• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2016

Ұзынағаш. Қырбық қар. Көкпар...

353 рет
көрсетілді

Жыр алыбы Жамбыл атындағы ауданда Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы құрметіне арналып қазақтың ұлттық ойыны – көкпар тартылды Ұзынағаштың күнгейінде «қиқу» салған жүз қаралы кісі әп-сәтте аппақ қардың боз-боранын шығарды. Ауыздығымен алысқан арғымақтар танауынан бу бүркіп, құлақшынын баса киген апайтөс жігіттер «атой» салды. «Қазақтың қаны қызу көкпар десе» дегендей-ақ, жиналған қауымның делебесі қозып, айызы қанды-ай! Тіпті талайлар қыстың күні де күздегідей көкпар ойыны болатынына да таңдана алмай қалды. Алматы облыстық «Кәсіпқой» ұлттық спорт клубының директоры Орынтай Әмірғалиев қыстың көзі қыраудағы көкпар додасы туралы ойын былай бөлісті: – Сезімтал жануарлардың ащы терін алып қырбық қардың үстінде бұлайша додаға түсіп, тартқан көкпарымызды тәуелсіз еліміздің ширек ғасырлық мерейтойына арнадық. Алаңға шыққан барлық ат мұнда жылы киіндірілген күйде, жайлы көлік­пен жеткізілді. Одан нағыз спорт­шыға спорт аренасында көрсетілетін қамқорлықтан ешбір айырмашылық байқамайсыз дер едім. Қазақтың жаны жылқымен бір, өздеріңізге мәлім, сондықтан да жануардың қиналып қалмауы үшін бар жағдай жасадық. Ең бас­тысы, мұндай қыс көкпарын біз бірінші рет өткізіп отырғанымыз жоқ... Ұзынағаштағы ат тұяғының дүбірін алдын ала алыстан құлағы шалған тараздық «Әулиеата» көкпаршылар командасы да қол қусырып қарап жата алмапты. Қазақстан көкпарының әлденеше дүркін чемпионы атағын жеңіп алған команданың жетекшісі – ат бапкері Нұрдәулет Момынов: – Біз үшін еліміздің тәуелсіз­дігінен асқан мереке бар ма? Ұзынағаштық бауыр­лары­мыздың – атақты атбегі Орын­тай Әмір­ғалиевтің шақы­руын құп алып, арғымақтарды үш «КамАЗ»-ға тиеп жеткеніміз осы, мере­ке құт­ты болсын, ағайындар! – деді. Спортшыларды Жамбыл аудандық «Нұр Отан» партия­сы тө­рағасының орынбасары Жұмабек Шажабаев құттықтап, салымның мол болуын тіледі. Айтса айтқандай, барлық салым салушы көкпаршы өзіне лайықты сыйлығын алды. Спортшылардың ешқайсысы да марапаттан құр қалмады. Ең бастысы, жиналған спортшылар да, көрермен қауым да егемендік мерекесінің шынайы мәнін түсінді. Ауданға ғана емес, күллі рес­пуб­­ликаға есімі өте-мөте танымал атбегі Орынтай Әмірғалиевтің Ұлт ме­рекесіне арнап шашқан шашуына жұртшылық алғысын жаудырып, көңілдерін сергіткені үшін рахмет айтты. ...Қырбық қардың үстінде ат тұяғы тайғанамады. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»  АЛМАТЫ Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