• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2016

Желтоқсан құрбандарына арналды

219 рет
көрсетілді

Петропавлда волей­бол­дан Желтоқсан оқиғасы­ның құрбаны Нұржан Қалиас­қаровты еске түсіруге арнал­ған турнир болып өтті. Батыр оғлан Алматыда өзі қатарлы студенттермен бірге алаңға шығып, кеңестік өктем сая­сатқа наразылық білдір­ген. Қамауға алынып, ұрып-соғыл­ған. Оқудан, комсомолдан шығарылған. Кейін ауыр дене жарақаты асқынып, 25 жасында қайтыс болған. Турнир өскелең ұрпақ бойына елді, жерді, Отанды сүю сезімдерін дарыту мақ­сатын көздеді. Оған «Жел­тоқсан» қоры, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мұрындық болды. Жарыстың ашылу салтанатында мемлекеттік гимн ойналып, Желтоқсан боздақтары рухына тағзым етілді. Рес­пуб­ликалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық ұйымы жер­гілікті бөлімшесінің төрағасы Боташ Қажымов, мар­құмның ағасы Нұрлан сөз сөйлеп, ақиқатынан гөрі ақ­таңдағы басым кезең жайлы, желтоқсаншылардың ерлік істері туралы ой тербеді. Соңынан өңірдің әр жерінен жиналған 18 команда екі топқа бөлініп, жа­рыс­ты қыздырды. Нәти­жесінде, үздік ойын өр­негін көрсеткен бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қоры меке­месі, «Әл-Фараби» ли­цейі, облыстық ішкі істер департаменті және «Остров» командалары финалдық сайысқа жолдама алып, негізгі тартыс осы төрттіктің ара­сында өрбіді. Азулы қар­сыластың бірі саналған Пет­ропавл классикалық гимназиясын 2:0 етіп тізе бүктірген тәртіп сақшыларының бәй­гені шаппай алатыны туралы болжам расталмады. Олар­дан әлфарабиліктер басым түсіп, бірінші орын алды. Ос­тровтықтарды ұтқан зей­нет­ақы қорының сайып­қы­рандары үшінші орынға жайғасты. Жеңімпаздар мен жүл­дегерлерге құрмет грамоталары, ескерткіш медальдар, ба­ғалы сыйлықтар табыс етілді. – Қазір Астанада жұмыс істеймін. Биыл өзім оқыған «Әл-Фараби» мектеп-лицейі командасы сапында өнер көрсе­туге бел байладым. Мәсе­ле марапатта емес. Ең бас­тысы – Тәуелсіздік үшін өшпес із қалдырған өндір­дей жастар қандай құрметке де лайық екенін сездіру. Сонымен қатар, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақ­стан мемлекеттік универ­ситеті құрамында бұл турнирге талай жыл қатысқан әкем­нің жолын жалғастыруды жөн көрдім, – дейді елордадан арнайы келген Дулат Рсатаев. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» ПЕТРОПАВЛ