• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Ел бірлігін ерекшелеген

223 рет
көрсетілді

 «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Күреңбелге аялдап, Қапшағайға келді Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Кербұлақ ауданының Сарыөзек бекетіне аялдады. Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мү­шелері және өңір тұрғын­дарынан құралған 2000 адам қатысқан салтанатты жиын өтті. Акцияны Кербұлақ ау­да­нының əкімі Бағдат Әлиев ашып, темір жол бекетіне келген сан сала мамандарының атқаратын жұ­мыстарына сəттілік тіледі. Келесі кезекте облыстық ҚХА мүшелері, ғылыми-сарап­шы­лық кеңесінің және этномәдени бір­лестіктердің өкілдері пойызбен келген мамандармен етене араласып кетті. Құқық, кəсіпкерлік жəне бизнес, ауыл шаруашылығы, тұтынушылар құқығын қорғау, білім беру мəселелері бойынша кәсіби мамандар жұмыс жасады. Бұл бекетте де үміт артып келушілердің көпшілігі денсаулық сақтау саласы мамандарының көмегіне жүгініп, аудандық емханада дəрігерлер күні бойы емделушілерді қабылдап, медициналық мəселелер бо­йынша кеңестер берді. Жалпы, дәрігерлік қызмет 248 адамды қамтыды. Оның ішінде 30-ы бала болды. Астана және Алматы қалаларындағы ме­ди­циналық орталықтарға 6 адам жібе­рілсе, 2 адам үйлерінде кеңес алды. Аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімінің ғимаратында әлеу­меттік ахуал бойынша 40 адам­ның өтініш-тілектері тыңдалды. Әді­лет министрлігі өкілдерінің қаты­суымен құқықтық көмек көрсету және заң мәселелері бойын­ша өткен қабылдауға 15 адам келді. Тұ­тынушылар тарапынан сау­да орын­дарындағы бағаның тұрақсыз­дығы, көкөністердің сапасы, сапасыз өнімдерді қалай қайтаруға бола­тындығы туралы сұрақтар қойыл­ды. Кәсіпкерлік және ауыл шаруа­шы­лығы мәселелері бойынша 30 адамға консультативтік кеңестер берілді. Жоғары оқу орындарына оқу­ға түсу үшін жетім балалар, аз қам­тылған отбасыларынан шыққан түлектерге жеңілдікпен несие, депозит бөлуге қандай көмек көрсетіледі? Балабақшаға қабылдау кезінде көп балалы отбасынан шыққан, немесе әлеуметтік жағдайы төмен әрі аз қамтылған отбасы балаларына Үкімет тарапынан төлемақыға 50 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған ба? Ша­ғын орталықтарға музыка, дене шы­нықтыру салалары бойынша же­текшілер жетіспейтіндігі ескеріліп, штатты көбейтсе, деген ұсыныстар айтылды. Жалпы, іс-шараға 2 600-ден аса адам қамтылды. Ел сауалын арқалаған «Тəу­ел­сіз Қазақстан» пойызы Қап­шағай қа­ласына жол тартты. * * * Еліміздегі ең ірі ме­го­по­лис­тің іргесінде орналасқан қапша­ғай­лықтардың өздерін алматылықтар секілді сезі­не­тіндері де рас. Олар бұл күні де татулықтарын айқын аң­­ғартып, «Тәуелсіз Қазақстан» по­йы­зын ерекше құрметпен қарсы алды. Мемлекеттік мәні бар рес­пуб­ликалық акцияны Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Қалқабай Ақтанберді ашып берді. Қалыптасқан дәстүр бойынша акция мүшелері өздеріне жүктелген міндеттерін адал атқарып, халықтың көңілінен шыға білді. – Алтынкөл бекетінен Жетісу жеріне кіргелі бері ырыс­ты елдің ынтымағын көріп, разы болдық. Осы елдің ниетінің ақтығы әсер еткен де шығар, денсаулық сақтау, бі­лім беру, әлеуметтік қолдау, заң­герлік көмек көрсету секілді сан сала бойынша республикамыздан жиналған білікті мамандар шарша­ған­дықтарын білдірмей, әр бекетке аялдаған сайын тың күшпен көмек көрсетті. Нәтижесінде халық разы болды. Рас, қалалардағыдай қол­­жетімділік алыстағы ауыл­­дарда жоқ қой. Сондықтан қарапайым ғана бір жұмыс ауыл тұрғын­дарына үлкен проблема болып көрінеді. Оны жан-жақты дәлелдеудің өзі артық. Тек түсіністікпен қарау керек те, мүмкіндігінше көмектесу қажет. Міне, осындай өзекті мәселе­лерді ескерсе керек, Елбасы арнайы тапсырма беріп, бізді Астанадан аттан­дырды. Халыққа көрсеткен адал қызметімізді бұқаралық ақпа­рат құралдары өз уақытында сол елге көрсетіп, жазып та отырды. Шыны керек, Алматы облысын­да тұратын 103 этнос өкілі ынты­ма­ғымен, татулығығымен тәнті етті. «Ырыс алды – ынтымақ» деген қазақы даналықтың жарқын дәле­лі екенін аңғартты. Сондықтан, жетісу­лықтарға дән разымыз, – деді «Тәу­елсіз Қазақстан» пойызының жетек­шісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университеті «Халық­аралық қатынастар» кафедра­сының профессоры Әміржан Әлпейісов. Сонымен, Жетісудың жетінші бекетінде де 2 500 адамға қызмет көр­сетіп, консультативтік кеңес беріп, ел алғысын арқалаған «Тәуелсіз Қа­зақстан» пойызы Қапшағайдан соңғы бекеті – Алматыға аттанып кетті. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы