Дәуір шындығын айтып берді
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі елге биік рух сыйлады. Бұл аз мерзімде көп іс тындырылған, сонысымен де бір халықтың басынан өткен тұтас дәуірдің жүгін арқалаған уақыт еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мерекеге орай өткен салтанатты жиналыста сөйлеген сөзін теледидардан мұқият тыңдадым. Нұрсұлтан Әбішұлы осы уақыт ішінде тындырылған жұмыстарға, тәуелсіз еліміздің қаншалықты өскеніне, әлемге танылғанына шолу жасай отырып, талдап, нақтылап айтып берді. Барлығы да уақыт шындығы. Әдетте, шыныны сындыру оңай, оны жинау қиын, үйді де құлату оңай, қайта тұрғызу қиын. Өткен ғасырдың аяқ кезінде дүниедегі алпауыттардың бірі Кеңестер Одағының тарауы осы пәлсапаны еске салады. Қалай дегенмен де, әбден қалыптасып, он бес республиканың экономикасы өрмектің жібіндей байланысып қалып еді ғой. Қазақстан негізінен шикізат шылауы болғаны белгілі, ет пен уылдырықты, астықты өз аузымыздан жырып, Мәскеу асырып отырдық. 90-жылдары тәуелсіздіктің келуімен бірге елдің басына түскен ауыртпалық оңай емес еді. Елбасы айтқандай, экономиканың «жабайы капитализмге» бет бұрып бара жатқаны да шындық еді. Өзіміз оның куәгеріміз. Ауыл шаруашылығының аса қиын жағдайда қалғанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Міне, сол кезде Елбасы ұстанған экономикалық саясат көп нәрсені қалпына келтіруге мүмкіндік туғызды. Жер-Ана күтіп, баптағанды сүйеді. Ауыл шаруашылығында күтімсіз қалған жерлерді қалпына келтірдік, мұнда үздік техника, озық технология болмаса бүгінгідей табыстарға жете алмас едік. Мемлекеттік түрлі бағдарламалар бойынша экономиканың осы саласын көтере білдік. Қазір жаңа үлгідегі мал бордақылау алаңдарын, диірмендерді, ет комбинаттарын көргенде шүкіршілік етесің. Сала әлде де даму үстінде. «Біздің бизнесмендерімізде оларға бастапқы капитал бөлетін миллионер әкелері болған жоқ. Реформаларға құндылықтарды нақты адамдар берді, олар еңбектерімен өздерінің және еліміздің болашағын құрды деп мен әркез айтып келемін», деген Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі нақ өмірден алынған шындық. Біздің ұрпақ нарықтық экономиканы қалыптастыруға көп еңбек сіңірді, оның қиындықтарына қарсы тұра білді. Уақыттың заңымен ауыл шаруашылығына қазір жаңа буын мамандар, бизнес өкілдері келе бастады. Олар біздің қолымыздан шаруашылықты алып, оны жаңаша дамытуға кірісті. Қазір ауылшаруашылық өнімін өңдеу өнеркәсібі жоғары серпінмен дамып келеді. Оның үстіне осы салада бұрын егілмеген, білмеген өнім түрлері өндіріле бастады. Қазір Қостанай облысында өңдеу өнеркәсібі шикізат өндіруді басып озды. Бұл, әрине, даму қуанышы. Елбасы сөзінде: «Яғни, 25 жылдың 17 жылы – тұрақты экономикалық өсім», деп атап көрсетті. Экономика дамыған соң, соған сәйкес әлеуметтік сала да жақсарды. Ол өңірлердің өмірінен де жақсы байқалады. Қазір қостанайлықтар үшін демалатын, спортпен айналысатын орындар жетерлік, ал дүкендерде іздегеніңнің барлығы бар. Салған үйлердің сән-сәулетінің өзі ғажайып емес пе? Осының барлығы да Тәуелсіздіктің арқасында, еліміздің азаттығының арқасында мүмкін болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал, өте білімді саясатының арқасында Қазақстанды төрткүл дүние танып отыр. Танып қана емес, мойындап отыр. Ең бастысы, елімізде бірлік-береке бар. Балаларымыздың ұйқысы тыныш, алдағы күнге сенімі зор. Ендігі мақсат сол жас ұрпақтың, немерелеріміздің тәрбиесін жақсарта түсу керек. Ол Қазақстанды Отаным дейтін, ортақ үйіміздің ертеңін ойлаған баршаның қасиетті міндеті болуы тиіс. Тәуелсіздік жылдары жас ұрпақ тәрбиесіне де көп көңіл бөлінді. Жаңа мектептердің, Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылуы, «Болашақ» бағдарламасы осының дәлелі. Тәуелсіздіктің тұғырын болашақ ұрпақ нықтай түсетін болады. Мәңгілік Елдің иесі – солар! Сайран БҰҚАНОВ, Қазақстанның Еңбек Ері ҚОСТАНАЙТәуелсіздіктің тұғыры беки түсуде
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойын барша қазақстандықтар сияқты мен де асыға күттім. Себебі, бұл ата-бабаларымыз сан ғасыр армандаған қасиетті де қадірлі ұғым, халқымыздың ұлық мерекесі. Бұл күн – ел жадында айрықша айшығымен қалатын тарихи сәт. Сондықтан да Астанадағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиынның теледидардан берілу сәтін өткізіп алмауға тырыстым. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы салтанатта сөйлеген сөзін мұқият тыңдадым. Шыны керек, Елбасы егемендік алғаннан бергі қол жеткен табыстарымызды деректермен дәйектей баяндап, қыруар істердің жүзеге асқанын тағы бір мәрте жадымызда жаңғыртты. Біз кейде шапқан аттай шапшаң уақыттың ағымымен істелген іргелі істердің астарына бойлай бермейтініміз бар. Ал мұндай серпінді дамудың елімізді әлемге танытқанына назар аударсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының, сара жолының о бастан-ақ дұрыс бағыт алғанына көзің жетеді. Қазақстанды әлем таныды, дамыған мемлекеттер мойындады. Саясатта да, экономикалық дамуда да қазақстандық жолдың ізі сайрап жатыр. Бір сәт өткенге ой жүгіртсең, еліміздегі ілгерілеудің қаншалықты қарқынды болғанын аңғару қиын емес. Осы кезеңде қазақстандықтардың табысы 40 есеге, жалпы ішкі өнім 20 есеге өскен. Тәуелсіздік жылдары мыңдаған шақырым темір жол, қатты жамылғылы жол салынды. Батыс пен шығыс, орталық пен оңтүстікке барыс-келіс анағұрлым жеңілдей түсті. Қаншама әлемдік озық технологияға негізделген кәсіпорындар бой көтерді. Қазақстан әлемдік қоғамдастықта өз орнын ойып тұрып алды. Шыны керек, елімізде әлеуметтік салада да тың табыстарға қол жеткізілді. Мұны Елбасының өзі айрықша атап өтті. Бұрын-соңды болып көрмеген жүрек, бүйрек, бауыр сияқты адам ағзаларын өзімізде ауыстыру қалыптасты. Елімізде адамдардың өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жетті, ана өлімі 5, бала өлімі 3 есеге азайған. Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінде Қазақстан жасанды жүрек орнату жағынан әлем бойынша Германия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орынға шыққанын атап өтті. Мұндай табыс тәу етер тәуелсіздігіміздің арқасында келіп отыр, әрине. – Еліміздің медицинасын әлемдік деңгейге көтерген екі дәрігер бар. Олар – Юрий Пя және Серік Ақшолақов. Екеуі де күрделі зерттеулер жасап, тың жаңалықтар әкелді. Отандық медицинаны әлемге танытты. Олардың біреуі кеше ғана қиын бір операция жасап, бала мен оның анасын құтқарып қалды. Сондықтан екеуіне де Еңбек Ері атағын бергенім дұрыс болды деп санаймын, – деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Осы екі дәрігердің бірі Серік Ақшолақовтың біздің өңірдің түлегі екенін ескерсек, көңілді мақтаныш сезімі билейді. Шыны керек, өңір медицинасында да ілгерілеу баршылық. Тәуелсіздік жылдары 31,5 миллиард теңге тұратын 127 медициналық нысан салынды, 3,5 миллиард теңгеге 173 нысан күрделі жөндеуден өтті. Таяу жылдары облыста медпунктсіз елді мекен болмайды. Мамандарымыз да ешкімнен кем емес. Өңірлік медициналық кластер құру қолға алынды. Медициналық