• RUB:
    5.04
  • USD:
    487.42
  • EUR:
    531.39
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2016

Мақсат – қандастарды оқуға әзірлеу

210 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің «Foundation» факультетіне білім алуға 2014 жылдың қазан айында 50 тыңдаушы жас келсе, биылғы оқу жылында даярлық бөліміне 78 тыңдаушы қабылданыпты. Ал «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы өткізген кездесуде Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан келген студент жастар оқу бітірген соң ата-бабаларының қасиетті жерінде қалып, қызмет етіп, ұрпақ өсіруді мақсат ететіндерін айтты. Жалпы, «Foundation» фа­культеті 2012 жылдың қыр­күйегінде Болон үдерісінің негізінде жаңа форматта білім беру бағытында құрылды. Факультет деканы Сәуле Кі­сембаеваның айтуынша, бас­ты ерекшелігі – еліміз үшін б­әсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім алушылар­ды дайындық курстары ар­қылы кешенді тестілеуге даяр­лықтарын тереңдету, шетелдік қазақ диаспорасының өкіл­дерін, оралмандар мен шетел азаматтарына тілдерді оқыту, қазақстандық білімге бейім­деу. 2014 жылы білім алған тыңдаушылардың 29-ы еліміздің жоғары оқу орында­рына түсіпті. Қа­зір­гі кезде факультетте шет­елдік қазақ студенттері, күн­дізгі дайын­дық курстағы тың­даушылар, қа­шықтықтан білім алушылар, базалық сы­нып оқушылары, кешкі дайындық курстардың тың­даушылары білім алады. Факультет Елбасының қол­дауымен «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мем­лекеттік бағдарламасы» аясында ашылды. Бағдарлама қазақ диаспорасы өкілдері мен оралмандар үшін жалпы білімнің дайындық деңгейін арттыру мақсатында және оларға жоғары және орта кә­сіп­тік оқу орындарына тү­суге қажетті жағдайды жасау мақ­сатын көздейді. Шетелден келіп білім ал­ғы­сы келетін қазақ жастарын бауырмалдықпен қарсы алып, олардың өз елінде өгей­­сімей, ата-бабаларының жерінен өз орындарын тауып, атамекендерінде қалуларына С.Торайғыров атындағы университет пен «Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығы» рес­публикалық қоғамдық бір­лестігінің облыстық филиалы ерекше қызмет жасауда. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР