Алматыда 2017 жылы өтетін ХХVІІІ қысқы Универсиада ойындары жақындаған сайын оны өткізетін дирекцияның жұмысы қыза түсті.
Енді қырық күнге жуық уақыттан кейін күллі әлем көз тігіп, құлақ түретін дүбірлі доданы ұйымдастыру жұмыстарына тартылған түрлі сала мамандары да сол күнге жан-жақты дайындалу үстінде. Бүгінде Универсиада дирекциясында 217 маман жұмыс жасап жатыр. Олар көзге көріне бермейтін ұсақ-түйек қағаз толтырудан бастап, алдын ала қонақтарды қарсы алу, жайғастыру кестесін дайындау, спортшылар мен басқа да мәртебелі қонақтарды тасымалдау, тамақтандыру мәселесін ұйымдастыру, шақыру билеттерін жіберу сияқты жұмыстарды бастап кеткен.
– Күнде әйтеуір бір шаралар өтіп жатады. Барлығына үлгеру керек. Біз қазір күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Тіпті, бізде демалыс деген жоқ. Былайша атқанда, Универсиада біз үшін басталып кетті, – деді Универсиада дирекциясының мүшесі Рауан Оқас.
Дирекция мүшелерінің көпшілігі жастар болып отыр. Соған қарамастан, араларында тәжірибелі мамандар да баршылық.
– 2008 жылы Алматы қаласында алғаш рет Бейжің алауы эстафетасы өтті. Сол алаудан бастап Азиада алауында жұмыс атқарған және Қазан қаласындағы эстафета алауында консультант болған мамандар да жұмылдырылды. Содан бері жұмысты ұштау ұдайы жүргізіліп келеді, – дейді Универсиада дирекциясы директорының орынбасары Дидар Сағадиев.
Универсиада дирекциясының басшысы Наил Нуровтың айтуынша, еріктілердің де еңбегі ескерусіз қалмайды. Қазір олардың қатары 14 мыңға жетіпті. Енді іріктеу жұмыстары жүргізіліп, 3 мың ерікті таңдап алынады.