Целиноград ауданындағы «Родина» ауылының мектеп оқушылары қуаныш құшағында. Мұнда жұмыс техникасы кабинетінің таныстырылымы өткізілді. Бұл тамаша да аса пайдалы тәлім ордасын барлық қажетті жабдығымен «Родина» Агрофирмасының» директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр тарту етті.
Жаңа жұмыс техникасы кабинетінде оқушылар физика, информатика, математика, тағы басқа пәндер бойынша өздерінің білімдерін заманалық талаптар деңгейінде жетілдіруге мүмкіндік алады. Мәселен, математика бойынша бағдарламалар түзу арқылы алгоритмдер сырына қанығуға, информатика саласында күрделі бағдарламаларға бойлауға болады. Сондай-ақ, ауыл балалары жоғары технологиялық жүйелер сырын ұғынып, игі армандарына жол салатыны да анық.
Ауыл балаларының қуанышына жергілікті тұрғындармен бірге Парламент Мәжілісінің депутаты Юрий Тимошенко, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Тәткеев те ортақтасып, заманалық білім жолында табыстар тіледі.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы