№2 Ертіс жалпы орта білім беру мектебі – болашаққа бой түзеген тірек мектебі, қоғам дамуына сай білім беру керуенінің көшін бастап келе жатқан білім ордасы. Баланың табиғи дарынын ашып, өнерін ұштауда, терең білімді ұрпақ тәрбилеуде сара жолы бар өзіндік ерекшеліктерімен айқындалатын оқу орны. Бұл білім ордасы – қазақ халқының биік рухын, ұлттық мәдени мұраларын келешек ұрпақ иелеріне жеткізіп отырған мәдени орын, ұлттық тәлім-тәрбие орталығы.
№2 Ертіс қазақ орта мектебінің іргетасы 1932 жылы қаланған. Қазіргі мектеп ғимараты 1993 жылы іске қосылды. Мектепте 2011 – 2016 оқу жылдары кәсіптік оқыту моделін енгізу бойынша эксперимент алаңы ашылды. Тақырыбы: «Көп салалы мектеп лицей статусына ауысу үшін оқу – тәрбие үрдісінің біртұтас жүйесін қалыптастыру». Мақсаты: «Оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудің кәсіби бағдарланған жүйесіне негізделген білім берудің мектеп – лицей моделін әзірлеп, апробациялау».
Мектебіміздің барлық оқу кабинеттері арнайы пәндер бойынша стендтермен жабдықталған. Арнайы жабдықталған химия, физика, биология оқу кабинеттері, интербелсенді тақтамен жабдықталған математика, ағылшын, қазақ тілі кабинеттері және онлайн режіміндегі кабинет бар. Заман талабына сай білім мекемесінің материалдық базасы нығайтылды.
Болашақ – жастардың қолында. Ал, білімді, ойы ұшқыр тұлға қалыптастыру, тәрбиелеу – ұстаздардың қолында. Сондықтан оқу үдерісінде жаңа технологияларды кеңінен қолдану оқушылардың білімге деген қызығушылығы мен ізденушілігін арттырады. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттың құндылықтары, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған білім алуға қажетті жағдайлар жасау» деп атап көрсетілген. Сондықтан білім берудің барлық жүйесін талапқа сай реформалау, жеткіншек жастарға тиянақты тәлім-тәрбие беру – біздің міндетіміз. Осы мақсатта мектептің педагогикалық ұжымы аянбай еңбек етіп келеді. Бұл ретте шығармашыл инновациялық бағыттардың болуы, педагогтардың арасында шығармашылық топтардың құрылуы – жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Әрбір мұғалімнің ғылыми-зерттеушілік, шығармашылық жұмыспен айналысуына, жаңа педагогикалық инновацияларды меңгеруіне және енгізуіне жағдайлар жасалды. Ал, әдістемелік жұмыс арқылы әр мұғалімнің педагогикалық шеберлігі шыңдалады, әріптестерінің тәжірибесін меңгеруге мүмкіндік туады. Мектепте 7 әдістемелік бірлестік бар.
Сапалы білім мен саналы тәрбие беру барысында мектепте жоғары және бірінші санатты ұстаздардың үлесі басым. Тәжірибелі мамандар жас ұстаздарға жетекшілік жасап, білгенін үйретуден жалыққан емес. Шығармашылық жұмыстары мен өздерінің озық іс-тәжірибелерін облыстық, республикалық семинарлар мен байқауларда көрсетіп, ғаламтор арқылы таратуда. Мұның пайдасы зор. Осы арқылы мектебіміздің мұғалімдері мен оқушыларының еңбегін көпшілік біле бастады, түрлі оқулардың жеңімпазы, «Үздік мұғалім», «Жыл мұғалімі» атанды. География пәнінің мұғалімі Ә.Махметов халықаралық деңгейдегі үш елдің (Ресей, Белоруссия және Қазақстан) бірлесіп шығарған «Ең үздік мұғалімдер» энциклопедиясына енді.
