• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Еліме де, Елбасыма да ризамын

249 рет
көрсетілді

Мен еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанат­ты мәжілісте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы­нан Қазақстанның Еңбек Ері ата­ғын алдым. Бұл – мен үшін ұмы­тыл­майтын тарихи сәт. Нұрсұлтан Әбішұлы кеудеме «Ал­тын Жұлдызды» тағып тұрғанда тол­қығанымды жасыра алмаймын. Әрине, еңбектің еленгенін әркім жақсы көреді, мен де пен­де ретінде сондай бақытты сәтті бастан кештім. Осы хабарды естіп, сол бақытты сәт жақын­даған сайын жүрек бұлқы­нып, марқұм әкемнің, ауыл ақса­қал­дарының бала кезімізде шерткен әңгімелерін, халқымның өзім оқыған тарихын ойша шолдым. Азаттық алмағанымызда елі­міз экономикасының қарқын­ды дамуына үлес қосып отыр­ған кәсіпкерлердің, тамаша ма­ман­дардың қадамы жүріп, жұлдызы жарқырайды деудің өзі бекер болар еді. Аталарымыздың сырт­қы жаумен арпалысып, атан­ның қомында, аттың жалында жүріп қорғаған осынша жерді гүлдендіру, кейінгі ұрпаққа мұра ету – біздің қасиетті мінде­ті­міз. Менің қатарластарым жас болсақ та азаттықты алып, оның іргесін бекітудің де оңай болма­ған­дығын білеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты сая­сатының арқасында Қазақстанды әлем таныды. Еліміздің жоғары атағына ие болуым тек өзімнің ғана еңбе­гім емес. Азаттық алған елін дұрыс бағытқа бастаған Ел­басы, 90-шы жылдардағы эконо­микалық қиындықтарды бірлесіп жеңе білген ел-жұртым, еңбек ұжымым болмағанда, мен тау көтерер Толағай емеспін, мұндай қошеметті көрмес едім. Бұл маған ғана емес, Қостанай облысы еңбек­керлерінің еңбегіне берілген баға деп түсінемін. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары-ақ Елбасымыздың «алдымен – экономика, сосын – сая­сат» дегені барлығымыздың есімізде. Президенттің бас­тауымен экономиканы тұрақтандыратын, да­мы­татын мемлекеттік ірі бағдар­ламалар қолға алынды. Сол бағ­дарламалар аясында ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндірушілер мемлекет тарапынан мейлінше көмек көрдік. Мемлекет көмек беріп отырғанда бастаған істі неге ұқсатуға болмайды? Мен секіл­ді кәсіпкерлер соны түсіндік. Ауыл шаруашылығын дамытуға өзім шама келгенше жаңа көзқа­распен қарауға тырыстым. Ол үшін ең алдымен бабалар мұраға қалдырған жерді аялау керек болды. Егін шаруашылығы да, мал шаруашылығы да жерді күтпей, ойдағыдай өнім бермейді. Ол үшін озық техникаларды, үздік технологияларды пайдалануға толық мүмкіндік жасалды. Қазір біздің облыс диқандары өндіретін астық та, ұн да экспортқа жоғары сапамен өтеді. Ауыл шаруашылығының әлі де дами беретіндігіне өзім сенімдімін. Қазір кәсіпкерлікке ұмтылған жастардың барлығы да сауатты, білімді. Өзімізде өндірілген шикізаттың өзімізде өңделуі керектігін жақсы түсінеді. Ауыл шаруашылығында осы 25 жыл ішінде біздің облыс үшін өнімнің жаңа түрлері өндіріле бастады. Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз экономикасы мен әлеуметтік саласы 17 есе өсті! Еңбектің арқа­сында кең даламыздың қасие­ті артып, Мәңгілік Ел идеясы­ның маңызы ғасырлардан ғасыр­ларға жалғаспақ. Елбасы қолы­нан Қазақстанның Еңбек Ері ата­ғының «Алтын Жұлдызын» алғаннан кейін осындай ойлардың жетегінде болдым. Еңбек ойлаған мақсатқа жеткі­зеді, мерейлендіреді. Біздің Тәуел­сіз еліміздегі еңбек адамына деген құрмет мені де қанаттандырды. Еліме қалай, Елбасыма қалай риза болмайын. Менің жүрегімді бұл­қынтқан, көкірегімді керген мақтаныш осы еді. Алмат ТҰРСЫНОВ, Қазақстанның Еңбек Ері Қостанай облысы