• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Әр оқушы – бір әлем

430 рет
көрсетілді

Заманауи бағытта жұмыс істеу жүйесі қалыптасқан білім ошақтарының арасында Бидайық орта мектебінің орны бөлек. Ұжым биыл «Үздік мектеп» аталымы бойынша 17 миллион теңгенің сертификатын жеңіп алды. Мұндай құрмет ұстаздар қауымы үшін зор мәртебе әрі зор жауапкершілік жүктейді. Еліміз егемендігін алғаннан бергі кезеңде білім ордасы уақыт ағымына сай жаңа келбетін қалыптастырып, оқу мен тәжіри­бені терең ұштастырып келеді. Ұстаздар қауымына жаңашыл­дық қасиеттер тән. Оқу кабинеттері қазіргі талаптарға сай жабдық­талған. Педагогтардың кәсіби дамуы жете ескеріліп, ақпарат­тық-коммуникациялық технологиялар оқу-тәрбие үдері­сіне белсенді түрде енгізіледі. Жаңаша оқу, модульдік техно­логия, сыни тұрғыдан ойлау, жобалау технологиялары кеңінен қол­данылады. Семинарларда, педагогикалық оқуларда, шеберлік сыныптарында іс-тәжірибелер жан-жақты таныстырылады. Бидайық орта мектебі соңғы үш жылда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. 2013 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәти­жесі бойынша облыстың он үздік мектебінің қатарына енді. Келесі жылы «Тиімді ауыл мектебі» атты қашықтық бай­қауы­ның үшінші дәрежелі дипломымен марапатталды. Он ұстаз «Оқу үдерісінің озық әдісі – жаппай білім беру сапасының негізі» атты сынама жобаға қатысты. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған «Сені жырға қосамын, туған өлкем!» аудандық көркемөнерпаздар байқауында ұжым бас жүлдеге ие болды. Әр оқушы – бір әлем. Олардың әрқайсысына жеке тұлға ретінде қарап, бағалап, талантын ашып, өзіне артылған жүкті абырой­мен орындап жүрген ұстаздар аз емес. Бастауыш сынып мұға­лімі Үмітжан Нұрғазина республикалық сайыста «Үздік шеберлік сыныбы» аталымын жеңіп алды. Зүлфира Тілеуқа­былова «Жылдың үздік педагог-психологы» атанса, тарих пәні­нің мұғалімі Дәурен Ысқақов республикалық «Үздік жас маман» байқауының жеңімпазы болды. Ұстаз алдынан тәлім-тәрбие алып, еңбегін ақтап, мектептің атын шығарып жүрген түлектеріміз көп-ақ. Мектебімізде республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқа­уының ағылшын тілі мен математика пән­дерінен өткен қашықтық олимпиадаларының жеңімпаздары оқиды. Оқушылардың талантын жан-жақты ұштайтын «Ерке қыз», «Үкілі домбыра», «Жас талап», «Қол өнері» үйірмелері жұмыс істейді. Облыстық, аудан­дық спорттық жарыс­тарда мектеп намысын қорғайтын оқушы­ларымызды дене тәр­биесі пәнінің мұғалімдері Дулат Мұхаме­дияров пен Арман Шайсұлтанов шыңдайды. Өз ісіне әркез үлкен жауап­кер­­шілікпен қарайтын мұндай жас мамандарымыздың ертеңі­нен мол үміт күтеміз. Ата-аналар да ұрпақ тәрбиесінен шет қалмайды. Ауылдық білім ошақтары арасында бірінші болып «Үздік мектеп» атағын жеңіп алуымыз біраз жайтты аңғартса керек. Мұның өзі ұжымның қоян-қолтық атқарған жұмысының және тәуелсіздік жылдарында ауылдық мектептерге барлық жағдайлардың жасалуының нәтижесі деп білеміз.  Раиса КӘРІМЖАНОВА, Бидайық орта мектебінің директоры Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы