Қарапайым халық полицияны қорғаным, қысылтаяң шақта арқа сүйер тірегім деп таниды. Рас, кейбір келеңсіз жайттар полицияның атына кірбің де түсіріп жатады. Ал, тұтастай алғанда полиция ел тыныштығының тірегі, азаматтардың конституциялық құқығының қорғаушысы бола беретіні анық. Бұл ретте әріптестеріне жетісулық полицейлерді үлгі тұтуға болатын игі істері бар. Сондықтан төл міндетін адал атқарумен бірге әрдайым БАҚ жанашыры да бола білетін Алматы облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат ҰРЫМХАНОВПЕН жүргізген сұхбатымызды ұсынамыз.
– Мұрат Жалелұлы, ел тыныштығы мен қоғамдағы тәртіпті сақтауда төл міндеттеріңізді қалай атқарудасыздар?
– Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерекеде де облыс аумағында тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылыққа жол бермеу, қоғамдық тыныштықты сақтау мақсатында жеке құрам қызметі күшейтілген режімге көшірілді. Сонымен қатар, қазіргі кезде Алматы облысындағы қалалар мен аудандар орталықтарындағы көше қиылыстарында, қоғамдық орындар мен автожолдарында 144 сыртқы бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Бұл бейнекамералар қалалық, аудандық ішкі істер бөлімдері мен Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасы жедел басқару орталығына қосылған. Сөз реті келгенде айта кетсем, осы жылдың соңына дейін облыс көлемінде тағы да 200-ге жуық бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Жұмыс нәтижесіне келсек, ағымдағы жылы Талдықорған қалалық ішкі істер бөлімі камераларының көмегімен тонау, бұзақылық, ұрлық деректері бойынша барлығы 97 қылмыс пен 12624 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
– Қандай да бір қылмысты ашып, тергеу амалдарын жүргізетін полицейлер әрекетіне кәсіби тұрғыда әрі статистикалық мәліметке сүйене баға берсеңіз?
– Қылмысты ашу полиция қызметкерлерінің қажырлылығын, шыдамдылығын шыңдайды. Қандай да бір болған оқиғаға дер кезінде терең үңіліп, ден қойып әрі жедел қимылдауын талап етеді. Ағымдағы жылы ауыр және аса ауыр қылмысты ашу республика көлемінде 63,2% болды. Бұл факт былтырғы жылмен салыстырғанда қылмыстың 14,9 пайызға артық ашылғанын көрсетеді. Сол жұмыстың жақсаруына жетісулық полицейлер де ерекше еңбек сіңірді. Негізінен Алматы облысы тұрғындары мал шаруашылығымен айналысатындықтан, көбіне-көп мал ұрлығы орын алады. Сондықтан полицейлер мал ұрлығының алдын алу, ұрылардың ізіне түсіп, оларды ұстау сынды шараларды уақтылы атқаруға машықтанған. Мәселен, ағымдағы жылы облыс бойынша ұрланып, жоғалған 2 254 бас малды полиция қызметкерлері тез тауып, иелеріне қайтарды. Тұтастай алғанда, қазіргі күні облыстағы криминогендік ахуал тұрақты бақылауда тұрғандықтан тыныштық сақталуда. Жалпы, барлық қылмыстық істер бойынша тергеу амалдарының заңға сәйкес жүргізілуі менің жеке бақылауыма алынған.
– Облыста алғашқылардың бірі болып құрылып, жұмысын бастаған консультативтік кеңестің рөлі туралы не айтасыз?
– Үстіміздегі 2016 жылғы наурызда ішкі істер департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші орган туралы ережені және оның құрамын бекіттік. Аталған кеңестің негізгі мақсаты ішкі істер органдары қызметінің айқындылығын қамтамасыз етуге ықпал ету, қызметтік этика нормаларын бұзған қызметкерлердің іс-әрекетіне шағымданған жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарау болып табылады. Ал міндеттеріне келер болсақ, олар – халықтың ішкі істер органдары қызметіне сенімін арттыру, полицияны халыққа жақындату, ішкі істер органдарының қызметіне консультативтік, әдістемелік және тағы да басқадай қолдау көрсету. Тағы бір артықшылығы, қызметкерлерге әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсетіп, полицейлер қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді. Осы мақсаттар мен міндеттерге дер кезінде қол жеткізу үшін кеңестің жұмысына ішкі істер органдарының ардагерлері, «Нұр Отан» партиясының, бұқаралық ақпарат құралдарының, сондай-ақ, әртүрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері жұмылдырылды.
Кеңес жұмысының арнайы жоспары әзірленіп, бекітілді. Сол жоспарға сәйкес биылғы жылы екі отырыс өткізіліп, бүгінгі күннің өзекті мәселелері қаралды. Соның ішінде, ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің атқарған жұмысы туралы есебі, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша қоғамдық-бақылау комиссиясы тобының құрамына кіру мәселесі, полиция қызметкерлерінің имиджін көтеріп, жемқорлыққа қарсы әрекет етуге бағытталған шараларды өткізу стратегиясы қарастырылды.
– Полиция құрамында өзіндік орны анықталған жол полициясының жұмысы туралы толыққанды мағлұмат берсеңіз?
– Елбасымыз ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 30-ыншы қадамын орындауда 2015 жылғы 2 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды. Аталған заңға сәйкес жергілікті полиция қызметі құрылғаны мәлім. Жергілікті полиция қызметінің негізгі мақсаты ел тыныштығын күзетуде полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, полицияға халықтың сенімін арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады. Аталған қызметті жүргізуге учаскелік полиция инспекторлары, ювеналдық полиция, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, табиғатты қорғау полициясы, тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғалар үшін қабылдау-тарату орындары, жол-патрульдік полиция жұмылдырылады. Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық жағдайын күшейту мақсатында радиобайланыспен, дабыл күшейткіш құрылғымен, GPS қондырғысымен жабдықталған қызметтік автокөлікпен, жылжымалы фоторадар «Крис-П» кешенімен, ауыр жүкті көлік құралдары жүргізушілерінің демалыс пен еңбек режімін сақтауын бақылауға арналған тахографпен, бейнежазбаларды өңдейтін стансамен жарақтандыру үшін облыс бюджетінен қаражат қаралды. Жергілікті полиция қызметі тарапынан үнемі өткізіліп тұратын «Жасөспірім», «Мен және менің полицейім», «Жаяу жүргінші», «Учаске», «Қауіпсіз жол», «Браконьер», «Құқықтық тәртіп» және т.б. жедел алдын алу іс-шаралары құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың құқықтық білімін жетілдіруге, қылмыстарды болдырмауға бағытталған.
– Тәуелсіздік мерекесіне тартуларыңыз да бар шығар?
– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай ағымдағы жылдың мамыр айында Кинологиялық қызмет орталығы толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Кинологиялық қызмет орталығында бүгінгі күнде – 18, қалалар мен аудандардағы ішкі істер бөлімдерінде 18 қызметтік-іздестіру иттері қызмет етуде. Нәтижесінде есірткі және жарылғыш заттарды анықтау, іздеу одорология желісі бойынша қолданылады. Жыл басынан бері 433 қылмыс ашылды. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында облыс әкімдігінің қолдауымен ішкі істер департаментінің теңгеріміне өткен аумақта жаңадан плац ашылып, 25 түп қарағай көшеті отырғызылды. Сондай-ақ, облыс полицейлері жетім, мүгедек балалар, ардагерлер, жалғызбасты қарттар мен мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған «25 қайырымды іс» акциясын өткізді.
Әңгімелескен
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы