• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2016

Ел игілігіне – төрт нысан

186 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік тәу етер тұғырымыз екені айдай шындық. Сондықтан бұл күнге әркімнің таралғылы тартумен келуге ықыласты екені сөзсіз. Өңірде осы бір қастерлі де қасиетті күні көптеген игі шаралар жүзеге асты. Соның бірі де бірегейі «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығының ашылуы дер едік. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бізге әр баланың құқық­тарын қорғауды қамтамасыз ету міндетін қойды. Бүгінде елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 3 мыңнан астам жас тұрады. Жыл сайын оларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан 50-60 пәтер бөлінеді. Тұрғын үймен қамтамасыз етуді арттыру  үшін өңірде жетім балаларды мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдайтын кешенді бағдарлама қабылданды, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Өңір басшысының бастамасымен жүзеге асырылған әлеуметтік жобаға «Сәби» қайырымдылық қоры 4 миллиард теңге қаржы бөлді. Маңызды нысанның ашылуына қордың құрылтайшысы, Қазақстанға белгілі меценат Кеңес Рақышев арнайы келді. Өңір басшысы  «Сәби» қайырымдылық қоры мен Кеңес Рақышевқа осындай ауқымды және маңызды жобаны жүзеге асырғандары үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде Кеңес Рақышев алдағы көктем айында орталықтың аумағы толықтай абаттандырылып, спорт алаңдарымен жаб­дықталатынын жеткізді.  «Мейірім» жас­тарды әлеуметтік бейімдеу орта­лығында ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған  80 жастың әрқай­сысы жеке пәтерге ие болады. Мұндай жағдай Ақтөбе қаласында жұмыс жасап тұрған Жасөспірімдер үйінде де мүмкін болмаған  еді. Бір пәтердің жалпы аумағы 40 шаршы метрді құрайды. Жайлы баспана қажетті коммуникациямен және жиһаздармен жабдықталған. Жасөспірімдер үйімен са­лыстырғанда жастар мұнда 23 жасқа дейін емес, 29 жасқа дейін тұра алады. Осы уақыт аралығында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы өз баспаналарын сатып алу үшін жеткілікті қаражат жинауларына мол мүмкіндік бар. Әлеуметтік үйде даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттардың түлек­тері де тұратындықтан, тұрғын үй ғимаратының жанынан оларға ең­бек етіп, жалақы алуға мүмкіндік беретін шағын цехтар салынған.  Қазіргі таңда шаштараз, аяқ киім жөндеу және киім тігу цехтары жаңа жұмысшыларды қабылдауға дайын. Әлеуметтік үй  тірек-қимыл аппаратының бұзылуын реттейтін жаттығу құрылғылары бар емдік денешынықтыру залымен қамтылған. Тәуелсіздік күні шаһардың «Батыс» шағын ауданында «Құлагер» мемлекеттік балабақшасы да өз есігін айқара ашты. Аумағы 5,2 мыңнан астам шаршы метр болатын екі қабатты ғимаратқа 320 бүлдіршін баратын болады. Айта кету керек, 320 орындық мектепке дейінгі мекеме «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ашыл­ған 33-ші балабақша. Оны салуға 433 миллион  теңге бөлінген. Өңір басшысы көліктік-логисти­калық орталықтың ашылуына да қатысты. Көліктік-логистикалық орта­лықтың басты артықшылығы оның, әсіресе, жаһандану жағдай­ын­да маңызы артқан қолайлы эко­но­микалық-географиялық жағ­дайымен байланыстырылады. Нысанда тауарды тиеп, түсіретін темір жол торабы бар. Орталық  жылына 70 583 тоннаға дейін жүк қабылдап, өңдемек. «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасы аясында «Бектұрова Ж.А» жеке кәсіпкерлігіне орталық құрылысы үшін пайыздық мөлшерлеме мен субсидиялау түрінде  550 миллион теңге және құрал-жабдықтар сатып алуға 2070 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. Тәуелсіздік күні аумағы 16 000 шаршы метрді құрайтын «Шебер» гипермаркеті де ашылды. Аталған жобаны қаржыландыруға 2,5 миллиард теңге бөлініп, 260 жұмыс орны ашылған. Жобаны жүзеге асыру барысында мемлекеттік қолдау аясында құны 630 миллион теңге болатын құрал-жабдықтарды сатып алып, айналымдағы қаржыны толтыру үшін несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша жағдайлар жасалды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ Суретті түсірген Хайреден РАУШАНОВ