• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
31 Тамыз, 2011

Мектеп – кеме, білім – теңіз

9476 рет
көрсетілді

1 қыркүйек – Білім күні МЕКТЕП – КЕМЕ, БІЛІМ – ТЕҢІЗ                                 Қасым АМАНЖОЛОВ Мемлекеттігіміздің тұғы­рын бекітіп, алдағы бағыт-бағдарын, кемел ке­ле­ше­гін дәйектеп берген Елбасы Нұр­­сұлтан Назарбаев «Біз Қазақ­стан­­ды әлемдік дең­гейдегі білім орта­л­ығына айналды­руы­мыз керек» деген еді. Білім мен білігі, сауаты мен са­­на­сы биіктен табылған ел­дер­дің өрі­сі кең, өркені мық­ты бола­тынын кө­ріп, біліп отырмыз. Мемлекет бас­шы­­сы осыны басшылыққа алып, тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдары­нан бас­тап-ақ оқу ісіне ерекше көңіл ауда­­рып, қиын тұстарда да қаржыдан қыс­қан жоқ. Соның нәтижесінде, Отаны­мыз­дағы сан-салалы білім жүйесі әлем­дік стандартқа сай дамып келеді. Міне, ұлт үшін мерекелердің мерекесі, Қазақ елі үшін қасиеті де, қадірі бөлек Тәуел­сіздігіміздің 20 жылдығын атап өтетін тұста жаңа оқу жылын қарсы алып отыр­­мыз. Таяуда өткен мұғалімдер фо­румын­­да Білім және ғылым министрі Бақыт­жан Жұмағұлов ел білімінің бүгіні мен болашағы туралы жан-жақты баяндаған болатын. Ең бас­тысы, алдағы онжылдықта тү­бегейлі жаңа білім сапа­сы­на қол жеткізу керектігін, «Адам­­ның адамшы­лы­ғы жақ­сы ұстаздан болады» деп ұлы Абай айтқандай, бұл тікелей мұға­лім­дерге қатысты деген. Ал­да­ғы бес жылда 120 мың мұғалім қайта дайындықтан өтетінін, со­ның нәтижесінде, жаңа біліктілік туралы сертификаттар берілетінін тілге тиек еткен. Сол секілді білім беру қызметінің сапасын бақы­лау, 12 жылдық оқытуға кө­шу, алдағы жылдары салына­тын мектеп ғи­ма­раттары, жо­ғары оқу орын­да­ры, техника­лық және кәсіптік білім са­па­сы жайлы да ой өрбіткен еді. Біз бүгін Білім күніне орай, әралуан тақырып­тардағы ма­қа­лалар топтамасымен, отан­дық білім беру ісінің даму барысы туралы деректерді оқыр­мандарға ұсынып отырмыз. * * * ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК Биылғы 1 шілдеден бастап мұғалімдердің еңбек­ақы­сы 30 пайызға өссе, 1 қыркүйектен жоғары ка­те­го­риялары бар мұғалімдер біліктілігі үшін лауазымдық жалақысына 100 пайыз кө­лемде қосымша ақы алатын болады. Бұған бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлінген. *   *   * Еліміз бойынша жаңа оқу жылында мектептерде 279,4 мыңға жуық педагог жұмыс бастайды. Педагог кадрларға қажеттілік 2714 адамды құ­рай­­ды екен. Әсіресе Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан об­­лыстарының мектептерінде ма­ман тапшылығы сезілуде. *   *   * Білім күні Отанымыз бой­ынша 2,5 миллионнан астам оқушыға 7741 мектеп есігін ашады. Бірінші сыныпқа 260 мың бала барады. *   *   * Қазір елімізде 6960 мектепке дейінгі ұйым болса, оның 2483-і балабақша, 4477-сі шағын орталықтар екен. Онда 480 мың бала тәрбиеленуде. *   *   * Тәуелсіздік жылдары ішінде Отанымызда 780 мектеп пайдалануға беріліп, 4 ауы­сым­­мен сабақ беру мүлде тоқ­тап, 3 ауысымды мектеп­тер 76 бірлікке қысқарған. «100 мектеп» жобасы бой­ын­ша 104 мектеп салынып, пай­да­лануға берілген. *   *   * Қазір елімізде «Назарбаев зияткерлік мектептері» мен «Назарбаев университеті» отан­дық мектептер мен жо­ғары оқу орындарының үл­гісіне айналып, әлемдік стан­дартқа сай қызмет көр­се­ту­де. Бүгінде еліміз бойынша 6 зияткерлік мектеп