немесе Нұрғисадан бата алған Нұрсәт
Еліміздің болашағы бүгінгі жастардың қолында болмақ. Осы бағытта бар мүмкіндіктер жасалу үстінде деп, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алға қойған мақсатында айтылғандай, игілікті бастамалар іске асырылуда. Еліміздің классикалық музыка өнері мұрасын дамытуда ел сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген жастар баршылық. Сондай жастардың бірі де бірегейі – композитор Нұрсәт Бейсеқожа.
Ол Алматының 163-мектебінде оқып жүрген кезінің өзінде «бала композитор» атанған. Домбырада тамылжыта күйлер орындайтын және өз жанынан әндер мен күйлер шығарған сазгер оқушы болғаны жұртшылықтың есінде. Бұл жөнінде Нұрсәттің өзі:
– «Күй шығару жолындағы шығармашылық өнерім 3-сыныпта оқып жүргенімде басталды. Алғаш рет «Шаттық» деген күй шығардым. Оқушы кезімде, 2000 жылы Халықаралық София Губайдуллина атындағы композиторлар фестивалінде, менің әндерім мен күйлерім жоғары бағаланып, «Ең жас композитор» номинациясында жүлделі болдым. Сол жылы Қазақ радиосы ұйымдастырған республикалық «Балақай» радиофестивалінде Гран-приді ұтып алған болатынмын. 2001 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымовтың дирижерлік етуімен Алматы қаласындағы «Қазақконцерт» залында, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрімен әндерім мен күйлерім орындалып, алғашқы шығармашылық кешім болып өтті. Сол жылы 16 жасқа толған едім. Шығармашылық кеште өзімнің 17 күйім орындалды. 7 күйімді Құрманғазы атындағы оркестр орындап, 10 күйім жеке домбырада тартылды. «Қарагер» атты күйімді Қазақстанның халық әртісі, күйші Тұяқберді Шәмелов орындады. 2001 жылы Қазақстан авторлар қоғамның мүшелігіне кіріп, қоғамның арнайы бір жылдық мемлекеттік стипендиясына ие болдым. 2002 жылы республикалық «Абай оқулары» конкурсында «Өз шығармашылығы» номинациясында Гран-при жүлдесін ұтып алдым», – дейді Нұрсәт.
Қарап отырсаңыз, Нұрсәттің музыкаға деген ынтызарлық талабы балауса кезінен-ақ қанат қаққан. Ол туған ауылында қаршадайынан Жамбыл сарындары мен Кенен әуендерін тал бойына сіңіріп өсті. Әрине, осындай керемет талпыныс Нұрсәттің айналасына, көзіқарақты ағаларына, абыз қарияларға байқалмай қалған жоқ. Осының ең бастысы деп Нұрғиса Тілендиевтің Нұрсәтқа берген батасын айтуға болады. Нұрағаң бала композитордың шығармаларына мән беріп, орындаған күйлерін тыңдап, «Мына бала болғалы тұрған күйші екен, саусағы салымды, қолы қарымды, ойы терең екен, ұзағынан сүйіндірсін!» деп батасын бергені бар.
Нұрсәт Бейсеқожа кемеңгер Төле би бабамыздың ұрпағы саналады. Тікелей нағашы атасы Есдәулет Кәндеков Жамбыл бабамыздың жанында қатарлас жүрген әйгілі айтыскер ақын болған.
Өнер жолына құлаш сермеген Нұрсәт Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны композиторлық мамандығы бойынша 2010 жылы Ақтоты Райымқұлованың класынан бітіріп шықты. Содан бері, міне, 6 жыл өте шықты. Осы жылдар ішінде Нұрсәт не тындырды деген сауал ойға оралады, әрине.
Нұрсәт Бейсеқожаның елге тараған әндері мен күйлері және күй-поэмалары жайлы тізбектеп айту көп уақыт алады. Ол – қазірдің өзінде 40-тан астам күйдің, 4 күй-поэманың, 12 әннің және классикалық жанрдағы шығармалардың авторы. Жалпы, 100-ге жуық музыкалық шығармасы бар.
Студенттік жылдарында Нұрсәт қазақтың классикалық музыка үлгісіне ден қойып, өзінің алдындағы Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, Ғазиза Жұбанова, Сыдық Мұхамеджановтар тәрізді ата буын композиторлардың жазған симфониялары мен операларын тыңдай жүріп музыкалық білімін жетілдірді. Енді, міне, Нұрсәттің өзі де күрделі музыкалық жанрларға бет бұрған кәсіби композитор ретінде танылып отыр.
