• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Партия ұйымдарының үздіктері аталды

217 рет
көрсетілді

Кеше «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «Нұр Отан» партиясының үздік қоғамдық қабылдауы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Қоғамдық қабылдаулардың жұмысын ынталандыру мен жақсарту мақсатында 2010 жылдан бері «Нұр Отан» партиясының үздік қоғамдық қабылдауы» республикалық байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Төрт жыл қатарынан өткізілген байқаулар партияның қоғамдық қабылдауының жұмысын жандандыруда оң нәтижелер берді. Ал биылғы жылдың басты ерекшелігі мен жаңалығы өңірлердің және аймақ филиалдарының «Үздік қоғамдық қабылдауы» байқауы «Үздік депутат», «Үздік мемлекеттік орган» және «Үздік қызметкер» сияқты жаңа аталымдармен толықты. Тиімділік пен арызданушылардың мәселелерін шешудегі қоғамдық қабылдау жұмыстарының нәтижелілігі республикалық байқау жеңімпаздарын анықтаудағы негізгі өлшем болды. Байқауға ұсынылған материалдар жан-жақты және әділ қаралып, соның негізінде партияның өңірлік және аймақтық филиалдарының арасындағы ең үздік қоғамдық қабылдаулар анықталды. Байқау жеңімпаздары дип­ломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Марапатталғандардың арасында «Білім» (Алматы облысы), «Қазақтелеком» (Қостанай облысы), «ҚазПласт» (Қарағанды облысы), «Теплотранзит» (Астана қаласы), «Бірлік» (Атырау облысы) және басқа бастауыш ұйымдары бар. Ал байқаудың «Үздік депутат» аталымы бойынша Мәжіліс депутаттары Мәулен Әшімбаев пен Ерсұлтан Бектұрғанов жеңімпаз деп танылды. Сондай-ақ, осы іс-шарада «Нұр Отан» партиясының 2017 жылғы ең үздік қоғамдық қабылдауы» республикалық байқауы бастау алды. Сонымен қатар, ең үздік бастауыш партия ұйымдарын анықтау және олардың жұмыс істеу тәжірибесін тарату мақсатында «Нұр Отан» партиясы жыл қорытындысының нәтижесі бойынша үздік бастауыш партия ұйымының да (БПҰ) байқауын өткізді. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды, үздіктерді республикалық комиссияның мүшелері іріктеді. Байқау мақсаты – ең үздік бастауыш партия ұйымдарын анықтау, олардың жұмыс істеу тәжірибесін басқа өңірлерге тарату, оларды партиялық және басқа да сайланбалы қызметке ұсыну үшін бастауыш партия ұйымдарындағы белсенді және кәсіби шеберлігі жоғары төрағалардан партияның кадрларын жасақтау. Сондай-ақ, БПҰ арасындағы бәсекелестік рухты қалыптастыру, марапаттау мен ынталандыру жолымен БПҰ жұмысының тиімділігін арттыру, жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісуді қамтамасыз ету, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған партиялық міндеттерді іске асырудағы БПҰ үлесін белгілеу-байқаудың мақсаты болып табылады. Конкурс ашық түрде өткізіледі және үш кезеңнен тұрады – өңірлік, аймақтық және орталық. Оған БПҰ-ның үш санаты да қатыса алады. Әр санат үшін үш аталым бойынша үш жүлделі орын белгіленген. Дәстүр бо­йынша үшінші аталымдағы үшінші орынды екі бастауыш партия ұйымы өзара бөліседі. Іріктеудегі өлшемдердің ішінде партиялық жобаларды іске асыруға қатысу, ішкі партиялық жұмыстың сапасы, жастармен жұмыс істеуде жаңа тәсілдерді қолдану және басқа да көрсеткіштер бар. Байқаудың барлық кезеңдері бекітілген байқау ережесіне сәйкес өткізіледі. Бастауыш партия ұйымы партияның ұйымдастырушылық негізгі өзегі болып табылады және міндеттердің жергілікті жерлерде жоспарлы жүзеге асуына мұрындық болады, өз мүшелері арасындағы ақпараттық-насихаттық, түсіндірме жұмыстарын іске асырады, партиялықтардың жарғылық талаптарды мүлтіксіз орындауын қамтамасыз етеді. Іс-шара барысында, сондай-ақ қоғамдағы жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және арттыруға бағытталған республикалық карикатура байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Белгілі карикатурашы Айдарбек Ғазизұлы осы байқау комиссиясының мүшесі болғанын атап өткен жөн. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»