• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Бұл – нағыз адамгершілік акциясы

186 рет
көрсетілді

Мен рақымшылық акциясын қылмыс жасап, жазасын өтеу үстіндегі адамдарға ғана емес, сол адамдардың отбасы өкілдеріне жасалып жатқан мейірімділік акциясы деп санаймын. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді қазақ. Кезінде жаңылыстан қате басып, қылмысқа барған адамдарды қоғамнан біржолата аластауға болмайды ғой. Мына ұлы мейрамымыздың алдында осындай рақымшылық акциясын жасау – Елбасының көрегендігі. Екіншіден, осы акция қамтыған адамдардың есінде Тәуелсіздік мерекесі мәңгілік қалатын болады. Әкеміз немесе апамыз бір қателескеннен қылмыс жасаған еді, енді Тәуелсіздіктің 25 жылдығының арқасында бостандыққа шықты деп талай адам айтып, талай адам ризашылығын білдірері сөзсіз. Жалпы, этно­с­аралық жылдарында Қазақстан 8-ші рет амнистия жасап отыр. Кейбір көршілерімізде амнистия жыл сайын да жасалады. Оның үстіне, бұл рақымшылық акциясы баршаға бірдей қатысты емес, бұл бәрін де сараптап, білместікпен қылмыс жасағандарға, ауыр емес қылмыс жасағандарға және бірінші рет жаңсақ басқандарға ғана арналған гуманистік акт болып табылады. Рақымшылық акциясы бас бостандығынан айырылғандардың арасынан 1500-дей адамды ғана бостандыққа шығарады. Сонымен қатар, кейбір қылмыскерлердің жазасы мойнындағы қарыздарын өтеуіне байланысты жеңіл жазаларға ауыстырылады. Бостандыққа шыққандардың тағы бір парасы пробация қызметтерінің бақылауында болады. Жалпы, халықтың жағдайымен санасып, оларға жақсылық жасау акцияларын барлық азаматтарымыз да қолдайды ғой деп ойлаймын. Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ, Парламент Мәжілісінің депутаты, заңгер