2017 жылы Алматы қаласында өтетін XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадада Қазақстанның фристайлдан студенттік құрамасы да басты үміткерлер қатарында саналады.
Қазір еліміздің фристайлшылары осыған орай дайындық жұмыстарын жоғары деңгейде өткізіп жатыр.
– Қазіргі таңда фристайлдың могул түрінен Юлия Галышева мен Павел Колмаков Швейцарияда жаттығып жүр. Ал Дмитрий Рейхерд пен Дмитрий Бармашов шетелде өткен жаттығуларын аяқтап, жақында ғана елге оралды. Барлық спортшыларымыз келер жылы өтетін үш маңызды сайысқа дайындалуда. Атап айтқанда, бұл – Универсиада, Азия ойындары және Әлем чемпионаты. Біздің мақсатымыз – өз елімізде өтетін додада үздік нәтиже көрсету, – деді фристайлдан Қазақстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Қазбек Иманғали.
Оның айтуынша, фристайлдың могул, акробатика, ски-кросс түрінен Универсиада ойындарында біздің спортшылар бірнеше медальға қол жеткізе алады.
– 2015 жылы өткен қысқы Универсиадада фристайлдың могул түрінен екі алтын медаль алғанбыз. Сол жетістікті келер жылы да қайталауға күш саламыз. Галышева мен Колмаковтың алтын тұғырдан көрінуге мүмкіндіктері мол. Ал фристайлдың акробатика түрінен Жанбота Алдабергеноваға сенім артып отырмыз. Сондай-ақ, ски-кросс шеберлері де Қазақстан қоржынына медаль салуға мүмкіндігі бар, – деп атап өтті Қ.Иманғали.
Айта кету керек, қазақстандық фристайлшылар 2017 жылғы XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дейін Финляндия, Канада, АҚШ-да өтетін Әлем кубогының кезеңдеріне қатысады.