1992 жылдың 18 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының шекара әскерлері туралы» Жарлығы жарияланды. Сол сәттен бастап КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызыл тулы Шекара округінің құрылымдары мен бөлімдері тәуелсіз еліміздің шекара әскерлерінің негізіне айналды. Осы уақыттан бастап 18 тамыз Шекара әскерлерінің құрылған күні болып есептеледі.
Қазақстандық шекарашылар, ең алдымен, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасындағы шекара бөлігін күзетуді қолға алды. Оның ұзындығы – 1718 шақырым. Ал қазіргі таңдағы шекарашыларымыздың күзететін шекара сызығының ұзындығы 15 мың шақырымнан асады.
Осы орайда, Елбасымыздың мемлекеттік шекараны анықтау, белгілеу жөнінде атқарған ұшан-теңіз еңбегін ерекше атап өткен орынды. Мемлекет басшысының «Дүние жүзі мемлекеттері ішінде аумағы бойынша тоғызыншы орынды алатын Қазақстан шекарасы, барлық экономикалық қиындықтарға қарамастан, таяу жылдарда сенімді қорғалатын болады», деген сөзі шекарашыларға қанат бітірді. Көрші мемлекеттермен шекара сызығын анықтау бойынша келіссөздер жүргізу, делимитация, демаркация үдерістерін өткізу оңай болған жоқ. Бірақ, Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында осы мәселелер оңтайлы шешімін тауып жатты. Шекара әскерлері біртіндеп мемлекеттің белгіленген жаңа шекара бөліктерін күзетуге кірісті.
Мемлекеттік шекараны күзетуді тиімді ұйымдастыру мақсатында бес өңірлік басқарма құрылды. Атап айтқанда, оңтүстік шепті қорғау, мемлекеттік шекарада экстремистік топтардың іс-қимылдарын ауыздықтау, сондай-ақ, қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі құралдарының және заңсыз миграцияны тоқтату мақсатында 2000 жылы «Оңтүстік» өңірлік басқармасы құрылды. Қазақстан Республикасының шығыс шебін күзету мақсатында 2002 жылғы 31 мамырда «Шығыс» өңірлік басқармасы құрылды. Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметін жайластыру мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2002 жылдың 17 тамызында Қостанай қаласында «Солтүстік» өңірлік басқармасы құрылды.
«Батыс» өңірлік басқармасының негізгі күш-жігері Каспий теңізіндегі аумақтық проблемаларға байланысты туындайтын жағдайларды анықтау, шетелдің арнаулы қызметтерінің барлау-бүлдіруіне қарсы тұру, мемлекеттік шекарадағы заңсыз қарулы топтардың іс-қимылының жолын кесу, Каспий теңізінің биоресурсын қорғау, контрабандалық қару-жарақтың, оқ-дәрінің және есірткі құралдарының жолын кесу жұмыстарына жұмылдырылды. Мемлекеттік шекараны күзету шараларын дамыту мақсатында, оның ішінде Каспийдің биоресурсын қорғау үшін 2008 жылдың 29 мамырында «Батыс» өңірлік басқармасының негізінде «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасы құрылды.
Әрине, алғашқы жылдары қиындықтар көп болды. КСРО деген мемлекет тарағаннан кейін оның әсері барлық салада білініп жатты. Алдымен экономикалық байланыстар үзілді. Осының әсерінен келіп шекара әскерлерінде материалдық-техникалық жағынан жабдықтау жағы қиындады. Мамандар жетіспеушілігі қатты байқалды. Көптеген шекарашы офицерлер, әскери қызметшілер өздерінің тарихи отандарына қайта бастады.
1998 жылдан шекара әскерлерінде бетбұрысты кезең басталды. Материалдық-техникалық жағдай жақсара түсті. Елбасының тікелей қолдауы арқасында жыл сайын шекара қызметіне тұрақты түрде қомақты қаржы бөлініп, заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталды. Заман талабына сай келетін қажетті инфрақұрылымдар бой көтерді. Шекара бойына инженерлік кедергілер орнату жұмыстары жүйелі атқарылды. Көптеген заставалар заманауи арнаулы құралдармен, байланыстық белгі беру кешендерімен, бақылау құралдарымен, басқа да керек-жарақтармен жабдықталды.
Шекара бірлестіктерінде, құрылымдары мен әскери бөлімдерде автопарктер жаңартылды. Арнаулы техникалық құралдармен жабдықталған жаңа үлгідегі автокөліктер алынды. Олардың ішінде жол таңдамайтын көліктер, ауа райының қолайсыздығына бейімделген арнаулы көліктер шекарашыларымыздың таптырмас серігіне айналды. Жағалау күзеті үшін мыңнан астам шамшырақ, прожекторлы стансалар сатып алынды. Қазіргі кезде Шекара күзетін әскери ұшақтар және тікұшақтарсыз көзге елестету мүмкін емес. Каспий теңізін және ондағы биоресурстарды қорғап, браконьерліктің жолын кесу үшін шекара катерлері мен кемелері іске қосылды.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының шекарасы жоғары әскери-техникалық талаптарға сай жабдықталған. Шекара күзетінде жаңа техника мен озық технология толық көрініс тапқан. Шекара қызметінің қару-жарағын, техникасын Астанадағы әскери шеру барысында көптеген адам тамашалады.
Сонымен қатар, шекара күзетінде қызметтік жануарлар да кеңінен пайдаланылады. Оның ішінде аттар мен иттердің жөні бөлек. Аттар тау мен тастың арасындағы шекара сызығын бақылауда таптырмайтын көлік екендігі ертеден-ақ белгілі. Ал шекара бұзушыны іздестіруде, есірткі заттарын анықтауда шекарашы сарбаздар қызметтік иісшіл иттердің көмегіне жүгінеді.
Инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету мақсатында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Шекара қызметінің инженерлік бөлімшелері мыңдаған шақырымға жуық қоршаулы және бөгетті шарбақтар орнатты, ор қазды. Сондай-ақ, шекара жолдары, бақылау мұнаралары, ұшып-қону алаңқайлары, шекара катерлері үшін айлақтар, қалқымалы көпірлер салынды.
Жалпы, шекара күзеті деген ұғым кешенді шаралармен ерекшеленеді, асқан жауапкершілік пен шынайы патриоттықты қажет етеді.
Құсайын БЕРҚАЛИЕВ,
генерал-майор, ҰҚК Шекара қызметінің «Застава тарландары»
республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы