• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Иранмен сотталған азаматтарды алмасу туралы келісім жасалды

195 рет
көрсетілді

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қатынастар дамығаннан бері кәсіпкерлік және туризм бағытында ел азаматтарының аталған мемлекетке сапарлары жиілеп келеді. Тек биыл Иранға біздің 320 азаматымыз барса, ал Қазақстанға 2346 ирандық келді. Өздеріңіз білесіздер, осы елде жазалаудың ұзақ мерзімін ескеретін шариғат заңдары қамтылған. Өлім жазасы саны бойынша Иран тек Қытайға ғана жол беріп отыр. Қазіргі кезде Иранда сотталған біздің адамдар жоқ. Алайда, алдағы уақытта да біздің азаматтар болмайтына кепілдік жоқ. Сондықтан да біздің мемлекет отандастарымызды шетелде қорғау үшін құқықтық тетіктерге ие болуы тиіс», –  деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель. Құжатқа сәйкес, екі елдің арасында сотталғандарды беру үдерістері келісілді. Мәселен, егер де Иранда қазақстандық бұзақылық үшін жеті жылға жазаға тартылса, үкім заңды күшіне енгеннен кейін осы азамат немесе оның заңды өкілі еліміздің консулдық мекемелері арқылы жазаны одан әрі өтеуі үшін Қазақстанға ауыстыру туралы прокуратуға өтініш жасауы тиіс. Оның сөзіне қарағанда, сотталғандарды өзара беру шаралары екі жағдайда бас тартылуы мүмкін, олар: егемендікке, қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіргенде, екі тараптың заңнамасына және мүдделеріне қайшы келгенде. Айта кетейік, келісімге осы жылдың сәуірінде Мемлекет басшысының Иранға сапары аясында қол қойылды.