туризмді дамытуға бағыт ұсталуда. Облыста 14 бүйрек, 5 бауыр ауыстыру операциясы жүзеге асырылды. Бұл аз табыс емес. Міне, осының барлығы Тәуелсіздіктің нәтижесінде, Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында мүмкін болып отыр. Тәуелсіздік пен Мемлекет басшысы – егіз ұғым. Жас мемлекетіміздің тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстанды аяғынан тік тұрғызып қана қоймай, дамыған елдердің қатарына алып шыққанын әлем мойындап отыр. Олай болса, тәуелсіздікпен түлеген еліміздің ертеңі бұдан да еңселі болатынына сенім мол. Оны Елбасының болашаққа жасаған бағдарламаларының өзі айқындай түседі. Қашанда сөзі мен ісі үйлесім табатын Мемлекет басшысының бұл бағыттағы ой-жоспарлары халықтың көкейінен шығуда. Мұны әркім өзінің күнделікті тіршілігінен, тұрмысының жақсаруынан да аңғаруда. Ізбасқан АЙМАҒАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, Ақтөбе қаласының құрметті азаматыБілім – болашаққа құйылған инвестиция
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерекесіне арналған салтанатты жиында көптің көкейіне қонатын сөз айтты. Алыстан толғады. Өткенді қорытындылады. Болашаққа бағдар жасады. Әлбетте, 25 жыл – тарихтың өлшемімен қарағанда аса көп уақыт емес. Бірақ осы аз уақытта аса мазмұнды істерді атқару, ел игілігін еселеу ерекше қабілет пен қамқорлықты қажет ететіні рас. Бабаларымызға арман болған Тәуелсіздікке қол жеткізу бір бақыт болса, оны ұстап тұру, нығайту өте үлкен жауапкершілік. Осы жылдарда еліміз Елбасының тарихи көшбасшылығымен етек-жеңін жинап қана қойған жоқ, ертеңін ойлап, алыс болашаққа көз тікті. Барлық салада нақты қадамдар жасалды. Елдің экономикалық жаңғыруы, қоғамдық қатынастардың жаңа жүйеге көшуі жүзеге асты. Әрине, жоғалтқанымыздан тапқанымыз көп. Тәуелсіздік табыстарын Президент Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиындағы сөзінде атап өтті. Соның бірі білім берудің қазақстандық моделінің қалыптасуы деуге болады. «Білім – ер азығы, ер – ел қазығы» деген ежелден келе жатқан қағида бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірлігі жарасқан елдің болашағы білімде екенін ерте бағамдап, еліміздің өскелең буынын заман талабына сай біліммен қанаттандыруды ойлады. Нәтижесінде, еліміздің түкпір-түкпірінде 1 жарым мыңға жуық жаңа мектеп бой көтерді. Барлық өңірлерде зияткерлік мектептер ашылды. Астанада әлемдік жоғары деңгейдегі Назарбаев Университет құрылып, шетелдік үздік оқу орындарымен бәсекеге түсе алатын жаңа халықаралық білім ордасына айналды. Бүгінде бұл университет өзінің алғашқы мамандар легін даярлап шығарды. Ал «Болашақ» бағдарламасының тиімділігі орасан. Осы жылдарда аталған президенттік стипендиямен 12 мың жас шетелдердің ең үздік те беделді оқу орындарында білім алды. Бұл – біздің болашағымызға құйылған инвестиция. Биыл С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай түрлі іс-шаралар өткізілді. Мұның бәрі біздің жас буынның ой-санасында «Тәуелсіз Қазақстан» атты қастерлі ұғымның қалыптасуына, ел мен жер алдындағы азаматтық борышы сапалы білім алудан басталатындығына көз жеткізуге бағытталды. Сондықтан да, Тәуелсіздіктің төл буыны саналатын бүгінгі ұрпақ еліміздің ертеңіне сеніммен қадам басып келеді. Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор ӨСКЕМЕНКелешекке сенім мол
Мемлекетіміз егемендіктің екінші жиырма бес жылдығына қадам басты. Жүріп өткен 25 жыл толайым табыстарға, жарқын жетістіктерге толы болды. Ол ақиқатпен күнделікті тірлігімізде бетпе-бет келіп жүрсек те, мерекеге арналған салтанатты жиында Елбасы сөзінен тереңірек ұғынып, қаныға түстік. Мемлекет басшысы қиын кездерде қолдау көрсетіп, жанынан табылған Қазақстан халқына, оның батысы мен шығысының, оңтүстігі мен солтүстігінің тұрғындарына арнайы ризашылығын білдірді. Елбасының бастамасымен қазір біздің қоғамымызда, біздің елімізде «Мәңгілік Ел» болу мәселесі айтылуда. «Мәңгіліктің» және «Ел болудың» әңгімесін тек өзіне-өзі сенімді, қадамы нық, кешегісі мен бүгініне көңілі марқайған, ертеңіне жігерлене қарайтын ел ғана айта алады. Көне тарихтан тартылған тіні мен діңі мықты халқымыздың болашағы да баянды болары анық. Баяндамада 25 жыл ішінде қазақстандықтар қол жеткізген жеті басым жетістік сараланды. Экономикалық жетістіктер, тұрғындар әл-ауқатының жақсаруы, шекараның шегенделуі, жастарымыздың әлемнің алыс түкпірлеріндегі аты аңызға айналған іргелі оқу орындарында білім алуына зор мүмкіндік туғызған «Болашақ» бағдарламасы, еліміздің жасанды жүрек орнатудан әлемде Германия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында болуы – мұның бәрі 25 жыл бұрын жақын арада орындалуы неғайбыл болған армандар еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орын алған экономикалық қиындықтарға байланысты және өз атажұртына көшіп кетушілердің орнын әр қиырдан сағына жеткен қазақ қандастардың көші еселеп толтырды. Көшіп келушілермен бірге дүниеге келген сәбилер есебінен халқымыздың саны артып, қатарымыз көбейді. 25 жыл бұрын 340 мың халыққа мекен болған Маңғыстауда бүгінде халық саны екі еселеніп, 640 мыңға жетті. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңадан мектеп, балабақша, ауруханалар мен тұрғын үйлер салынды, қала қанатын жайды, елдің тынысы кеңейді. 2017 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақының көбейетіндігі ел ахуалының жақсарғандығының, береке-несібенің мол екендігінің белгісі. Санаулы жылдар ішінде әлем елдеріне экономикалық ғажайыптарымен, ұлағатты ұстанымдарымен және өміршең идеяларымен таныла алған Қазақстанның болашағы зор. Елбасының бағыты мен бастамалары мемлекетімізді біртұтас қалпында алыс болашақтарға бастай береді деп сенеміз. Мәнет ШЫРАҚБАЙ, «Жауқазын» балабақшасының директоры, «Түпқараған» аудандық мәслихатының депутаты Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданыЕгемендік – ең қымбат қазынамыз
Тәуелсіздікті талай ел, талай халық аңсады. Ұлан-ғайыр даламызды бүгінгі ұрпағына аманаттаған біздің бабаларымыздың да басты арманы біреу еді. Ол –тәуелсіздік! Сол бабаларымыздың аңсарына бүгінгі ұрпағы қол жеткізді. Сөйтіп, Қазақ хандығынан бастау алатын шежірелі тарихымыз тәуелсіздіктің шежіресімен толықты. Иә, тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Халқымыз сан тарау жолдан өтті. Қилы-қилы кезеңді бастан кешірді. Тәубе делік, небір қиындықтарда еңсесі түспеген, жігері мұқалмаған халқымыздың бағы жанып, ғасырлар тоғысындағы тоғызыншы онжылдықтың бастауында дербес ел атандық. Бұл – Қазақ елі үшін қастер тұтатын ең қымбат қазына еді. Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста еліміздің алдында асқар-асқар асулар мен бел-белестерді бағындыру міндеті тұрды. Ұлттық экономика тұралап жатты, ірі кәсіпорындар бірінен кейін бірі банкроттық қамытын киді. Жұмысшылар жалақыларын айлап күтті. Тіпті, зейнетақы мен жәрдемақылар да уақытында беріле қоймады. Осының бәрі елдің мақсат-мүддесіне қызмет етуді, ұлттық экономиканың сан-саласын қоса өркендетуді көздеген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Дәл қазір тәуелсіздіктің елең-алаңында кезіккен қиындықтар көрген түстей артта қалды. «1991 жылы жағдай мүлдем басқаша еді. Алдымызда қатаң дилемма тұрды: «Боламыз ба, жоқ әлде бордай тозамыз ба?» – деген. Еліміз «жабайы капитализмге» қарай бет алып бара жатты. Әкімшіл-әміршіл экономиканың коллапсы миллиондаған адамды өмір сүру мүмкіндігінен айырды. Түрлі сарапшысымақтар мен саясатшысымақтардың дауыстары жан-жағымыздан тез ыдырайтынымыз бен азамат соғысы туралы айтып, қорқытып-үркітумен болды...» деп орынды еске алды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатта. Қазақ елінің қуанышына орай, біз еліміздің тәуелсіздігіне күмәнмен қарап, болашағымызды бұлыңғыр еткісі келген теріс пиғылды сәуегейшілер мен саясаткерлер ойлағандай, бордай тозған жоқпыз. Олар қатты қателесті. Өйткені, сол тұста біздің алдымызда Елбасының «Қазақстан-2030» Стратегиясында айшықты көрініс тапқан үш мақсат тұр еді. Өзге елдер үшін алынбас асудай, бағынбас биіктей көрінген үш мақсаттың біріншісі – мемлекеттің негізін қалау және нарықтық экономикаға көшу. Екіншісі – әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау. Үшіншісі – қоғамдық сананы өзгерту. Міне, осы мақсаттарды іске асыру үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көпвекторлы саясат ұстанып, Қазақстанды әлемге таныта алды. Әлемдік өркениеттің бел ортасынан лайықты орнымызды еншіледік. Экономикамыз қарқынды өркендеді. Шет ел инвесторлары экономикамызға инвестиция салуға қызығушылық танытты. Бұрын өңіміз түгілі түсімізге кірмеген жаңа өнімдер өндіріле бастады. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы нығайды. Ілім-білімге құштар жастарымыз әлемнің ең таңдаулы университеттерінен білім алып, шетелдіктермен бәсекелесе алатын қабілетті мамандар шоғыры қалыптасты. Өз еліміздің білікті дәрігерлері ең күрделі оталарды жасай алатын болды. Осылайша, шекарамыз – берік, бірлігіміз – мығым, экономикамыз – қуатты, халқымыз – бақуатты елге айналдық. Бұл – ең қастерлі қазынамыз Тәуелсіздіктің, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі! Аққали АХМЕТ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің гуманитарлық ғылымдар және шет ел тілдері факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор. АТЫРАУЕл мерейі үстем
Тәуелсіздігіміздің жер жүзіне жарияланып, Көк туымыздың желбіреген күні барша қазақстандықтар үшін еш ұмытылмайтын ең мерейлі сәт. Елбасы Н.Назарбаев Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Ұлы Даладағы санғасырлық тарихтың жаңа дәуіріне сипаттама беріп, алыс болашақтарға сеніммен көз тіккен тұғыры мықты, мәртебесі биік Қазақстанға қалтқысыз қызмет етуден асқан бақыт жоқ екендігін атап көрсетті. Осы кезең ішінде қол жеткен табыстарымыз бен жетістіктерімізді республика тұрғындарының жалпыға ортақ салтанатына, уақыт өлшеміне сыймайтын теңдессіз ерлігіне бағалады. Ата-бабаларымыз аңсап өткен, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген азаттығымыздың айшықты айғағы Тәуелсіздік екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Әміршіл-әкімшіл басқарудың құрсауынан құтылып, төрткүл дүние танитын гүлденген, қуатты мемлекетке айналуымыздың арқасында өркениетті отыз елдің қатарына жету мүмкіндіктеріне кең жол ашылып отыр. «Мәңгілік Ел» идеясы арқылы өскелең ұрпақ бойына қазақстандық патриотизм қасиеттерін ұялату – қастерлі парызымыз. Президент айтып өткен Отанымыздың 25 жылдық мерейтойы мен беделді, халықаралық сарапшылар берген тәуелсіздіктің