• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2016

Сәбилер сәнді ғимаратта тәрбиеленеді

243 рет
көрсетілді

Ұлытау ауданына қарасты Жезді кентіндегі «Айгөлек» балабақ­шасы мұнда келетін сәби­лер санының күрт өсуінен ғимарат тапшылығын көріп жүр еді. Осы мәселені шешу үшін өткен жылы республикалық бюджеттен осы елді мекендегі ескі қонақ үйді күрделі жөндеуден өткізуге 80 миллион теңге қаражат бөлініп, мердігер «Олжа KZ» ЖШС іске кірісті. Құрылыс фирмасы дегенінде тұрып, ескі қонақжайды адам танымастай әдемі етіп жөндеп, әсем де жи­нақы балабақша ғимаратын ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында пайдалануға берді. Қос қабатты, жалпы аумағы 650 шаршы метр болатын жаңа балабақша ғимараты 75 балаға арналған. Үш топта тәрбиеленетін сәбилерге арналып жабдықталған музыка залы, ойын алаңдары, спорттық корт жұмыс істейді. Балабақшаның барлық бөлмелері отандық өндірістің тамаша жиһаздарымен, басқа да керек-жарақтармен толық қамтамасыз етілген. Мекеме дербес жылу жүйесімен жылытылады. Жаңа ғимараттың ауласында да арнайы спорт, ойын алаңқайлары бар. Балабақшада қазір 18 педагог еңбек етуде. Олардың бәрі де тиісінше біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Балғындарға сабақ заманауи бағдарламалар бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. «Айгөлек» балабақшасының жаңа ғимараты балалар мен ата-аналардың қуанышына айналумен қатар, Жезді кентінің де шырайын кел­тіріп тұр. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы