Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қызылжар ауданында бірнеше әлеуметтік нысан жұртшылық игілігіне пайдалануға берілді.
Бескөл кентінде бой көтерген 18 пәтерлі арендалық жатақхананың ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қатысып, жаңа пәтердің кілттерін табыс етті. Ол өз сөзінде биыл өңірде 170 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылғанын, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 307 елді мекенде және 4 шағын қалада абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, ауылішілік жолдар жөнделіп, жарықтандырылды, спорт кешендері қалпына келтірілді. «Лира» ЖШС өзіне жүктелген тапсырмаларды тап-тұйнақтай атқарып, еңбек учаскелеріне 40-қа жуық жергілікті тұрғын тартылған. Оны салуға республикалық және жергілікті қазыналардан 160 миллион теңге бөлініп, абаттандыруға, инженерлік желілер тартуға 44 миллион теңге бағытталған. Орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Үш бөлмелі жайлы пәтерге қоныстанған Руслан мен Дана Кәкеновтар «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында алты ай өндірістік тәжірибеден өтіп, ауданда жұмысқа орналасқан. Руслан «Күзет» мекемесінде, Дана аудандық жер қатынастары бөлімінде қызмет атқарады. Жас отбасыларға ай сайын бар-жоғы 5 мың теңге жалгерлік ақы төлеу жеңілдіктері қарастырылған.
Осы ауданның Новоникольск ауылында тағы бір нысан ашылды. Заманауи құрал-жабдықтар орнатылған дәрігерлік амбулаторияның екі мыңдай тұрғыны бар елді мекен үшін маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Енді, бас ауырып, балтыр сыздай қалса, алысқа сабылмайды. Мұнда науқастарға барлық жағдай жасалған. Дәрігерге дейінгі тексеру, медициналық мұрағат, физиотерапевт және тағы басқа 26 кабинет орналасқан ғимараттың жалпы аумағы 416 шаршы метрді құрайды. Ем-доммен тоғыз маман айналысады. Жалпы, практика және тіс дәрігерлерімен де қамтылған. Алдағы уақытта науқастардың денсаулығына қатысты жиынтық мәліметтерді қамтамасыз ететін электрон-
ды құжаттандыру жүйесіне көшу, сондай-ақ, көрші елді мекендердің тұрғындарына да медициналық көмек көрсету жоспарланған.
А.Сапаров ұжымға «жедел жәрдем» көлігін тарту етті. Тағы екі көлік орталық аурухана мен Соколовка фельдшерлік-акушерлік пунктке берілді.
Дәрігерлік амбулатория Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі диқан Геннадий Зенченко жетекшілік ететін командиттік серіктестік бөлген 75 миллион теңгеге тұрғызылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы