Жұртшылық Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Елбасы жайлы тың мағлұматтармен жан-жақты таныса алады. «Ұлы Дала – Тәуелсіздіктің 25 негізі» жұлдызды 25 күн акциясы аясында мұнда Тұңғыш Президент залы есігін айқара ашты.
Профессор-оқытушылар, студент-жастар, ардагерлер өкілдері қатысқан салтанатты шарада жоғары оқу орнының проректоры Мүкарам Тайжанова Мемлекет басшының өміріне, мемлекеттік қызметіне қатысты танымдық деректер молынан қамтылғанын жеткізді. Кітапхана директоры Бәтима Жәменованың айтуынша, залда Тәуелсіздігімізден сыр шертетін тарихи құжаттар, Елбасының Қызылжар өңіріне келген сапарларынан түсірілген деректі фильмдер, естен кетпес қызғылықты кездесулер жинақталған. Университеттің жеке қорынан алынған материалдар арасында түрлі суреттерден құрастырылған альбомның орны бөлек. Бұдан тысқары деректі фильмдерді теледидар арқылы тамашалауға да мүмкіндік тудырылған.
Жиын барысында Тұңғыш Президент қорының стипендиаттарына сертификаттар табыс етілді. Мұндай мәртебеге он студент ие болды. Солардың бірі Ниязбек Үкенов ақпараттық технологиялар факультетінің төртінші курсында оқиды. Оқу озаты қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Президент ақысынан бөлек шәкіртақы да алады. Оның арманы – жақсы маман болу.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы