Ресейдің курортты Сочи қаласында шахматтан мектеп оқушылары арасында әлем чемпионаты болып өтті. Онда қазақстандық Меруерт Камалиденова (суретте) қола жүлдегер атанды.
Чемпионатқа әлемнің 30 елінен 400-ден астам жас спортшы қатысты. Ол 7, 9, 11, 13, 15 және 17 жастағы ұлдар мен қыздарды бәсекеге түсірді. Астана қаласының мектеп оқушысы Меруерт Камалиденова 11 жастағы қыздар арасында сынға түсті. Швейцар жүйесімен 9 турдан тұратын тәртіппен өткен додада ол 6,5 ұпай жинады. Ал 7,5 ұпайы бар үндістандық П. Дхаяна – бірінші, 7 ұпайлы ресейлік Е. Насырова екінші орындарды жеңіп алды.
Біздің жас зияткерлеріміз арасында мәреге Назерке Нұрғали (13 жас) – төртінші, Айалым Қалдарова (9 жас) – бесінші, Рамазан Жалмаханов (15 жас) – алтыншы, ал Әділ Сатыбалды (7 жас), Елена Слесарук (17 жас) және Темірлан Сафарғалиев (17 жас) тоғызыншы болып жетті.
Сочидің «Гранд Отель Жемчужина» мейманханасында қанат жайған чемпионатта өзбекстандық А.Хмадамова мен моңғолиялық Н.Содбилегт (7 жас), әзербайжандық С.Гасимова мен ресейліктер Л.Лысцов (9 жас), И.Маковеев (11 жас), америкалық Н.Башкански мен өзбекстандық Н. Абдусатторов (13 жас), үндістандық А. Харшини мен ресейліктер О. Быков (15 жас), А.Дмитриева мен түрікменстандық С.Атабаев (17 жас) топ жарды.
Турнирде барлығы 4 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған Ресей құрамасы бірінші орынға шықты. Мұндай чемпионат әлемде 2000 жылдан бері өтіп келеді. Онда чемпион атанып, жүлдегерлер тұғырынан көрінген қазақстандық жас шахматшылар аз болған жоқ.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА