Қазақстанға келетін әрбір туристің екіншісі Алматыға соқпай кетпейді десек те, Универсиада күндерінде елге келген қонақтардың әрбір күнін әсерлі ете алатындай оңтүстік шаһарда қандай көрікті орындар бар? Алысын айтпағанда, ұлан-байтақ Қазақстанның әр шалғайынан студенттік аламанды тамашалауға келетін отандастарымыздың саны қаншалықты болады? Бұл – қазір алдағы күндері өтетін жарыстардың жарты мәселесі.
Өткен аптада Алматыда Универсиада 2017 нысандарына туристік нарыққа қатысып отырған компаниялардың өкілдері үшін ақпараттық саяхат ұйымдастырылды.
Мереке қарсаңындағы маңызды шараға Дүниежүзілік қысқы Универсиада 2017 дирекциясы Қазақстан туристік қауымдастығын тартты.
Ақпараттық саяхат Дүниежүзілік қысқы Универсиада жарыстары өтетін «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортын, «Медеу» спорт кешенін, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенін, Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайын, «Алатау» шаңғы және биатлон кешенін, «Табаған» спорт-ойын-сауық кешенін, «Алматы Арена», «Халық Арена» сияқты 8 нысанды қамтыды.
Бұл шара елімізде туристік ахуал орнатып отырған нарық ойыншылары әрбір нысанды көріп, қандай туристік қызмет ұсына алатынын екшеуге септесері анық.
Қазақстан туристік ассоциациясының президенті Рашида Шайкенованың айтуынша, Универсиада күндерінде Алматыға сырттан келетін шетелдік туристерден бөлек, еліміздің түкпір-түкпірінен келетін қонақтар қатары да көбейеді. Осыған орай, туристік агенттіктер спорттық нысандарды Алматы қаласы мен облысы бойынша экскурсиялық турларға қосады. Қазірдің өзінде Универсиада нысандарын аралап шығуға арналған «Спорттық Алматы» атты экскурсиялық тур жасалған.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