«Қорғас-Шығыс қақпасы» бас арнайы экономикалық аймағы директорының логистика жөніндегі орынбасары Бахтияр ҮДЕРБЕКОВ ішкі және сыртқы транзитті айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік беретін «НОМАД» ақпараттық логистикалық жоба жүйесін енгізу туралы әңгімелеп берді.
– Арнайы экономикалық аймақтың іс жүзіндегі мәртебесі қандай және оның Қазақстандағы басқа АЭА-тардан қандай айырмашылығы бар?
– Логистикалық АЭА – бұл Қазақстан аумағында және мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктіне жақын маңда құрылған арнайы экономикалық аймақ. Әдетте, автомобиль көлігі үшін өткізу пункті жасалады немесе біздегі сияқты, «Алтынкөл» стансасындағыдай темір жол көліктеріне арналған өткізу пункті болуы мүмкін. Қазақстандағы басқа АЭА-дан бірінші айырмашылығы мынада – АЭА логистикалық аумағына әкелінетін тауарлар еркін кедендік аймақтың рәсімдеуіне кедендік декларациялаусыз орналастырылады. Бұл ретте мүдделі тұлғаның тауарларды түсіруге, қайта тиеуге, сондай-ақ, кедендік декларациялауға байланысты ешқандай қосымша шығынсыз, тауарды басқа көлік құралына жеткізетін көлік құралын ауыстыруға мүмкіндігі болады. Екінші ерекшелігі, тауарды еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімдеуіне орналастыру үшін АЭА логистикалық резидентімен тауарларды қоймаға жинау және сақтаудың осындай түріне байланысты жүк операциялары бойынша қызмет көрсету жөніндегі шарт жасаса болғаны.
– «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА дамуының негізгі бағыттары туралы айтсаңыз.
– Бүгінгі күні «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА дамуының негізгі векторы оның транзитін ұлғайту болып табылады. Бұл жерде АЭА кедендік тазалауға арналған және тауарды әрі қарай ЕАЭО аумағы бойынша тасымалдайтын логистикалық орталық ретінде Қазақстан арқылы өтетін транзит үшін ғана емес, сондай-ақ ішкі тауар тасымалына да пайдаланылады. Транзитті ұлғайту даму динамикасына оң әсер етеді және аймақтың басқа салаларын да алға тартады деген ойдамыз.
– АЭА мен өңірлік логистиканың дамуында ақпараттық жүйелердің атқаратын рөлі қандай? «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА ақпараттық жүйелері туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Ең ірі әлемдік операторлардың бірі Dubai Port World (DP World) компаниясының берген кеңестерінің арқасында біз қазір басқарушы компанияның, мемлекеттік органдардың, АЭА резиденттері мен клиенттерінің өзара іс-қимылының көп функционалды ақпараттық платформасы – «НОМАД» платформасын құрдық. Біз таңдау жасағанда, DP World компаниясы тарапының консалтингіне тоқталғанымыз кездейсоқ емес екенін ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі таңда бұл компания әлемнің 40 елінде 77 терминалға ие болып отыр. DP World әлемдік ірі инвестордың және девелопері БАӘ үкіметіне тиесілі Dubai World компаниясының қарамағында. «НОМАД» негізгі қызметі барлық мүдделі тұлғалардың арасындағы байланысты қамтамасыз ету, сондай-ақ, АЭА-дағы күнделікті бизнес-үдерістерді автоматтандыру болып табылады. Іс жүзінде біз АЭА электрондық бейнесін құрғымыз келеді. Бұл платформада барлық логистикалық үдеріске қатысушылар өзара бірлесіп жұмыс істей алады. Бүгінде Қазақстанда мұндай ортақ платформа жоқ, тек жекелеген кішігірім жүйелер ғана бар.
