сайыстарда 32 медаль жеңіп алса, олардың 12-сі алтын, 7-і күміс және 13-і қола медаль болды. Соның ішінде ұлттық командамыз 2005 жылы Австрияның Инсбрук қаласында қанат жайған ойындарда табысты өнер көрсетті. Осы Универсиадада қазақстандықтар 4 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. 2013 жылы Италияның Трентино шаһарында көрік қыздырған Студенттер ойынынан да қоржынымыз толып қайтты. Мұнда қазақстандықтар 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальға қол созды. Ал бұдан кейінгі Универсиаданың тарихта бірінші рет екі елде бөлініп өткізілгені белгілі. Осылайша 2015 жылы ол алдымен Словакияның Штрбске-Плесо және Осрблье елді мекендерінде мәреден шықса, соңы испанның Гранада қонысында мәреге жетті. Нәтижесінде біздің студент-спортшылар 5 алтын, 6 күміс медальдың иегерлері атанып, жалпы есепте Ресей және Оңтүстік Корея саңлақтарынан кейінгі үшінші орынға табан тіреді. Біздің спортшылар арасынан шаңғышы Анастасия Слонова ерледі. Ол ойындарда 2 алтын, 2 күміс медальға қол жеткізді. Алтын жүлдені сондай-ақ, биатлоншы Алина Райкова, фристайлшылар Юлия Галышева мен Павел Колмаков команда қоржынына салды. Ал алдағы Универсиадада біздің өз спортшыларымыздан күтетін үмітіміз бұдан да көп.