жұмыс істеп жатыр. Онда физика-математика, химия-биология бағыты бойынша 3700-ден аса оқушы білім алуда. *   *   * Еліміз бойынша 4,5 миллион адам білім алуда. Оларға 414,5 мың педагог дәріс оқып, тәрбие беруде. *   *   * Елбасының тапсырмасы бойынша, «Жас Ұлан» және «Жас қыран» ұйымдары құ­рыл­ды. «Жас қыран» кіші буы­нына 1-4 сынып, ал «Жас Ұлан» ұйымына 5-9 сынып оқу­шылары кіреді. Бұл ұй­ым­дарға қабылдау салтанаты 1 қыркүйек күні болады. *   *   * «Дипломмен – ауылға» жо­­басының шеңберінде 12 мың маман еліміздегі ауыл­дық мекендерде жұмыс істеуге бел буған. Олардың 2 мың­­­­­­нан астамы тұрғын үй алу үшін 1,9 млрд. теңге кө­ле­мін­де пайызсыз несие алған. ___________________________ ТАЛПЫНЫС БАРДА ТАБЫС БАР Жаңа басталғалы отырған оқу жылы ел өміріндегі маңызды оқиға – «2011 жылды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» деп жариялаған тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміздің даму бағыты мен келешегінің көкжиегін көре білген Елбасымыз Н.Ә. На­­зар­баевтың бастамасымен қабылданған стра­тегиялық бағдарламалар Қазақ елі батыс пен шығыстың басын қосқан іргелі өркениет орталығына айналғанын ерекше мақтан етеміз. Тәуелсіз еліміздің болашағы – бүгінгі мек­теп оқушылары десек, Президент жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдаған Жол­дауларында білім беру мәселесіне ерекше басымдықтар беріп, «Сапалы білім беру – Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының негізі» екендігін атап көрсетті. Осындай игі мақсаттарды жүзеге асыру үшін қабылданған «Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­да білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарла­ма­сын» орындау – білім беру жүйесін дамы­тудың шешуші кезеңі болмақ. Өткен оқу жылында Үкімет пен облыс әкім­дігінің тікелей қолдауы және қамқор­лығымен білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарды, 4 мектептің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Биылғы оқу жылында 3 білім ұясының жаңа үйі бой көтеріп, 2 мектепте қосымша сынып бөлмелері оқушыларға есік ашты. 2011 жылы жергілікті бюджет есебінен 40 білім нысанының күрделі жөндеу жұмыс­та­рына 1 млрд. 866 млн. 616 мың теңге бөлін­­ген. Оның ішінде 27 мектептің күрделі жөн­деу жұ­мыстарына 1 млрд. 64 млн. 942 мың теңге қарастырылып, 6 мектептің шатыры, 13 мек­тептің жылу жүйесі, 1 мектептің спорт залы, 6 мектептің ғимараты, 1 мектептің электр жүйесі күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, 373 млн. 567 мың теңгеге 202 білім ныса­ны­на, оның ішінде 159 мектепке ағымдағы жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Өткен оқу жы­лында 60 оқушымыз түрлі республикалық, халықаралық білім, спорт, өнер байқау­ла­рын­да жүлдегер атанып, 86 медальді иеленіп, облыс абыройын асқақтатты. Республикалық пән олимпиадасында облыс командасы жүл­де­лі 2-ші орынды жеңіп алып, еліміздегі «Ең үздік команда» деп танылды. Дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-ин­тер­­наты мен облыстық «Дарын» мектеп-ин­тернаты «Ең үздік олимпиада» мектебі атан­ды. Отандық ғылыми жоба жарысында ко­мандалық есепте 3-ші жүлделі орынға қол жеткіздік. Жыл өткен сайын дарынды шә­кірт­теріміздің халықаралық, әлем олимпиада­лары мен ғылыми жарыстардағы жетістіктері арта түсуде. Былтыр дүбірлі жарыстарда 18 медальді иеленсек, биылғы