Бұл транзитке байланысты, тауарларды трансшекаралық өткізуге, көлік құралдарына қатысты үдерістерді ақпараттық технологиялармен қамтуға жасалған алғашқы қадам. Біздің алдымызда еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту міндеті тұр. Қолда бар Қазақстандағы транзит дәлізінен, жабдықтардан басқа, логистиканың табысты дамуы инфрақұрылымдарды және ақпараттық қамтамасыз етуді талап етеді. Бүгінде бұл онсыз тиімді даму болмайтын қажеттілік. Мұндай ақпараттық жүйесіз, Қазақстан – картадағы қара дақ қана. Біз қазір транзиттік дәлізіміздегі Шығыс қақпасында ақпараттардың пайда болуына күш салудамыз, біз оны Қытайдың Ляньюньган портынан бастадық. Жол бойы ақпараттар жинақталады, сөйтіп нақты бір тасымалдау жолы бойынша дайын деректер базасына айналады. Әрі қарай бұл ақпарат тауар қайда барсын, мейлі Қазақстанның ішінде, ТМД, Қытай немесе Еуропа болсын, барлық нүктелерге қолжетімді болмақ. Ақпараттардың қайталанбауы үшін мемлекеттік органдардан берілетін барлық рұқсат құжаттардан бастап қонақүй броньдау, такси шақыруға қатысты қолайсыздықтарды болдырмау үшін біз осы транзитке қатысушылардың барлығы үшін қолжетімді ақпаратты ұсынамыз. Сондай-ақ, осыған ұқсас жүйелерді енгізу көлік түрлері арасындағы бәсекелестіктен арылтып, мультиқашықтық платформасында өзара белсенді іс-әрекеттер жасауға мүмкіндік береді. Осылайша, жүкті тасымалдауды барлық көлік мүмкіндіктерін пайдалана отырып жоспарлауға болады. Мысалы, ұзақ күтіп тұрмай-ақ белгілі бір аумақ аралығында автобус көлігін, ал жолдың басқа бөлігінде теміржол көлігін пайдалануға болады. Біздің алдымызға бұрын ешкімге жүктелмеген міндеттер қойылды. Тек қана автомобиль көлігі бойынша біз тәулігіне 200 бірлікке дейін қызмет көрсетеміз, ал автоматтандырылған үдеріссіз ол мүмкін емес.
– «НОМАД» болашақта қандай мүмкіндіктер береді?
– «НОМАД» көлік кірген кезден бастап ол туралы ақпаратты жинай бастайды, содан кейін әрі қарай жүрген жолдағы барлық ақпараттарды жинап, шығатын кезде кеден үшін жүктің көлемі, радиациялық бақылау және тағы басқа деректері бойынша электрондық журналды жасап береді. Болашақта біз әлемдік порттар жүйесіне интеграциялануды жоспарлап отырмыз. Бұл қауіпсіз жеткізу тізбегін қамтамасыз ету үшін және электрондық құжат айналымына негізделген «GreenCustom – Жасыл кеден» технологияларының белсенді енгізілуіне байланысты көліктердің шекарада тұрып қалу проблемаларын шешуді қамтамасыз етуге қажет. Сондай-ақ, «НОМАД» сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында өте көп нәрсе береді, өйткені үдеріске қатысушылардың барлығы үшін бүкіл жұмыстар ашық жасалады. Тағы бір айта кететін жайт, Қазақстанда мұндай ақпараттық жүйені енгізу, өкінішке қарай, ноу-хау емес, бүгінде бұл ең өзекті қажеттілік және онсыз толыққанды логистика болмайды. Мұндай ақпараттық жүйенің болуы тасымалданатын тауарлардың иелеріне өздерінің төлейтін сақтандыру төлемдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Егер сіз өз тауарыңызды жол бойындағы кез келген нүктеде көрсеңіз, егер сіз бүкіл үдерістің ашық жүріп жатқанын білсеңіз – онда тәуекелдер барынша аз деген сөз, ал ол өз кезегінде жүкті сақтандыру құнын төмендетеді.
– «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА объектілерінде кімдер жұмыс істейді? Сіздің ойыңызша өңірдегі кадр мәселесі қаншалықты өзекті?
– Кадр ресурстары проблемасы Алматы облысында ғана емес, жалпы ел бойынша өзекті мәселелердің бірі деп айтуға болады. Айта кетейік, бүгінгі таңда Алматы облысының Панфилов ауданында жас мамандар үшін мансаптық өсуге жол ашық. Мысалы, арнайы экономикалық аймақтан басқа, осы өңірде «Жаңа Дубай» деп атап жүрген «құрғақ порт», «Алтынкөл» темір жол стансасы, сондай-ақ, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА жобасымен жиі шатастыратын «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы жұмыс істейді. Жақын орналасқан Алматы қаласының арқасында кадр проблемасы қысқа мерзімнің ішінде оң шешілуі мүмкін. Алматыдағы ҚазАТК, КУПС, Халық шаруашылығы сияқты, логистика, көлік, қойма шаруашылығы және басқа да мамандар даярлайтын салалық оқу орындарының болуы кадрлардың жетіспеушілігін жояды деген үміттеміз. Сондай-ақ, DP World серіктестерімізбен бірлесіп, АЭА компаниясын басқарушы қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіледі. Қазіргі кезде АЭА аумағында ҚазАТК филиалын ашу жөнінде жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Біз өңіріміздегі орташа жалақыны еліміз бойынша осы саладағы орташа жалақыдан ең болмағанда 50%-ға арттыру туралы алдымызға мақсат қойып отырмыз, бұл неғұрлым білікті кадрларды өзімізге тартуға мүмкіндік береді.
– АЭА тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және ондай жағдайлар туындап жатса, шығындарды азайту бойынша қандай жұмыс жүргізіледі?
