• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Еселі еңбектің өтеуі

179 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ел дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырды. Марапатталғандар қатарында мемлекеттік қызметшілер, мәдениет, білім мен ғылым және денсаулық сақтау салалары мен бизнес өкілдері болды. Шара барысында Гүлшара Әбдіқалықова ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күні қарсаңында жоғары наградаларды тапсыру игі дәстүрге айналғанын айта келіп, бұл күндері бүкіл еліміз қоғамды дамытуға және Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін көпшілік құрметіне бөленіп, ерекше көзге түскен қазақстандықтарды марапаттап жатқанына тоқталды. Сондай-ақ, ол Тәуелсіздіктің 25 жылында елімізде әлеу­меттік-экономикалық даму­дың қазақстандық моделі қа­лыптасып, демократиялық сая­си жүйе және жүзден аса этнос пен 18 конфессия өкілдерінің басын қосқан этносаралық келісімнің бірегей институты – Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы құрылғанын, қол жеткізілген табыстар Қазақстан Президентінің стратегиялық тұрғыдан ойлай білетін көре­гендігі мен саяси ерік-жіге­рінің айқын көрінісі, ел аза­маттарының қалтқысыз қыз­меті мен қажырлы еңбегінің нә­тижесі екенін атап көрсетті. – Игі дәстүр бойынша жыл сайын Тәуелсіздік күні қар­саңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуына еңбегін сіңірген Қазақстан азаматтарының елеулі тобын мемлекеттік наградалармен ма­рапаттайды. Биыл еліміздің мәртебелі мерейлі белесінде Елбасының Жарлығымен 2 710 адам жоғары мемлекеттік наг­радаға ие болды. Бұл ел Пре­зидентінің Қазақстан азамат­тарының, оның ішінде сіздердің Тәуелсіздікті нығайтудағы еңселі еңбектеріңізге берген жоғары бағасы деп қа­был­дауымыз керек. Ел Тә­уел- ­сіздігінің биыл­ғы маңыз­ды белесі барша хал­қымыз үшін мере­кеге айналуда. Ата-ба­баларымыз аң­сап өткен Тәуел­сіздік 1991 жылғы 16 жел­тоқсан күні «Қазақ­стан Рес­публикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабыл­дан­ғаннан кейін басталғаны мәлім. Ширек ғасырда әлемдік деңгейдегі тұлға – Елба­сының сындарлы сая­саты­ның арқасында Қазақ­стан демократиялық, саяси-құқық­тық жүйесі бар, экономикасы тұрақты, халқының әл-ауқаты жоғары, жаһанға бейбіт тірлік, берекелі дамумен та­нылған мәртебелі мемлекет ретінде қалыптасты, – деді Мем­лекеттік хатшы. Одан әрі Г.Әбдіқалықова аз ғана уа­­қыттан кейін награда алғалы тұрғандардың ішінде әр алуан мамандық иелері бар екенін айта келіп, Тәуелсіз­дік тұғы­рын бекіту жолында тер төгіп жүрген бұл азаматтар­дың Қазақстанды жаңа биікке бастап, еңбекте жемісті нәти­желер көрсете беретініне сенім білдірді. Сонымен, мемлекеттік, қо­ғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-эко­номикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені «Қазақ тамақтану академиясы ҚБ» ЖШС президенті Т.Шарманов пен Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Н.Коржоваға берілді. Бұдан кейін, «Парасат» орденімен – «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы, белгілі қаламгер С.Мәмет, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төр­ағасы А.Жұмағалиев, «Қазақ мем­лекеттік қыздар педагогикалық университеті» РМК ректоры Д.Нүкетаева, ақын С.Тұрғын­бек­ұлы, Қазақстанның қол добы федерациясының құрметті пре­зиденті Д.Тұрлыханов, Мем­лекеттік күзет қызметі Прези­денттік оркестрінің бас солисі Ж.Бақтай, «Ұлттық өнер» ЖШС директоры Т.Бурмис­трова, Сәулетшілер одағының президенті А.Рүстембеков, Қауіпсіздік Кеңесі хатшы­лы­ғының меңгерушісі С.Тәңір­берген, Президент Кеңсесі бас­тығының орынбасары Б.Темірболат, Президент Әкім­ші­лігінің бөлім меңгерушісі Ғ.Тілеу­беков марапатталды. Ал ІІ дәрежелі «Достық» ор­дені «Жастар театры» МКҚК көркемдік жетекшісі Н.Жа­қып­бай мен «Мемлекеттік рес­публи­калық корей музы­калық комедия театры» РМҚК директоры Л.Ниге тапсырылды. «Құрмет» орденіне – Пре­зидент Әкімшілігі бөлім мең­­герушісінің орынбасары С.Айдарбеков, Президент Бас­­пасөз хатшысының орынбасары М.Әкімжанова, Ш.Ай­манов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ вице-президенті С.Жұ­бан­дықов, «North Caspian Operating Company» компаниясының директоры Р.Әубәкіров, Пре­зи­дент Әкімшілігінің бөлім мең­герушісі Н.Галихин, Көкшетау қала­сын­дағы «Красный Яр №1 орта мектебі» КММ мұғалімі О.Мур­загельдинова, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Ұ.Нүсіпәлі, «Ұлттық штаттық ко­мандалар және спорт резерві ди­рекциясы» РМҚК нұсқаушы-спортшысы Д.Сәдуақасова, Ал­маты облысындағы «Кормовик» ЖШС бас директоры Н.Сы­дықов, Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі Ә.Тұрсынов, Пре­зидент Әкімшілігінің Бас­шысы хатшылығы мең­ге­рушісінің орынбасары Ю.Чер­касов лайық­ты деп танылды. Сонымен қатар, ІІІ дәре­желі «Еңбек Даңқы» ордені Қа­рағанды қаласындағы «Ар­селор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаменті И.Костенко атындағы шахтасының жұмыс­шысы Қ.Сүлейменовке, Қы­зылорда облысындағы «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС аға шебері К.Кемаловаға, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Не­жин­ка-Ерке» ЖШС сауыншысы Р.Яцуковаға берілді. «Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері» құрметті ата­ғымен «Қазақ әуендері» АҚ филиалы – «Гүлдер» ансамблінің әншісі Ұлықпан Жолдасов, «Дос-Мұқасан» ансамблінің көр­кемдік жетекшісі Мұрат Құ­сайынов, «Қазақстан халқы­ның рухани даму қоры» АҚ пре­зиденті Ж.Болдықова, «Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік ака­демиялық балалар мен жас­өспірімдер театры» РМҚК директоры Н.Горобец, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» КЕАҚ жетекші опера солисі Ж.Ғабдуллина, «Қазақ әуендері» АҚ филиалы «Гүлдер» ансамблінің әншісі Н.Қонысбаев, «Қазақконцерт» мем­лекеттік концерттік ұйымы» РМҚК әртісі Е.Рысқали марапатталды. Ал «Ерен еңбегі үшін» ме­да­лі Президент Әкімшілігі бөлім меңгерушісінің орын­баса­ры Н.Кузьмин мен Пре­зи­дент Әкім­шілігі бөлім мең­ге­рушісінің орынбасары Е.Құ­дайбергеновке берілді. Жиын соңында Г.Әб­діқа­лы­қова қатысу­шыларды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, баршаға бейбітшілік пен бақ-береке, Отанымыздың игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»