Ақтаудағы «ҚазАзот» ЖШС елімізде азотты минералды тыңайтқыштардың 90%-ын өндіретін ірі кәсіпорын болуымен ерекшеленеді. Кәсіпорынның еліміздің индустрияландыру бағдарламасы мен отандық тауарларды сыртқы нарыққа шығару бағытындағы үлесі де зор. Өндірген өнімінің маңыздылығына орай «ҚазАзот» кәсіпорнында жаңғырту, жұмыс қарқындылығын арттыру мақсатындағы жұмыстар алдыңғы кезекке қойылған. 2012-2014 жылдары үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорын мен цехтарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп, «Шағырлы-Шөмішті» газ өңдеу кен орнының жобасы сәтті жүзеге асырылды. Былтыр табиғи газды өнеркәсіптік жолмен өндіру басталды. Биыл кәсіпорында газды-поршенді электр стансасы іске қосылды.
– 2015-2019 жылдарға арналған Индустрияландыру картасына технологияларды жаңғырту бойынша «ҚазАзот» ЖШС жобасы кірген болатын. Ол 3 кезеңнен тұрады, соның бірі – газды-поршенді электр стансасын іске қосу. Аймақ үшін бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуы, экономиканы әртараптандыру, индустрияландыру мен облыстың экспортты әлеуетін дамыту болып табылады, – деді өңір басшысы А.Айдарбаев.
Жұмысы қауырт бола тұра, бұған дейін қуат көзін өзге мекемеден алып келген кәсіпорын енді электр қуатына қатысты тәуелділігін жойды, демек шығын азайып, есесіне жұмыс қуаттылығы арта түсетін болады. Стансаның құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтаған ресейлік «Звезда-энергетика» АҚ-тың бас директоры А.Андреев қуаттылығы мен техникалық жағынан толық қамтылған жобаның заманауи стандарттарға сай екендігін айтты.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Суретті түсірген
Серік МАЙЕМЕРОВ