Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесі тұсында табыстарымызды таразылаудың артықшылығы болмас. Бұл – болашақ үшін тағылым. Және өзіміз куә болған 25 жылдық шежіремізді мақтанып айтуға да әбден қақымыз бар. Өйткені біз өркендеу мен оң өзгерістерге куә болған ұрпақпыз.
Тәуелсіз ел ретінде қолға алып, сәтті аяқтаған алып құрылыстар жеткілікті. Соның бірі – Жетісу аумағында салынып, пайдалануға берілген Мойнақ су электр стансасы. Бұл жер астын ұңғылау әдісімен жасалған су электр стансасының құрылысы 1985 жылы Кеңестер Одағының тұсында басталып, Одақ тараған соң тоқтап қалғанын білетін едік. Кезінде сол құрылыста еңбек еткен білікті маман, Қазақ КСР Құрметті құрылысшысы Стахан Белгожаев секілді ел ағаларының ізденіп, ұсыныс жасауы негізінде қазіргі Тәуелсіздіктің толайым табысына айналған алып құрылысқа қайта жан бітті. Ел азаматтарының арманын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей назарына алған болатын. Соның нәтижесінде 2005 жылғы 21 қарашада Мойнақ су электр стансасының құрылысы» туралы Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. 2006 жылы қолға алынған құрылыс қарқынмен жүріп, 2012 жылғы сәуір айынан бастап іске қосылды. Алып нысанның ашылуы да тарихи сәт болды. Мемлекет басшысы Алматы облысына жұмыс сапарымен барғанда Мойнақ ГЭС-інде болып, екінші су агрегатын іске қосты. Ел қуанышын еселеп, жұрт жақсылығына ортақтасты.
Тәуелсіздік шапағатына бөленген, Елбасымыздың табаны тиген Мойнаққа арнайы барып қайтуды жөн көрдік. Қулық тауының теріскей бөктеріне орналасқан Ұзынбұлақ, Жылысай, Октябрь ауылдарын басып өтетін жол тура Мойнаққа жеткізеді. Таудың басынан төмендегі Шарын шатқалына қарай қиылып салынған кең жол сай-сай, беткейлерді жағалай тұп-тура бас ғимаратқа тіреледі. Мойнақ ГЭС-інің теңіз деңгейінен биіктігі Шарын өзені жағасымен салыстырғанда кәдімгі 5 қабатты үйдей еңселі көрінеді екен. Дәлірегі, «Бестөбе» су қоймасына жиналып, 16 шақырымға созылатын көл табанынан ағып келетін су 500 метрлік биіктіктен құлай сарқырап жатыр. Бұл жердегі бір керемет әрі құрылыстың аса ауыр бөлігі болып саналған бөлік – жер астынан өтетін 9 шақырымдық туннель. Жиналған су осы 9 шақырымдық жер асты жолымен арындап келеді де, 500 метр биіктіктен құлай сарқырап жатыр. Арынды су арнаға бекітілген 2 су агрегатын шыркөбелек айналдырып, іске қосады. Нәтижесінде 300 мВт қуат көзі пайда болады.
Бұл құрылыстың кепілді мерзімі 100 жылға есептелген. 9 балдық жер сілкінісіне төзімді. Құрылысы 6 жылға созылған, әсіресе 9 шақырым жер асты су жолын ұңғылауға, жасауға кеткен ғаламат жұмыс тек айтуға ғана жеңіл. Міне, ғасыр құрылысы атанған ғаламат дүние ел игілігіне айналды.
– Президентіміз іске қосқан «Мойнақ» толыққанды жұмыс істеп тұр. Мұнда жүзге тарта адам еңбек етеді. ГЭС-тегі 2 су агрегаты іске қосылғалы бері 452 миллион квт. сағат электр қуаты өндірілді. Бұл Отанымыздың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылған үлкен үлес, – деді бізге Мойнақ ГЭС-і бас инженерінің орынбасары Нәби Серікбаев.
...Білте шамның жарығымен жұбанатын кезең өтті. Бүгінде әр үйде самсаған сәуле. Мұқым техниканың жетістігі де осы қуат көзіне тәуелді. Сол қуатты өндіріп, елді мекендерді жарықпен қамтамасыз ету жолындағы жұмыстың маңыздылығын Мойнаққа барғанда шындап түсіндік.
Қазақ шамның сәулесін нұрға теңеген ғой. Бүгіні сәулелі елдің болашағы нұрлы. Лайым, солай болсын!
Қанат БІРЖАНСАЛ
Алматы облысы,
Райымбек ауданы
КЕРЕК ДЕРЕК:
Мойнақ су электр стансасындағы 2 су агрегатынан жылына 1,027 млрд кВт
сағат электр энергиясы өндіріледі. Жобаны іске қосуға жалпы
54, 1 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Өндірілген энергияны сатудан 1,790 миллион теңге түсім түседі деп болжанған.