Күн батареяларын орнатпақ
Француздың Total мұнай-газ компаниясы таяудағы 5 жылда өз иелігіндегі 5 мың жанар-жағармай стансасына күн батареяларын орнатпақ. Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, жобаның жалпы құны 300 миллион доллар тұрады екен. Мамандардың есептеуінше, орнатылатын күн батареялары арқылы өндірілетін электр қуаты 200 мың тұрғыны бар қаланы толық қамтамасыз ете алатындай қуатқа тең. Осы жаңалық арқылы Total электр қуатына кететін шығындарды жыл сайын 40 миллион долларға үнемдемек. Le Figaro басылымының хабарлауынша, қазіргі уақытта Total-дың әлемнің әр түпкірінде орналасқан 16 мың жанар-жағармай стансасы бар. соның 5 мыңына күн батареялары орнатылмақ. Бұл стансалардың 800-і Францияның өзінде орналасса, 2,5 мыңы Африка құрлығында екен.Керемет конденсатор
АҚШ-тың Орталық Флорида университетінің ғалымдары алдағы уақытта ұялы телефондар, электромобильдер және баса да электронды техникаларға орнатылып жатқан батареялар мен аккумуляторларды ауыстыра алатындай конденсаторлар жасап шығаруға кірісті. Бұл жаңа аккумулятордың кереметтігі сонда, ол 1 секундтың ішінде қуатталып, апта бойы жұмыс істей алатындай қабілетке ие екен. Былайша айтқанда, кәдімгі литий-ионды аккумуляторларға қарағанда, 20 есе артық жұмыс істей алады. Оның үстіне кәдімгі батареялар 1,5 мың қуаттау циклына жараса, жаңа балама 30 мың қуаттау циклына төтеп бере алады екен. Бұл жаңа аккумулятордың негізін өз бетшесінде электрондардың үлкен санын сақтай білуге қабілетті графен құрайды. Оның үстіне мұндағы электр қуаты химиялық реакциялар арқылы жұмыс істейтін литий-ионды аккумуляторға қарағанда мүлдем басқа қағидаттар бойынша әрекет ететін көрінеді. Қазіргі нанотехнологиялар жетістігі нәтижесінде пайда болған бұл жаңа аккумулятордың көлемі мен салмағы да дәстүрлі баламалардан әлдеқайда шағын көрінеді.Жел қуатын пайдаланады
Microsoft компаниясы АҚШ-тың Канзас және Вайоминг штаттарындағы жел электр стансаларынан 237 мегаватт электр қуатын сатып алу жөнінде келісім жасады. Әзірге келісімнің қаржылық көлемі құпия ұсталуда. Дегенмен, Microsoft-тың бас заң кеңесшісі Бред Смидтің мәлімдеуінше, жыл соңына таман компанияның өндірістік орталықтарында пайдаланатын электр қуатының 44 пайызы жел мен күн және су көздері арқылы алынатын болады. Ал енді 2 жылдан кейін бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін жетеді. Қазіргі күні Microsoft 20 мегаватт күн және 285 мегаватт жел энергиясын пайдалану жөнінде келісім жасасқан. Bloomberg New Energy Finance басылымының болжамы бойынша, 50-ге жуық америкалық компания 2025 жылға дейін жалпы жиынтығы 17,4 гигаватт қуатты жел мен күн энергиялары арқылы алу жөнінде келісімдер жасасатын болады. Мұның өзі жаңғырмалы қуат көздеріне иек арту алдағы уақытта күшейе түсетінін білдіреді.Жел энергиясы қондырғыларын шығармақ
Батыс Қазақстан облысындағы «БатысЭнергоПром» ЖШС қуаттылығы 2 кВт-ға дейін жететін жел энергиясы қондырғыларын шығару ісін өнеркәсіптік желіге көшірмек. Жел қуатын өндіруге лайықталған бұл құрылғы шопандар мекендері мен саяжайларды энергиямен қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар, кәсіпорын базасында күн қуатын өндіретін құралдар шығару жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әзірге сынақ негізінде шығарылған күн энергиясы жүйесі үстіміздегі жылы Ақжайық ауданындағы «Мұқас» шаруа қожалығының өндірістік базасында жұмыс істеп тұр екен. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»