– Әлемдік қауымдастықта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әр азаматтың борышы болып саналады. Өкінішке қарай, біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттік органдардың жұмысы деген пікір қалыптасқан. Біз компания ішінде де, одан тыс жерде де сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке ұмтыламыз. Бүгінгі таңда біздің алдымызда шетелдік инвесторлардың белгілі бір талаптарына, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне сәйкес болу қажеттілігі тұр. Қазір біз халықаралық сәйкестік сертификатын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стандартын алу үшін жұмыс жасап жатырмыз. Ірі халықаралық инвесторлар мұндай стандарттары жоқ компанияға инвестиция салмайды. Яғни, бұл біз үшін сыбайлас жемқорлықты болдырмау нақты қажеттілік болып табылады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындаған жағдайда оған қарсы қалай әрекет жасау керектігін әрбір қызметкердің білуі тиіс. Бұл – бүкіл компанияның қызметіне қатысты, құжаттардан ресімдеуден бастап, қызметкерлерді көтермелеу немесе жазалаумен аяқталатын ұзақ үдеріс. Біздің қазақстандық заңнама, әдетте постфактум жұмыс істейді, яғни сыбайлас жемқорлық жасалғаннан кейін жазалайды, ал еуропалық заңдар – осы құқық бұзушылықты болдырмауға тырысады. Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы өздерінің ішінде ғана күресіп қоймай, бұл үдерісте шетелдік компанияларды өз стандарттарына сәйкес болуға мәжбүрлейді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық үшін және күмәнді серіктестермен ынтымақтастықта болғаны үшін салынатын айыппұлдар Еуропада өте салмақты, сондықтан инвесторларымыз бізге де осындай талаптар қояды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге байланысты адами фактордың әсерін «бір терезе қағидаты» бойынша төмендету және сыбайлас жемқорлықтың пайда болу тәуекелін азайту үшін АЭА қатысушыларға онлайн режімінде қызмет көрсететін «НОМАД» ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары атқарылып жатыр. Қатысушыға мемлекеттік органдармен байланыс жасамай-ақ, тек компанияның басқарушысымен тікелей қатынасуға болады.
– Электрондық сауда-саттықты дамыту бағытында «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА тарапынан қандай қадамдар жасалып жатыр?
– Өздеріңізге белгілі, электрондық сауда – бұл қазіргі заманғы сауданың тренді. Электрондық сатудың көлемі қарқынмен өсуде және бұл факторды ескермеу қателік болады. Басқарушы компания, әрине, АЭА қатысушыларының бұл үдеріске қатысуы үшін барлық жағдайды жасайды. АЭА-ның аумағында халықаралық пошта қатынастары орындарын ашу жоспарланған. ҚТЖ Экспреспен бірлесіп экспресс-жүктерді жөнелту жобасы жасалып жатыр. Еліміздің ең ірі мегаполисі Алматы қаласының жақын (300 км) орналасуы және Батыс Еуропа – Батыс Қытай жаңа күрежолымен жүкті жеткізудің ыңғайлы болуы тауарды соңғы тұтынушыға жеткізуді ұйымдастыру үшін интернет алаңдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
– Әңгімемізді компанияның келесі жылға қандай жоспарлар жасап отырғанымен қорытындыласақ.
– Бірінші кезекте бұл – біздің «НОМАД» аппараттық-бағдарламалық жобамызды жүзеге асыру. 2017 жылы бірінші тоқсанның аяғында ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарлануда. Қазір қызметтік тестілеуді аяқтаймыз, содан кейін қосымша тестілеуге көшеміз. Оны 100-ден астам адам жасады. «НОМАД» платформасын дайындаған ең мықты отандық компаниялар, ал кеңесшілер, жоғарыда айтып кеткен DP World болды. Бұл жүйе қандай болуы керек, олардың қандай даму жолдары бар, неге ұмтылу керек деген мәселелерді солар түсіндіреді. Мақсатымыз барлық логистикаға қатысушылардың өзара іс-әрекеттерінің бірыңғай платформасына қол жеткізу болды. Біз алдағы уақытта инвесторлар санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні біз екі қытайлық провинциямен, бірнеше еуропалық инвесторлармен және ресейлік компаниямен жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Қатысушылар «НОМАД» бірыңғай ақпараттық логистикалық жүйені пайдалана отырып «бір терезе қағидаты» бойынша жұмыс істейді деп жоспарлануда. Тағы бір маңызды мәселені айта кетейін, біздің жүйенің көмегімен халықаралық тасымалдаушылар мен өндірушілер қазақстандық компаниялармен жақын таныса алады және логистика бойынша серіктес ретінде оларды таңдай алады.
Әңгімелескен
Санжар ӘМІРХАНОВ