• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2016

Бейбіт өмір – береке бастауы

4621 рет
көрсетілді

Биыл – Қазақстан халқы үшін өткенге маңыз беріп, болашақтың мазмұнын айқындайтын ең мәртебелі де тарихи жыл. Тұғырлы ел болайық деген асқақ рухта тәуелсіздіктің негізін қалап, іргетасын бекіткенімізге, дүние жүзіндегі дербес мемлекеттердің қатарына енгенімізге 25 жыл толды. Осы 25 жылдың ішінде жаңа тарих беттері қатталып, онда Қазақстанның жаңа заманға сай келбеті қалыптасып, жауапкершілікпен атқарған қыруар жұмыстарының жемісі айқын көрініс тапты. Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымызға елдің тәуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңса­ған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асыр­дық. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын жаңа қазақстандық арманмен, тың бастамалармен қарсы алып отырмыз. Оның басты мақсаты жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан-2050» Стратегиясымен пара-пар. Еліміз ХХІ ға­сырдың ортасына қарай әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына қол жет­кізуді жоспарлап отыр. Тарихқа үңілсек, қазақ халқы талайлы тағдырында ұлтқа ұстын болған хандардан, ел қорғаған батырлардан, кемел билерден кенде болмаған. Абылай, Керей мен Жәнібек хандар тіккен Қазақ ордасын еңселі ел ету ісіне саналы ғұмырын арнады. Қазақ хандығы деген ұлан-ғайыр жерімізді жаудан азат етіп, еліміздің етек-жеңін бүтіндеді. Оның қазақ халқының тұғыры берік, жұлдызы жарық ел болуын аңсап, осы қасиетті мақсатқа жету жолында найзаның ұшын ғана емес, дипломатияның күшін де жұмсаған заманының аса көрнекті ханы болғанына тарих куә. Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай ерлігі мен ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Болашағымыз баянды, тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін біз бабалардан қалған аманатты есімізден шығармай, үнемі електен өткізіп отыруға тиіспіз. Өйткені, біз Абылай бабамыз армандаған осы күнге оңайлықпен жеткеніміз жоқ. Ел арасында Абылайдың арманына байланысты айтылатын тәмсіл бар. Ақтық сәтінде «Хан ием, не арманыңыз бар?» деп сұраған Бұқар жырауға Абылай хан: «Үш арманым бар. Біріншісі, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім. Қан көп төгілді. Екіншісі, халық жер емшегін еме алмады, қала, кент сала алмады. Үшіншісі, елдің басын біріктіре алмадым», деген екен. Әрине, сыртқы жауға қарсы қазақтың басын біріктіріп, халқын азат қыламын деп аттан түспеген ардақты ханның ел келешегіне қатысты арманы аз емес еді. Бірақ ауызбірліктің дұрыс болмау­ынан Абылайдың көп арманы заманында орындалмай қалды. Маңдайына бақ пен соры қатар жазылған Қазақ елі Абылай хан өмірден өткеннен кейін де тағдырдың талай тауқыметін тартты. Ырысын қашырған алауыздықты, «бас-басына би болған өңкей қиқым» заманды, ұлттық болмысымызды жоймақ болған тоталитарлық саясаттың тепкісін көрді. Алайда, ертеңгі күнге деген үмітімізді өшірмей, бәрінен өттік. Айбарлы Абылай аңсаған асқақ арманға, ұлы мұратқа бүгінгі ұрпақ жетті. Абылай армандаған мамыражай бейбіт өмірді көрді. Абылай мұратының орындалғаны осы емес пе?! Осы жиырма бес жылдың ішінде қазақ елі өзінің оң-солын таныды, етек-жеңін жинады. Ғасырлар бойы арман болған ұлы істер осы күні жүзеге асуда. Елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, мемлекеттік тілді