• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Израиль елімізге 214 млн доллар инвестиция салған

167 рет
көрсетілді

2005 жылдан бастап Израильден Қазақстанға келген тікелей инвестициялар көлемі 214 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл туралы бүгін Астана қаласында Қазақстан-Израиль бизнес-форумында «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Борисбий Жанқоразов мәлімдеді. Ол екі елдің сауда-саттық саласында тығыз қарым-қатынас орнатқанын мәлімдеді. «2005 жылдан бастап күні кешеге дейін Израильден Бұл – қаржы, кепілдендіру, медициналық қызмет көрсету және басқа да салалар бойынша тартылған қаражат. Біз израильдік жоғары технологиялы компанияларды Қазақстан экономикасына енгізбекпіз. Себебі, Израиль – әлемдегі инновациялық технологияларды жетік меңгерген елдердің бірі. Сондықтан қазақстандық кәсіпкерлерге бұл сала қызықты деп ойлаймын», деді ол. Бизнес форум барысында Борисбий Жанқоразов қос ел арасындағы сауда айналымы соңғы он жылда 6,3 миллиард АҚШ долларына жеткенін айтты. «Соңғы уақытты сауда айналымының көрсеткіші біршама төмендеді. Бірақ, бұл уақытша жағдай деп ойлаймын. Былтыр Қазақстан мен Израиль арасындағы сауда айналымы 306 миллион АҚШ долларын құрады. Мұндағы қазақстандық экспорттың үлесі – 219 миллион доллар болса, импорт – 86,9 миллион доллар. Ал биылғы 9 айда қос мемлекет арасында 237 миллион доллар көлемінде сауда-саттық жасалды», деген «KAZNEX INVEST» өкілі еліміз Израильге көбінесе мұнай өнімдерін, түрлі шикізаттарды экспорттайтынын жеткізді. Ал Израильден Қазақстанға ұялы телефондар, навигация жүйелері және жоғары технологиялы өнімдер әкелінеді екен. Басқарма төрағасы елімізді инновациялық мемлекетке айналдыру жолында тиісті шаралар жүргізіліп жатқандығын да әңгімеледі. Оның айтуынша, Үкімет алты жылдан бері Индустриялық инновация бағдарламасы аясында жұмыс істеуде. Бағдарлама бойынша 6 негізгі сала анықталды. Олар – металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, химия өнеркәсібі және азық-түлік өнімдерін шығару. Осы салалардағы кәсіпкерлер арасында бәсекелестік басым болады. Естеріңізге сала кетсек, бүгін өткен Қазақстан-Израиль бизнес-форумы Израиль Премьер-Министрі Беньямин Нетаньяхудың елімізге ресми сапары аясында ұйымдастырылған. Оған екі мемлекеттің өкілдері мен іскер топтары қатысты. Қос тараптың сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастығын нығайту және бірлескен жобаларды іске асыру мақсатындағы шарада жаңа мүмкіндіктер кеңінен талқыланды. Асхат РАЙҚҰЛ, "Егемен Қазақстан".