жеті теңдессіз табыстары бәрімізді қанаттандырады. Ертеңгі күнге деген берік сенімді қалыптастырады. Еңсемізді көтеріп, абыройымызды арттырады. Еліміздің егемендігі – баршамыз үшін басты да қасиетті құндылық. Тәуелсіздіктің әр сәтімен баянды болашаққа құлаш ұрған еліміздің өркендеуіне ерке Есілдің жағасында қанат жайған, үш ғасырға жуық уақыттың сырын бауырына басқан Қызылжар өңірі де өз үлесін қосып келе жатқанын Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсетті. Аймағы әрлі, топырағы нәрлі алтын дән даласы – Солтүстік Қазақстан облысы еңбеккерлерінің қажыр-қайратына орынды баға берілді. Егемендік алғаннан бері экономиканың тиімді моделі жасалып, екінші индустриялық бесжылдық жүзеге асырылуда. Заманауи деңгейде жұмыс істейтін өндіріс орындары пайда болды. Облысымыздың орталығы – Петропавл қаласының әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуын, тұрғындардың тұрмысын жақсарту бағытында кешенді шаралар атқарылып келеді. Биыл тауар өндірісінің көлемі 47 миллиард теңгеге жетті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 14,1 миллиард теңгені құрады. Өнеркәсіп кәсіпорындары 58,1 миллиард теңгенің өнімдерін өндіріп, өңдеу саласының үлесі 61 пайыз болды. Индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 1164 жаңа жұмыс орындары құрылды. 2,6 миллиард теңгенің 6 жобасы іске қосылды. Жайлылығы жоғары «Green Which Hotel» мейманхана кешені пайдалануға берілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына жарты миллиард теңге жұмсалды. 77,1 мың шаршы метр 11 тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұның бәрі еліміздің егемендігінің, жас мемлекетімізді биіктерге бастап келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі екені даусыз. Бүгінде әлемдік қарусыздану ісінің тізгінін ұстаған көшбасшы халық, алыс болашаққа көз тіккен мерейлі мемлекет екенімізді әлемдік қоғамдастық бірауыздан мойындап отыр. Марат ТАСМАҒАНБЕТОВ, Петропавл қаласының әкімі Солтүстік Қазақстан облысыЖетісулықтарды жігерлендірді
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біз әлемде бейбітшілік пен келісімнің ғаламат моделін құрғанымызды баса айтты. Ассамблея аясында барлық этнос өкілдерінің басын қосқанымыз, бүгінде ынтымағы жарасып, ырысы тасыған мемлекетіміз өзгелерге үлгі-өнеге болып отырғаны паш етілді. Соның жарқын дәлелін еліміздегі ең ірі мегополис Алматы қаласының іргесінде орналасқан Іле ауданынан көруге болады. Құдайға шүкір, жағрафиялық орналасу ыңғайлылығына орай тіршілігі қайнап жатқан өңірде ұлттар бірлігі басты құндылыққа айналған. Мемлекет басшысының баяндамасын мұқият тыңдап отырып көкейіме бір түйгенім, ел экономикасының өркендеуі қара алтын құндылығында болып отыр. Қашаған кен орны туралы Елбасы өте жақсы айтып өтті. Бұл құндылық біздің де мерейімізді өсіргенін жасырмаймыз. Қайта қуанамыз. Мемлекет басшысы тарапынан айтылған тағы бір жағымды жаңалық, зейнетақы мен бала туылғанда берілетін бір реттік жәрдемақының 20 пайызға өсетіндігі болды. Бұл жаңалық лезде ауылдан ауылға жетіп, Тәуелсіздік мерекесін әрлендірді. Астанадағы айтулы жиыннан қандай да тосын сый күткен ел разы. Елбасына алғыстарын ағытуда. Бұл қаражат ауыл халқы үшін көптеген мәселе түйінін шешумен қатар рухтандырып, алдағы уақытта жетер жетістіктерге деген сенімдерін арттыра түсті. Ең бастысы, көңілдер кілті табылды десек те болады. Рас, ауданымыз әлеуметтік-экономикалық жағынан жақсы жетістіктерге жетуде. Таяуда ғана Тәуелсіздік мерекесіне тарту ретінде 7 балабақша ашылып, 50 жас отбасына пәтер кілттері берілген еді. Елбасының қанатты сөзі сол қуаныштарды толықтыра түсті десек артық айтқандық емес. Ерболат ТҰРЫМБЕТОВ, «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алматы облысыХалықпен кеңескеннен кем болмаймыз