жаңғырту жолында қыруар жұмыстар атқарылды. Қазақстан тәуелсіздіктің жиырма бес жылында экономикалық, әлеуметтік қуатты реформаларды жедел де тиімді іске қосып, қай салада да ТМД елдері ішінде көшбасшы атанды. Халықаралық қауымдастық Қазақстанды ортаазиялық көшбасшы, шынайы әріптес, тату көрші, тағылымды дос ретінде таниды. Айналдырған 10 жылдың ішінде Астананың дүниеге келуінің өзі сонау перғауындардың Мысырдағы пирамидаларды ғасырлап салғанымен пара-пар. Еуразия кіндігінде мың жыл тұрған қалалардан еш кем емес, жаңа да бірегей қала бой көтерді. Бұл да Елбасының ерен ерліктерінің бірі, тәуелсіздіктің арқа­сын­да қол жеткізген жетістіктеріміз. Өз кезегінде, осы мемлекеттің көк туын биіктете түсу міндеті әрбір Қазақстан азамац тына тағдыр сыйлаған ұлы бақыт десек те болады. Ал бақыт, Елбасы айтқандай, «бағалай біл­ген­нің басында тұрады». Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев әлем алдында тәуелсіз елдің тұсауын кескен сарабдал басшы ғана емес, өзін осынау тарихы бай, тағдыр-талайы ауыр, бірақ рухы мықты елдің сүйегінен жаралған адал перзенті екенін де қоса дәлелдеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық шең­берде, халықаралық деңгейде адамзатқа ортақ ондаған күрмеуі қиын мәселелердің оң шешілуіне ықпал етер көрнекті саясаткер, қазақтың бағына жаралған тарихи ұлық тұлға екеніне уақыт өткен сайын көзіміз жете түсуде. Тәуелсіздік жөнінде сөз қозғасақ, ең алдымен жадымызға түсетін қасиетті ұғым ол – елдің тыныштығы, мемлекет ішіндегі тұрақтылық. Тұрақтылық қай жерде болады? Тұрақтылық – бірлік болған жерде болады. Егер елдің ішінде саяси тұрақтылық болмаса, әлеуметтік даму болмаса, ол елде ешуақытта да баянды даму болмайды. Бұл жерде тіпті, тәуелсіздік тағылымы туралы айтуға да орын жоқ. Өте қиын. Неге десеңіз, елдің ішкі саяси ахуалы шайқалған жағдайда бәрі де шайқалады. Бұл тәуелсіздікке бірден-бір қауіпті қатер. Ішкі тұрақтылығы сыр берген мемлекетке сыртқы факторлардың әсер етуі өте оңай. Ал ел бірлігі мықты болған жағдайда ғана мықты мемлекет туралы әңгіме қозғауға мүмкіндік бар. «Тәуелсіздік тағылымы» дегеннен шығады, мәселен, осынау 25 жылда көп этносты мемлекетте ынтымақ негізін шайқалтпай ұстағандықтың өзі – көп жетістік, үлкен табыс. Меніңше, бұл Елбасымыздың да, еліміздің де үлкен бір жеңісі. Елбасының «Қазақстан-2050» страте­гия­лық бағдарламасында кез келген құқық бұзушылыққа төзбеушілік, әр сатыдағы қылмыспен күресті белсенді жүргізуді қамтамасыз ету ХХІ ғасырдағы мемлекет дамуының басым бағыты ретінде қа­ралған. Ал бағыттағы жұмыстардың негізгі бөлігінің бірі, сөз жоқ, ол – қоғамдық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету. Осы орайда Ұлт­тық ұланның күш-қуатын арттыру мен жетілдіруге, инфра­құрылымын дамытуға Елбасы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың тарапынан әрдайым үлкен көңіл бөлініп, қауіпсіздік проблемалары бірінші мәселе ретінде қаралып келеді. Сөз соңында, жақыны мен жатқа бейбіт­сүй­гіш, меймандос ниетімен танылған асыл халқымыздың асқақ мұраты – ел егемендігі мәңгілік баянды болсын демекпін.  Халқы­мыздың қуанышы ортаймасын, алар асулары көп болсын. Мәңгілік елдің мұраты – Қазақ елі замана ұсынған кез келген сыннан абыройлы өтіп, ел егемендігі ғасырлардан ғасырға жалғаса берсін. Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бас қолбасшысы, генерал-лейтенант