Бір ғана мысал, Нұрсәттің «Төле би толғауы», «Аңырақай шайқасы» және «Еңселі елім» деп аталатын ұлттық оркестрімізге арнап жазған үш оркестрлік күйі жоғары музыкалық кәсіби деңгейдегі Қазақ елінің рухын айшықтайтын аса күрделі шығармалар екені анық. Осы үш шығармасымен Нұрсәт Бейсеқожа Қазақ хандығының 550 жылдығына керемет тарту жасады. Осы үшеуінің қай-қайсысын алсаңыз да қазағымыздың рухы, қайыспас бірлігі, ұлы жеңістері мен бүгінгі Тәуелсіздігіміздің биік тұғыры музыка үндестігінде шынайы суреттелген.
Осылармен қатар Нұрсәт Бейсеқожа Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына арнап, бүгінгі өмір салтанатын паш ететін, Елбасымыздың сара жолын айшықтайтын «Нұрлы жол» атты күй-поэма жазды. Күй-поэма – мазмұнының негізгі арқауы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халқын дамыған елдер қатарына жеткізудегі қиыннан басталып, ізгі тілекпен аяқталғанын суреттеген музыкалық көркем әрі күрделі шығарма.
Көк туы желбіреген Қазақстан дамыған елдердің қатарына көте-
рілді. Алаш рухы қонған Мәңгілік ел – Қазақ елі айдай әлемге танылды. Нұрсәт Бейсеқожа Қазақ елін осындай биікке көтерген, осы дәрежеге жеткізген Нұрсұлтан Әбішұлының бейнесін күй тілімен, оркестр үнімен пафостық тұрғыда жеткізе білді. Сөйтіп, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесіне ерекше тарту жасады.
Неге десеңіз, Нұрағаң жолы – халық жолы. Халқын қанаттандырып ақ нұрға бөленген тарих еншісіндегі Нұрағаңның Нұрлы жолы. Композитор осы ақиқатты түсіне де, жеткізе де білген.
Нұрсәт Бейсеқожа – шын мәнінде музыкалық білімнің жоғары шыңына өрлеген, гармониялық, полифониялық тұрғыда терең тәсілдерді меңгерген, өте білімді кәсіби композитор. Кезінде белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек «Нұрсәт туындыларындағы тың саз-сарындар мен төлтума әуен-ырғақтар оның көшелі күйші екенін айғақтап қана қоймайды, сонымен бірге болашағынан да зор үміт күттіреді», деп жазған болатын. (Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың күй өнері. «Астана баспасы», 2002 жыл, 825-бет).
Еліміздің Мәдениет министрі қызметін атқарып жүрген кезінде, Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед талантты композитор бала Нұрсәт Бейсеқожаның күй орындағанын тыңдап, ақ батасын беріп, оң жол тілегенін осы орайда айта кетуді де орынды санаймын. Осындай жақсылардың берген ақ жол тілеулері Нұрсәттің деніне қонып, бойына сіңген тәрізді.
Сондай-ақ, есімі әлемге танылған дирижер Герберт Фон Караян атындағы дирижерлер конкурсының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі марқұм Төлепберген Әбдірәшевтің өзі Нұрсәттің 20-дан астам күй-поэмаларын жоғары бағалап, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің репертуарына енгізгені мәлім.
Әдетте, өзімізге «25 жыл ішінде Тәуелсіздігімізге не арнадық, не тындырдық?» деген сауал қоямыз. Бұл тұрғыдан алғанда композитор ретіндегі Нұрсәттің алатын орны ерекше болмақ. Міне, бүгін Нұрсәт орда бұзар шағында халқымыздың Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрін күңірентіп, күйлерін күмбірлетіп қазақ аспанына Тәуелсіздік тұғырын айшықтайтын керемет шығармалар әкелді. Композитордың алатын асулары әлі алда. Дәл қазір Нұрсәт Бейсеқожа Ш.Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясының директоры міндеті қызметін атқару үстінде. Нұрсәттің шығармашылығына да, халқына атқарар қызметіне де сәттілік тілейміз!
Жарқын ШӘКЕРІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
музыка зерттеуші