жылдың 7 айында ол көрсеткіш 19 медальге жетті. Дарынды шәкірттеріміздің бұл еңбегін ерекше атап өткім келеді. Әсіресе, Түркияның Анкара қаласында химия пәнінен өткен әлем­дік олимпиададан алтын медальмен орал­ған 11 сынып оқушысы Абылай Шахизадаев, физика пәнінен Тайландта болған халықа­ра­лық олимпиаданың алтын медалінің иегерлері Қай­сарбек Өмірзақов пен Нұржас Айдынов, биология пәнінен Тайваньда өткен халық­ара­лық олимпиаданың қола жүлдегері Ернар Тұрсынбай, шахматтан Польшада өткен әлем чемпионатының жүлдегері, 3-ші сынып оқушысы Әнел Алтайбек облыс абыройын асқақтатса, жас музыканттардың республи­калық 45-ші байқауында Айя Габбасованың бас жүлдені алуы ұстаздар еңбегінің ақтал­ғаны деп білемін. Дарынды шәкіртті талант­ты ұстаз тәрбиелейді десек, сондай ұстаздар қатарында Н.Володько, М.Орынбаева, М.Айтбаева, т.б. бар Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту білім саласының ең басты бағыттарының бірі екені белгілі. 2010 жылдың мамыр айында қабыл­дан­ған «Балапан» мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында 6870 бала мектепке дейінгі тәр­биемен қамтылды. Жыл басында Тараз қа­ласы «Астана» шағын ауданынан 280 орын­дық жаңа балабақша құрылысы салынып, пай­­далануға берілсе, үстіміздегі жылы Қор­дай, Меркі аудандарында 2 балабақшаның құрылысы жүргізіліп, облыстық бюджет есебінен 286 млн. теңгеге 1630 орындық 14 ба­лабақша ғимараттары салынып, 6 бала­бақ­шаға күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Оқушылардың жазғы демалысы да жақсы өтті деуге болады. Бұл салаға 2010 жылы  362,0 млн. теңге қарастырылса, 2011 жылы  480659,0 млн. теңге бөлінді. Жасөспірімдердің сабақтан бос уақытын тиімді пайдалану бүгінгі күні ең өзекті мәселелерінің бірі. Мектептен тыс мекемелерде 20720 бала қосымша білім алса, 32 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 14591 ұл мен қыз спортпен айналысуда. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, бас­қаның бақытын аялау» дейді Жан-Жак Руссо. Сол ұстаз мәртебесін көтеру үлкен міндет. Бұл орайда, Елбасының ерекше қолдауымен мұғалімдер айлығы жыл сайын өсіп отыр. Ендігі жерде ұстаз біліктілігіне қарай база­лық лауазымдық жалақысына қосымша ақы төленеді. Бұл айтулы қамқорлық деп білеміз. Қамқорлыққа сай қызмет ету бәрімізге парыз. Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА, Жамбыл облысы білім басқармасының бастығы. * * * РАХМЕТ! Бір жолы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз мұғалім мамандығының беделі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз» деген еді. Мемлекет басшысы қандай қиын кезеңдерде де төзімділік танытып, елдің болашағы саналатын жас ұрпаққа білім беріп, тәрбие үйретіп жүрген ұстаздар қауымының беделін арттырып, абыройын асыру жолындағы игілікті істерге өзі тікелей ұйытқы болумен келеді. Соның бір дәлелі мұғалімдер айлығын жыл сайын өсіріп отыруы дер едік. Биыл да сол үрдіс жалғасын тапты. 1 шілдеден бастап ұстаздардың жалақысы 30 пайызға көтерілсе, 1 қыркүйектен мұғалімдер мен техникалық және кәсіптік ұйым шеберлерінің біліктілігіне қарай базалық лауазымдық жалақысы 100 пайызға көбейтілді. Осыны жоғары көңіл күймен қабылдаған Отанымыздың мұғалімдері бұл Елбасының жүргізіп отырған саясатының жемісі деп бағалап, өздерінің ілтипаттарын білдіруде. БҰЛ – ҰСТАЗ ЕҢБЕГІН БАҒАЛАУ Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ұстаздық – ұлы нәрсе» деп еді. Шынында, ата-анамен қатар жүріп, ұрпақ тәрбиелеу оңай болмаса керек. Мұны мен бүкіл саналы ғұмырымды ұстаздық қызметке арна­ғандықтан жақсы білемін. Біз бір кездері кеңестік кеңістікте өмір сүрдік. КСРО-ны отанымыз дедік. Мәскеуге барсақ, соны мәртебе санадық. Қазір, тәубе, Тәуелсіздіктің арқасында төрткүл дүниені шарлап жүрміз. Қазақты, Қазақ елінің Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­ты әлем таныды. Азуын айға білегендермен иығымыз теңесіп, сөзіміз жарасып келеді. Мен осыларды айта отырып, ана бір жылдардағы қиындық кезінде мұғалім беделінің түсіп кеткенін, енді соны қал­пы­на келтіру ісінде атқарылып жатқан жұмыстарға дән ризалығымды, оған Президенттің бастамашы болып отырғанын жеткізгім келеді. Міне, бір жылдың ішінде айлығымыз екі рет өсіп отыр. Бұған тағы бір қосарым, жаңадан қабылданған Мемлекеттік білім бағдар­ла­масында көрсетілгендей, 2015 жылға қарай педагогтардың орташа жалақысын жеке сектордағы еңбекақыға теңестіру көзделген. Бұл қазіргімен салыстырғанда екі немесе үш есеге өседі дегенді білдіреді. Ал мына 100 пайыздық үстеме соның бастамасы деп есептеймін. Қанипа БІТІБАЕВА, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Шығыс Қазақстан облысы. * * * ЕЛОРДАЛЫҚТАР ДА ДӘН РИЗА Шағын ғана елді мекендей қаланың аумағынан астана тұрғызып, әлем жұртшылығына танылған Отанымыздың елдік жолындағы қол жеткен жетістіктері Елбасының сарабдал саясатының жемісі дер едім. Бір кездері Ақмолада санаулы ғана мектептер болса, қазір білім ұялары 70-ке таяп қалды. Қазақ мектебі жалғыз еді. Ол да көбейді. Тәуелсіз еліміздің, елорданың гүлденуіне, жас ұрпақтың саналы да салиқалы болып өсуіне өздерінің үлесін қосып жүрген мұғалімдер Президенттің тікелей тапсырмасымен 1 қыркүйектен бастап жоғары санатты ұстаздар қауымының айлығы 100 пайыз өсетінін ерекше қуанышпен қабылдап отыр. Мұндай қамқорлық мұғалімдердің әл-ауқатын көтеруге, отбасылық жағдайын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз. Мен жетекшілік етіп отырған мектеп ұжымының озат мұ­ға­лімдері қазір қосылатын айлыққа қажет құжаттарын әзірлеу үстінде. Ербол ІСЛӘМҰЛЫ, Астана қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы №40 қазақ орта мектебінің директоры. Астана. * * * БЕЙНЕТТІҢ ЗЕЙНЕТІ ДЕП БІЛЕМІЗ Шарапаты мол іс кімнің де болса көңілін марқайтады, мерейін өсіреді, мәртебесін арттырады. Елбасының атқарып жатқан жұмысын біз жақсы білеміз. Жыл сайын Президент өз Жолдауында білім саласының қызметкерлеріне ерекше назар аударып, айлық өсіру жөнінде нақты тапсырма беріп, оны тиісті орындар бұлжытпай атқартып келеді. Шыны керек, ана бір жылдары мұғалім десе көп жұрт олқы көзқараспен қарайтын еді. Соның әсерінен бе педагог болуға талпынған жастар да азайып кеткен. Қазір олай емес. Алдымызда білім алып жүрген шәкірттеріміздің арасынан ізімізді басып, ісімізді жалғастырсақ деген ұл мен қыз шыға бастады. Мұның бәрі мұғалім беделінің артқанын көрсетеді. Ал күні ертеңнен бастап білікті ұстаздардың айлығының өсуі бізге жасалған қамқорлық қана емес, ұрпаққа көрсетілген шарапат деп білемін. Бұл үшін біз Мемлекет басшысына рахметімізді айтуға тиістіміз. Жұлдыз НҰРЛЫХАНОВА, Жаңа Шамалған кентіндегі Ы.Алтынсарин атындағы мектептің мұғалімі. Алматы облысы.