Ел тарихын білу – тәуелсіздіктің бізге тартқан үлкен сыйы. Тарихы тұнып тұрған Ордабасы!.. Қандай керемет едің! Архивтерді саралап, ондағы сарғайған қағаздарды ақтармай-ақ, бір қараған қарапайым қазақы адамға Ордабасы тауының шыңында ел тарихы, ата бабаларымыздың іс-қарекеттері, өткен өмірлері, жер қойнауында жатқан төмпешіктер аңызға айналып, көз алдыңан біртіндеп өте шығатынына қайран қаласың. Тіптен сол өткен кісілермен бірге жүргендей сезінесің. Үш жүздің басын қосқан үш бидің бітімге келуі, «Бірігейік, біріксек, алауыздықтан арылсақ, бізді ешкім жеңе алмас! Бірлік түбі – береке, біріккен ел тозбас, іргеміз берік, шаңырағымыз нық, ұрпағымыз кемел, болашағымыз зор болмақ! Ынтымағымыз, ырысымыз молынан болсын, әумин!» деп баталасқан бабаларды еріксіз еске аласың.
Турасын айтсақ, нақ бүгінгі күнге, ертеңімізге орайлас Елбасымыз айтып жүрген «Мәңгілік Елдің» ой орамы осы емес пе?! Ордабасында ойланатын жайлар лек-легімен келе беретіні анық. Жылдар емес, ғасырлап санасаң, қилы-қиын замандарда қазақтың басын жалмаған зобалаң жылдар өтті ғой. Қазақты бірлікке байлаған үш биімізден кейін көз құртына айналған ұлан-ғайыр жерімізге көз алартушылар көбейді. Қазақ байларын тәркілеп малдарын алса, оның арты ашаршылық нәубетіне әкелді, көзі ашық, көкірегі ояу ел қамын ойлаушыларды жала жауып ит жеккенге айдап, аяусыз атып тастады. Елдегі зобалаң бір бұл емес. Ұлы Отан соғысының ауыр жылдары да қазаққа оңай соққан жоқ. Қазақтың дінін, ділін, тілін тықсырды. Қала берді, «тың көтереміз» деген желеумен тұрғылықты халық келімсектермен толығып, өз жерінде азшылыққа айналды. Кеңес елі КСРО ортақ үйіміз, тыңайған жерді бір бөлек, мақталық жерді бір бөлек мамандандырылған өлкеге айналдырамыз деп көкіген көсемдерді де көрдік қой.
Тәуелсіздіктің таңы атты. Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен қазағымыз іргелі елге айналды, Қазақ елін бүкіл әлем мойындап, таныды. Елбасымызбен бүкіл әлем басшылары санасуда. Үлкен жетістік. Ордабасыға оралу деген осы.
Ордабасы биігінде 1993 жылғы 28-29 мамыр күндерінде туысқан үш мемлекеттің басшылары (қазақ, өзбек, қырғыз) мәңгілік бірлік үндеуіне қол қойып, тілек түйістірді. Қазақтың қуанышында шек жоқ еді сол күні. Қаз-қатар тігілген ақ шаңқан үйлер, театрландырылған көріністер!.. Бабаларымыздың ақыл-ой кемелдігін еріксіз еске түсіргенбіз... Бірлік туын көтерген Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» мұраты Ордабасыдан басталғандай сезініп едік.
Ордабасыда 1997 жылғы 19 қыркүйекте асқақтай бой көтерген «Бірлік» монументін сомдаған мүсінші Асқар Мамырбаев пен сәулетші Ғабит Садырбаевтың еңбегіне де мың алғыс. Сол күні Елбасы Н.Назарбаев халқына бірлік туралы тебірене толғауы тегіннен-тегін болмаса керек! Ол «Ордабасы ел жүрегі, жер кіндігі» екендігін паш етті. Не деген керемет, баға жетпес ыстық ықылас пен жүректі жарып шыққан шынайы лебіз деп ұқтық. Бірлік түбі – береке. Бақыт та сонда, байлық та сонда.
«Бірлік» монументінің биіктігіне қарасаң бойыңды өсіріп, ойыңды тербейді. «Бірлік, еркіндік пен теңдік болмай, елдік болмайды» деп Төле би бабамыз айтса, «Сөз атасы – бірлік, анасы – шындық» екенін Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз қозғаса, «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауға найзаң тисін» деп келетін орақ тілді Әйтеке би сөзінің бүгін мен болашақ үшін маңызы зор бола бермек.
Ордабасы тауының етегіндегі «Қотырбұлақ» аңғарында қазақ батырлары озбырлығы шектен шыққан Қоқан билеушісі Мырзабидің басын алып «шаң қылған» жер анандайдан көз тартады. «Шаң қылған» – деп Майлықожа жырында айтылған. Ал «намысы тасып ерлердің» деп басталатын Алтыбай ақынның жыр-толғауы осы күнге дейін жұрттың көкірегінде күмбірлейді.
Қотырбұлақтағы «Дәуіт әулие» деген жазуға қарап, бұл Сүлеймен пайғамбардың әкесі Дәуіт пайғамбар ма, жоқ әлде «Ер Дәуіт» жырындағы ұста темірдің егесі ме деген ой келеді. Ондағы адам ізі тасқа басылуын көріп қайран қаласың. Ордабасы тауынан төменгі ауылға төрт бұлақтан бастау алған сайды қуалап келгенде күнгей жақ биігінде Әлихан әулие қойылған. Қырық кісімен қажылыққа барып қайтар жолда Әлихан қажы әулиенің денсаулығы сыр бере бастайды. «Мен дүниеден қайтсам тау шыңына қойыңдар», деп өсиет етіпті. Сол аманаты бойынша Әлихан әулие тау шыңына жерленген, қорымы үлкен тастармен қоршалған. Ол кісінің әулиелігін Арыстанбабпен теңестіретін көрінеді. Бұл да болса Ордабасының бір қасиеті.
Тау етегінде шағын кезең. Қасында зиярат етушілерге арналған үш-төрт бөлмелі үй. Асфальт төселген жол. Құдық. Дәуіт әулие мен Әлихан әулиенің үй-жайларын осындағы шырақшы Досымбек Жапарұлы өзі салыпты. Келіп-кетуші туристерге жайлы орын екені айтпаса да түсінікті.
Ордабасы тұнып тұрған шежіре! Шешімін күтіп тұрған тақырып. Зерттеушілер үшін баға жетпес ашылмаған сыр. Туризмді дамытуға сұранып тұр.
«Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығын құруға ықылас-зейінін салған Елбасымызға көптен-көп ризашылығымызды білдіреміз, әрине. Ал енді осы қорықты одан әрі дамытып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізсе дейміз ғой. Елбасымыздың ілкімді бастамасын ел азаматтары іліп әкетіп, туризм ісін игілікке айналдырып дөңгелетсе, кәсіпкерлерге тартымды ұсыныс айтылса, Ордабасының тасы өрге домалар еді-ау. Тәуелсіздігіміз бастау алған Ордабасы халқымызды бірлікке шақырып, алысты меңзеп тұр. Ал біз болсақ ой үстіндеміз, толғанудамыз. Иә, Ордабасы ойландырады...
Жаңабай ЕРКЕЕВ,
зейнеткер