Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөндірістік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуде. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жаңа бағдарлама шеңберінде фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі шаралары жөнінде әңгіме қозғалды.
Шараға Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Алмабек Марс және аталған министр-
ліктің Ветеринариялық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Олжас Аусабаев қатысты.
АӨК мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы жануарлар ауруының алдын алу және зиянды ағзалармен күрес бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
«Республика аумағында дұрыс ветеринарлық және фитосанитарлық ортаны қамтамасыз ету үшін министрлік зиянды ағзалармен күрес және жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекараларына шығарылатын және республика аумағына әкелінетін импорттық өнімдердің фитосанитарлық және ветеринарлық талаптарға сәйкестігіне тұрақты бақылау жүргізіліп отыр», – деп атап өтті А.Марс.
Оның айтуынша, жаңа мемлекеттік бағдарлама шеңберінде фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі шаралары фитосанитария саласындағы мемлекеттік қызметтердің нормативтік негіздерін, зиянкестермен күрес әдістерін жетілдіруге, фитосанитарлық қорғау сұрақтарында ауыл шаруашылығы құрылымдарын қорғау шараларын және олардың жерді оңтайлы пайдалануда жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ фитосанитария және басқа да салаларды бақылау сұрақтары бойынша шет мемлекеттермен қарым-қатынасты бекітуге бағытталған. Сонымен қатар, бағдарлама шеңберінде зертханалардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін және фитосанитарлық бақылау посттарын халықаралық талаптар деңгейіне дейін жеткізу көзделген.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»