Тәуелсіздігінің екі тізгін, бір шылбырын өз қолына алған ширек ғасыр уақыт ішінде еліміздің экономикасы ширап, саяси тұрғыда шымырлана түстік. Бір кездері КСРО-ның ешкім елеп-ескере қоймаған бір бөлшегі бүгінгі күнде әлемдік қауымдастыққа өзіндік түр-тұлғасымен танылып, әйгілене бастаған айшықты елге айналды. Яғни, 25 жылдың ішінде Қазақстанымыз бекем бірлігі, берекелі тірлігінің арқасында қарыштап алға басты, өсіп-өркендеді. Иә, атам қазақ «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп тегін айтпаған. Жерімізді мекен еткен талай ұлт пен ұлыстың баласы бас біріктірмей, өзінің ғана жайын күйттеп кетер болса, біз бүгінгідей заманда өмір сүрер ме едік, сүрмес пе едік?! Міне, Тұңғыш Президентіміздің халықтар бірлігі мен достығына арқа сүйей отырып, «Алдымен экономика, содан кейін саясат» деген ұтымды ұстанымы бұл күнде біздің елді осындай ұшпаққа шығарып отыр. Иә, ширек ғасырлық межені түйіндеген той да өз дәрежесінде өтті. Тойдан бізге тағылым қалды және келешегімізді қайтсек бұдан да көркем етеміз деген ой салды. Елбасы – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мерейтой қарсаңындағы сөзінде ел болашағына қатысты өзінің ой-пікірін білдірді. Жаңа мемлекетті құру мен реформалардың сәтті іске асуына мықты президенттік билік себеп болды. Оны Тәуелсіздік тариxы ашық көрсетті. Енді, мемлекет дамуының жаңа кезеңінде Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін күшейту мәселесін қарастыру қажет. Қазақстанда президенттік басқару формасы бұған дейін болған, болады да. Соның барлығы Ата Заңымызда көрсетілген. Біздің тариxымыз да, салт-дәстүріміз де соған сай келеді. Дегенмен, бүгінде Президент, Парламент пен Үкімет арасындағы өкілеттіліктерді үйлестіру мәселесін қайта қарап шығатын уақыт келді. Арнайы комиссия осыны жан-жақты зерделеп, тиісті ұсыныстарын жасауы тиіс. Заңдарды өзгертеміз бе, бәлкім Конституцияға да өзгеріс енгізуге тура келетін шығар, – деді Президент. Мен өзім біраз жылдар Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы болып қызмет істеген және «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігін» құрған адамның бірімін. Өмірлік тәжірибеме сүйене отырып, Елбасының бұл сөздерін қос қолдап қолдайтынымды жеткізгім келеді. Иә, бүгінгі күн шындығы тұрғысынан алып қарағанда, Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін күшейту мәселесі заман мен уақыттың талабы. Егер жағдай осылай қалыптасар болса, онда сәйкесінше, жергілікті мәслихаттардың да өкілеттігі күшейеді деген сөз. Менің ойымша, билік пен халық арасындағы дәнекер тұлға – депутаттар ел ісіне белсене араласар болса, көптеген түйінді мәселелер шешімін тез және нәтижелі түрде табар еді. 2007 жылы мәслихаттардың мәселесі бойынша, Елбасының қабылдауында болдым. Сол кездесуде мен көптеген мәселелерді көтерген едім. Мәселен, жергілікті мәслихаттар рөлінің төмендеп, олар тек бюджетті бекітумен ғана айналысып жүргенін, облыстық мәслихат хатшыларының мардымсыз жалақы алатынын айттым. Осы және басқа да қордаланып қалған мәселелер төңірегінде ашық түрде әңгіме қозғадым. Әсіресе, жергілікті округтердің санын арттырып, депутаттардың санын көбейту туралы ұсынысымды жеткіздім. Осыдан он жыл бұрын айтқан ойларымның Елбасы бүгінде көтеріп отырған маңызды мәселемен өзектес жатқаны, менің болашақтағы мемлекеттік реформалардың жемісті боларына деген сенімімді күшейте түсті. Өйткені, халықпен санасып, кеңесе отырып жүргізілген шаруалардың біз тек шарапатын ғана көреміз. Қасымбек МЕДИЕВ, қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері ҚАРАҒАНДЫМақтаныш сезімін тудырады