«Еліміздің болашағы – жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында» деп Елбасы айтпақшы, қазіргі бәсекеге қабілетті қоғамда ұстаздар қауымы балаларды білім нәрімен сусындатып, биік армандарға жетелейді. Олардың орны ерекше. Мектебімізде оқушыларға терең де, тиянақты білім беріп, өз сабақтарында түрлі инновациялық әдіс – тәсілдерді пайдаланып, жемісті еңбегінің арқасында, жеңіс тұғырына жетіп жүрген мұғалімдер баршылық.
Жыл сайын орта буын оқушыларымыз химия–биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен қазақ-түрік лицей мектебіне оқуға түседі. Бұл – ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесі. Мұғалімнің өз пәнін терең меңгеруі – оның алғашқы қыры, кәсіби шеберлігін үздіксіз ұштай, шыңдай түсуі – екінші қыры болмақ. Бұл сөзімнің дәлелі, бүгінде біздің мектепте «Өрлеу» біліктілік арттыру және педагогикалық шеберлік орталығының үш айлық жаңа деңгейдегі курсынан өткен бірнеше мұғалім бар. Олардың әр сабағы оқушылардың қызығушылығын ерекше тудырып отырады.
Мектеп ұжымы оқушылардың білім-білік дағдыларының дамуына, тәжірибесін, шығармашылық жұмысқа бейімдеп аудан, халықаралық, республикалық, облыс көлеміндегі іс-шараларға, байқауларға белсенді қатысуына жағдай жасауда.
Мұғалімдер мен ата аналардың қарым- қатынасы жақсы жолға қойылған. Оқушылармыз ғылыми-білім, спорт, мәдени бағыттар бойынша әр деңгейдегі жарыстар мен байқауларға қатысып жүлделі орындар алуда. Жыл сайын оқушылардың ғылыми жоба сайысына, пән олимпиадаларына, «Ақбота», «Кенгуру», «Алтын асық» сияқты интеллектуалдық марафондарға қызыға қатысып, жүлделі орындарға ие болуы мұғалімдер еңбегінің жемісі.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты аудан көлемінде 2004 жылдан бастап мақсатты, ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Өйткені, ұлттық тестілеу кезінде оқушының он бір жыл бойы алған білімі бағаланса, мұғалімнің де еңбегі осы ҰБТ- мен өлшеніп отыр. Сондықтан да өзі еккен ағашының жеміс беруі үшін мұғалім қауымынан тынбай еңбек ету талап етіледі. Ал ұстаз нәтижеге жету үшін оқушыларды тиімді әдіс-тәсілдер қолдана отырып, жан-жақты дайындауы қажет.
Білім мекемесі аудандық «Ең үздік ауыл мектебі» байқауында жүлделі бірінші орын алып, облыстық байқауға жолдама алды. «Үздік ауылдық жалпы орта білім беретін мектеп» номинациясы бойынша облыстық конкурстың лауреаты атандық. «Ең көрікті, балаларға шырайлы мектеп» байқауында жүлделі ІІ орынға ие болдық. Мұның бәрі, сөз жоқ, мектеп ұжымының нәтижелі жұмысының, ата-аналармен, әріптестерімен ортақ тіл табысуының, мектептің оқу-материалдық базасы нығаюының жемісі.
«Мың жылдығыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле», – деген қазақ халқының даналық сөзі бар. Жеке тұлғаны тәрбиелеуде ұстаздар жас ұрпақ бойына білім ғана емес, ізгілік нұрын себеді. Табыстарымызға ата-аналардың қосқан үлесі де мол. Олар мектеп қабырғасындағы барлық тәрбие жұмыстарына қатысады. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында бәріміз бірігіп қимылдасақ, шығар биігіміз жоғары болатыны сөзсіз.
Айнұр СӘРСЕНОВА,
№2 Ертіс жалпы орта білім беру мектебінің директоры
Павлодар облысы