«Жаңа елдің іргесін қалаған бүгінгі замандастардың ерен еңбегі уақыт өте келе, тіпті мың жылдан кейін де ұрпақтарымызға Отанымызды одан әрі ілгерілету жолында демеу болып, септігін тигізе береді». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесімен құттықтаған салтанатты жиында осылай деп ағынан жарылды. Расында, осынау ширек ғасырда мемлекетімізде көптеген оң өзгерістер орын алды. Көпұлтты Қазақстан іргелі мемлекет болып қалыптасты. Елдің ертеңге деген сенімі артты. Болашаққа деген үміті ақталды. Халықтың тұрмыс жағдайы жақсарды. Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы көтерілді. Жас Қазақ мемлекетін әлем таныды. Ұлттық идеология өз жемісін беріп, Қазақстандық патриотизм – қоғам дамуының даңғыл жолына түсті. Ұлтаралық қатынас өркен жайды. Достық пен татулық – мемлекет тірегіне айналып, діни сенім бостандығы орнықты. Еліміздің саяси-экономикалық жетістіктерінен бөлек, біз назар аудара бермейтін бір мәселе бар. Ол – қоғамның өзгергені. Жаңа ұрпақтың ержеткені. Сананың өзгергені. Бұл – тәуелсіздік жылдарының ең үлкен жемісі. Жаңа көзқарастағы, белсенді жастар тәуелсіз Қазақстанның ең қымбат қазынасы. Осы жастар елімізді дамудың келесі кезеңіне алып шығатындығына кәміл сенеміз. Заман ағымын түйсінген, ғылым мен техниканың прогресінен кеш қалмайтын халық қана ХХІ ғасырда бәсекелестікке төтеп бере алады. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Осы орайда әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуды жалғастыру мақсатында 2017 жылы басталатын «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жаңа жобасы жас қазақстандықтарға, олардың өмірлерінде пайдаға асатын арқаулық еңбек дағдыларын тегін алуға мүмкіндік береді. Бұл жобаның еліміздің экономикасын дамытуға тигізер пайдасы зор. Себебі, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын сәтті жүзеге асыру үшін мыңдаған білікті техникалық кәсіби мамандар қажет. Бұл сұранысты еліміздің техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары, оның ішінде Жамбыл облысынан 48 оқу орны қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білімді дамыту арқылы отандық кәсіпорындар және экономиканың басқа да секторлары қарқынды дамитыны анық. Міне, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешудегі қол жеткізген жетістіктеріміз, көпұлтты, тату-тәтті мемлекет құрғандығымыздың барлығы Тұңғыш Президентіміздің атымен тікелей байланысты. Кеңес дәуірінен Тәуелсіздікке қадам басқан бірнеше мемлекеттердің ішінен Қазақстанның бүгінде оқтай озып отырғаны кеудемізде мақтаныш сезімін тудырады. Мемлекет құрудағы алғашқы шешімдер Президенттік биліктің рөлі мен жауапкершілігінен басталды. Елбасы тарихи жауапкершілікті өзіне жүктей отырып, өзінің даралығы мен даналығын таныта білді. Президент саясатының арқасында тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, тарихымыз түгенделе бастады. Барлығы да халықтың көз алдында. Елбасының елі үшін атқарып жатқан ерен еңбегі, жүргізіп келе жатқан салиқалы саясаты өзіміз түгілі, өзгеге де үлгі болды. Жанар ОРЫНБАЕВА, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты ТАРАЗ